Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
О.Бектенов жоба құны нақты бекітілгенін, бағасының өсуіне жол берілмейтінін баса айтты.
«Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындары тарапынан «Алматы – Қаскелең» жолындағы көлік қозғалысының жоғары жүктемесіне қатысты айтылып жүрген шағымдарға назар аударды. Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма берді. Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмысын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуға тиіс», деді О.Бектенов. «Жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алынатын жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін олардың құнын кешегі, 14 шілдедегі жағдай бойынша белгілеу қажет», деп атап өтті Үкімет басшысы.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматыдан Қаскелең қаласына дейінгі автожол учаскесінің 8 шақырымдық бөлігін 8 жолаққа дейін кеңейту жобасын ұсынды. Жобаны қаржыландыру Қазақстанның Даму банкі арқылы жүзеге асырылады. Екі жолайрық пен 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, аталған учаскенің өткізу қабілеті 2 есе артады. Құрылыс жұмысы жоспарға сай 2027 жылдың желтоқсанында аяқталып, пайдалануға беріледі.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, мегаполиске күн сайын 300 мың автокөлік кіреді. Қала ішіндегі автокөліктерді қоса есептегенде, жол қозғалысының жалпы көлемі 1 миллионнан астам көлікті құрайды. Алматы – Қаскелең автомобиль жолы Алматы агломерациясындағы ең қарқынды қозғалыс жүретін жол учаскесінің бірі. Бұл жолдағы қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 60 мың автокөлікке жетеді. Сондай-ақ Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы туралы баяндалды.
Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан ұзындығы 32 шақырым болатын балама жол салу жұмысын бастау жөнінде баяндады. Бұл жоба Алматы – Қаскелең тас жолына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды жүзеге асыру бағытында Алматы қаласы мен Алматы облысында жер мәселелерін шешу жұмысы соңғы сатыда тұр.
Сонымен қатар Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды. Алматы – Есік, сондай-ақ Алматы – Талғар бағыттарындағы автожол жобалары қаралды. Рельсті көлік пен Алматы метрополитенін дамыту бағытындағы жұмыс та
қамтылды.
О.Бектенов Алматы агломерациясының көлік байланысы мәселелерін кешенді шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.