Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. Президент тапсырмасына сәйкес автожол саласын реформалау жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы құрылды, деп хабарлады Үкімет.
Жұмыс тобына жол құрылысының қолданыстағы жүйесі мен оның сапасын бағалау тәсілдерін қайта қарау, стандарттар мен құрылыс нормаларын жаңарту міндеті жүктелді.
"Саланы басқарудың жаңа тетігі, оның ішінде цифрлық шешімдерді де ескере отырып, жол инфрақұрылымын жақсартуға, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталады", - деп жазылған хабарламада.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары басқаратын жұмыс тобына көлік, өнеркәсіп және құрылыс, қаржы, ішкі істер, экология және табиғи ресурстар, энергетика министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокурорының орынбасары, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК, "ҚазжолҒЗИ" АҚ, "Мемсараптама" РМК, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары мен Құрылтай депутаттары кірді.
Премьер-министр осы жылдың 1 желтоқсанына дейін автожол саласын түбегейлі реформалау бойынша, оның ішінде заңнамалық шараларды қамтитын ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.