Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АЛМАТЫ, 9 мамыр – Sputnik. Семей қаласында 22 жастағы студент Нұрасыл Жаңабаев өндірістік жарақат салдарынан қолынан айырылды. Ол болған оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Жаз мезгілінде студенттер мен оқушылар қосымша табыс табу үшін жұмысқа орналасады. Мұндай кезеңде арзан жұмыс күшін іздейтін жұмыс берушілер де көбейеді.
Нұрасыл Жаңабаев та отбасына көмектесу үшін жаз сайын жұмыс істеп жүрген. Алайда биылғы еңбек жолы ауыр оқиғамен аяқталды.
"Оқиға 26 мамыр күні кешкі сағат 20:30 шамасында болды. Бұл үлкен кәсіпорын емес, пеноблок шығаратын шағын өндіріс орны. Өткен жазда да осы жерде жұмыс істедім, ал биыл екі айдай еңбек еттім", – дейді ол.
Өткен жылы Нұрасыл жүк тасушы болып жұмыс істесе, биыл өндірістік құрылғыға цемент құйып тұратын қызметке ауысқан.
"Аппараттың үстінде тұрып цемент салып жатқанда аяғым тайып кетіп, қолым механизмнің ішіне кіріп кетті. Қолымды жұлып алып шықтым", – деп еске алды студент.
Жас жігіттің қолы аппараттың ішінде қалып қояды.
"Маған жұмыс берген басшы көмектесетінін айтты. Қазір протез қол орнатсам деген ойым бар", – дейді Нұрасыл.
Оның айтуынша, сол күні әріптестері жұмыс уақытын аяқтап, үйге қайтуды ұсынған.
"Әріптестерім "жүр, кеттік" деп шақырды. Бірақ мен жұмысты аяқтап кетейік деп қалып қойдым. Күніне 10–12 мың теңге табатынмын. Өзім сияқты жастарға айтарым – қауіпсіздік техникасын толық меңгермей жұмысқа кіріспеңіздер. Ақша табамын деп денсаулықтан айырылып қалуға болмайды", – дейді ол.
Туыстарының айтуынша, жігіт қолын дер кезінде шығарып үлгермегенде, оқиға одан да ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді.
Нұрасылдың анасы Гүлнәр Қамажанова ұлы жұмыс істеген орынды көргенде қатты шошығанын айтады.
"Нұрасылдың қолын жұлып кеткен аппаратты көргенде жаным түршікті. "Балам осындай құрылғыда жұмыс істеп жүрген бе?" деп жағамды ұстадым. Денсаулығы әлі толық қалпына келген жоқ, қолының орны ауырып, сыздайды. Ақылы оқуын төлеу үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген еді", – дейді анасы.
Нұрасыл жақында 22 жасқа толған. Ол Әлихан Бөкейхан университетінің дене шынықтыру мамандығында білім алып жүр.
"Университет басшылығына алғысым шексіз, қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр. Ал жұмыс орнының басшысын кінәлап, сотқа берейін деген ойым жоқ. Өзі де жас жігіт, үш баласы бар. Көмектесетінін айтып отыр. Дегенмен кез келген жұмыс беруші қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы керек. Адам өмірі ойыншық емес қой", – дейді Гүлнәр Қамажанова.
Отбасының айтуынша, заманауи қол протезінің құны шамамен 20–25 миллион теңгені құрайды. Сондықтан студентке қаржылай көмек қажет.
Нұрасылдың болашаққа жоспары көп. Сондай-ақ сүйікті қалыңдығы да бар. Оның айтуынша, бойжеткен оқиға болған күннен бері жанынан табылып, қолдау көрсетіп келеді.
© Photo : Айдана ДайыроваНұрасылдың қалыңдығы оқиға болған күннен бері қолдау көрсетіп келеді
Нұрасылдың қалыңдығы оқиға болған күннен бері қолдау көрсетіп келеді
© Photo : Айдана Дайырова
Қазіргі уақытта Абай облысының еңбек инспекциясы оқиға болған өндіріс орнында тексеру жүргізіп жатыр.
"Осы жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеу тағайындалды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісі дайын болғаннан кейін жиналған материалдар құқық қорғау органдарына жолданады", – деп мәлімдеді еңбек инспекциясы.