Аяқты “жөндеу“ немесе дәмді тамақтану: бүйрек жеткіліксіздігі қанша “тұрады“?

28.09.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Қазақстанда созылмалы бүйрек ауруы дендеп барады. Ал онымен күресуге тиіс денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру бұл қарқынға ілесе алмай отыр. кейінгі бес жылда осы диагноз бойынша диспансерлік есепте тұрған азаматтардың саны екі есеге жуық өскен. Ал мемлекет гемодиализге, дәрі-дәрмек пен ағзаларды трансплантациялауға жұмсаған қаржы ширек триллион теңгеден асты. Диализ алатын әр пациент үшін бұл диагноз қателікке жол бермейді. Өйткені қажетті процедураны өткізіп алу кей жағдайда адам өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.

Бұл – Қазақстандағы аурулар экономикасына арналған серияның екінші материалы. Бүгін Tengri Health бүйрек жеткіліксіздігі мемлекетке және науқастың өзіне қаншаға "түсетінін", сондай-ақ бұл диагноздың нақты адамның өміріне қалай әсер ететінін зерттейді.

"Тек тірі қалу үшін"

Алматы тұрғыны Екатерина Стручаева бұл диагноз туралы осыдан жеті жыл бұрын білген. Бәрі 2019 жылы басталды. Ол сол кезде тұрмысқа қаражат жетіспеген соң, пәтерақысын төлеу үшін нан зауытына жұмысқа орналасқанын еске алады.

Жұмыс істейтін үй-жайлар үнемі дезинфекцияланып тұратын. Бірде осындай процедура кезінде оның аяғының бақайына химиялық ерітінді тиіп кетеді. Жара пайда болып, оның зардабы ауыр болғаны соншалық - тіндер біртіндеп ыдырай бастаған.

Ол кезде әлемде және Қазақстанда коронавирус пандемиясы жүріп жатқан еді - ешқандай емхана Екатеринаны қабылдағысы келмеді. Бұл негізінен ковидпен ауырғандарды ауруханаға жатқызып жатқан кезең болатын.

"Ауруханаға уақытылы жете алмадым, емдеу процесі созылып кетті. Кейінірек мені бәрібір ауруханаға жатқызды. Дәрігерлер бір ай бойы бақайымды сақтап қалуға тырысты, бірақ емдеу кезінде асқынулар болды: көзім көрмей қалды және бүйрегім істен шықты - олар "бұзылып" қалды десе болады", - деп еске алады Екатерина.

Нәтижесінде бақайды ампутациялауға тура келді. Көру қабілеті қалпына келгенімен, бүйрегі жұмыс істеп кетпеді - содан бері қазақстандық әйел "бүйректің созылмалы ауруы" диагнозымен өмір сүріп келеді.

Анықтама. Бүйректің созылмалы ауруы бүйректің қанды қаншалықты жақсы сүзетініне байланысты бес сатыға бөлінеді. Алғашқы сатыларда олардың қызметі сақталуы мүмкін. Бесінші саты бүйрек функциясының ауыр төмендеуін білдіреді - бұл жағдайда пациентке диализ немесе трансплантация қажет болуы мүмкін.

Қазір оның өмірі гемодиализ кестесіне бағынышты. Аптасына үш рет 4-5 сағат бойы жасанды бүйрек аппаратына қосылып, осы процедурадан өтеді.

Екатерина Стручаева бірнеше жыл бұрын жұмыс орнында және қазір гемодиализ процедурасы кезінде. Суретті кейіпкер ұсынды

Анықтама: Гемодиализ - бұл бүйрек өз жұмысын атқара алмаған жағдайда қолданылатын қанды тазарту процедурасы. Қан арнайы сүзгісі бар аппарат арқылы өтеді: ол зат алмасу өнімдері мен артық сұйықтықты шығарады. Содан кейін қан ағзаға қайтарылады.

Бұдан бөлек, Екатерина қатаң диета ұстанады және ішілетін сұйықтық мөлшерін литріне дейін дәлдікпен қадағалап отырады.

"Осы процедуралардың бәрі маған тірі қалуға көмектеседі. Менің бүйрегім өз қызметін өз бетінше атқара алмайды. Қалыпты адамда ағзадағы барлық токсин зәр арқылы шығады. Бірақ менің бүйрегім жұмыс істемейтіндіктен, зәр де жоқ, сондықтан барлық шлак іште қалады. Егер оларды гемодиализ арқылы шығармаса - өліп кету мүмкін", - деп түсіндіреді кейіпкер.

Оның айтуынша, процедураның өзі зиянсыз емес және өте ауыр өтеді. Әр сеанс алдында аппарат диализдер арасындағы күндерде ағзадан қанша артық сұйықтықты шығару керек екенін дәл есептеуі үшін пациенттерді өлшейді.

"Егер сұйықтықты тым көп жинап алсаң, ал аппаратта көлем дұрыс көрсетілмесе, бұл ағзада сұйықтық тапшылығына әкеп соқтыруы мүмкін, содан өте қатты құрысу болады. Бұл - кез келген диализдегі адам басынан өткеретін жағдай", - дейді Екатерина.

Процедура кезінде оның қанындағы қант деңгейі күрт төмендеп кетеді - бұл әйелдің он бір жасынан бері ауыратын диабетінің әсері. Оған үнемі қосымша глюкоза енгізуге тура келеді, кейде бір диализ кезінде тұтас бір қорап жұмсалады.

"Ал гемодиализден кейін ағза "аппақ параққа" айналғандай болады - өйткені одан пайдалысы да, зияндысы да, сөзбе-сөз айтқанда, бәрі сорып алынады. Сондықтан қарның сұмдық ашады: егер сол сәтте бірдеңе жеп алмасаң, тіпті сау адамның өзінде қант деңгейі күрт түсіп кетуі мүмкін", - дейді ол.

Аппаратқа қосылып өткізген төрт-бес сағат - сынақтың бір бөлігі ғана. Екатеринаның айтуынша, егер диализ кезінде бірдеңе дұрыс болмай қалса, мысалы, сұйықтықты тым тез сорып алса немесе қан қысымы күрт өзгерсе, адамның жүрегі айни бастайды - қолында инелер, тамшылатқыш астында жатып, мұнымен де күресуге тура келеді.

Бірақ бұл терапияға бармаған жағдайда не болуы мүмкін екенін сезіну нағыз қорқыныш тудырады.

"Диализсіз адамды азапты өлім күтіп тұр. Ағзада шлактар жинала бастайды және дене олардан құтылуға тырысады. Адамның бір-екі күн бойы тоқтаусыз жүрегі айнып, құсады. Бүйрек істемеген соң, ағза барлық токсинді қандай да бір жолмен шығаруға тырысады. Ал бұл - орасан зор сұйықтық жоғалту, ағзаның сусыздануы", - деп түсіндіреді ол.

Жай-күйі шекті деңгейге жеткенде, ағзаның ішінде де проблемалар туындайды. Екатеринаның айтуынша, қатты интоксикация салдарынан асқазандағы қан тамырлары қанай бастауы мүмкін.

Мұндай жағдайда санаулы күндер ғана қалуы ықтимал: науқас көп мөлшерде қан жоғалтуы мүмкін, бұл өмірге тікелей қауіп төндіреді. Бұл - бүйрек жетіспеушілігі бар адамдар тап болуы мүмкін ауыр асқынулардың бірі ғана.

Қанша қазақстандық бүйрек ауруымен өмір сүріп жатыр?

Екатеринаның тарихы - жекелеген жағдай емес. Қазақстанда соңғы бес жылда "созылмалы бүйрек ауруы" диагнозымен диспансерлік есепте тұрғандар саны екі есеге жуық өсті.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 2021 жылы мұндай пациенттер саны 13 192 болса, 2025 жылы олардың саны 26 103-ке жеткен.

Науқастар санының өсімі жыл сайын байқалды:

2021 жыл - 13 192; 2022 жыл - 15 268; 2023 жыл - 19 317; 2024 жыл - 21 027; 2025 жыл - 26 103.

Денсаулық сақтау министрлігі созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бойынша статистиканы бөлек келтіреді. Мұндағы айырмашылық тіпті айқын: көрсеткіш 2021 жылғы 3 431 жағдайдан 2025 жылы 21 235-ке дейін өскен.

Сонымен қатар, бүйректі алмастыру терапиясын, яғни істен шыққан бүйректің жұмысын ішінара атқаратын емді қажет ететін адамдардың саны да артып барады.

Бұл санатқа диализ алатын пациенттер, сондай-ақ бүйрек трансплантациясы жасалғандар жатады. 2021 жылы олардың саны 11 320 болса, 2025 жылы 16 518-ге жетті.

Параллельді түрде созылмалы бүйрек ауруы негізгі себеп ретінде көрсетілген өлім-жітім саны да өсіп барады. 2022 жылы мұндай 1 742 жағдай тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 129-ға жеткен.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, бүйрек жетіспеушілігіне түрлі аурулар мен жағдайлар себеп болуы мүмкін. Ведомство негізгі себептердің қатарына мыналарды жатқызады:

қант диабеті, артериялық гипертензия, гломерулярлық және аутоиммундық аурулар - мысалы, бүйрек шумақтарының аурулары немесе жүйелі қызыл жегі, бүйректің тұқым қуалайтын патологиялары.

Адамның өзі әсер ете алатын ықтимал факторлар да бар:

ауырсынуды басатын және стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды шектен тыс тұтыну, арықтауға арналған заттар мен протеиндік коктейльдерге әуес болу, семіздік, шылым шегу, несеп жолдарының созылмалы инфекциялары.

Неге науқастар саны артып жатыр? Сарапшылар диагностика мен емдеу сапасының жақсарғанын айтады, демек, мұндай диагнозы бар адам ұзағырақ өмір сүре алады, бұл сайып келгенде олардың жалпы санына әсер етеді.

Бірақ науқастар санының өсуі - тек медициналық статистика емес. Мемлекет үшін бұл емдеуге жұмсалатын шығындардың да артуын білдіреді. Ал бұл жүйенің ең қымбат бөлігі - гемодиализ.

Диализ мемлекетке қаншаға түседі?

Гемодиализ - Екатерина сияқты терминалды бүйрек жетіспеушілігі бар адамдар онсыз өмір сүре алмайтын процедура. Қазақстандықтар үшін оны мемлекет төлейді, бірақ әрбір мұндай сеанс денсаулық сақтау жүйесі үшін бөлек шығынды білдіреді.

Анықтама. Диализ екі негізгі түрге бөлінеді: гемодиализ және перитонеалдық диализ. Гемодиализ кезінде қан дененің сыртында арнайы аппараттың сүзгісі арқылы өтіп, кері қайтарылады. Перитонеалдық диализ кезінде тазарту дененің ішінде жүреді. Құрсақ қуысына арнайы ерітінді енгізіледі, ал ішперде табиғи сүзгі қызметін атқарады. Содан кейін ерітінді шығарылып, жаңасымен алмастырылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мәліметінше, 2021–2025 жылдары стационарлық және күндізгі стационарлық көмек шеңберінде созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарды емдеуге, соның ішінде гемодиализге мемлекет 257,5 миллиард теңге бағыттаған.

Салыстыру үшін: дәл осы кезеңде инсультті емдеуге, біз бұған дейін анықтағанымыздай, 95,1 миллиард теңге бағытталған. Демек, бүйрек жетіспеушілігін емдеуге жұмсалған шығыстар шамамен 2,7 есе жоғары болған. Сонымен қатар, бұл шығындар жылдан-жылға өсіп отырды:

2021 жыл - 39,8 миллиард теңге, оның ішінде 35,7 миллиарды - тікелей гемодиализге; 2022 жыл - 47 миллиард, оның ішінде 41,6 миллиарды - гемодиализге; 2023 жыл - 52,2 миллиард, оның ішінде 45,6 миллиарды - гемодиализге; 2024 жыл - 57 миллиард, оның ішінде 50,1 миллиарды - гемодиализге; 2025 жыл - 61,5 миллиард, оның ішінде 53,9 миллиарды - гемодиализге.

Яғни, мемлекеттің осы бап бойынша созылмалы бүйрек жетіспеушілігін емдеуге жұмсайтын әрбір он теңгесінің тоғызы дәл осы гемодиализге тиесілі.

Процедуралардың саны да артып келеді. 2021 жылы қор гемодиализдің 1 077 687 сеансын төлесе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 472 724-ке жетеді. Бұл бес жыл ішінде олардың саны шамамен 37 пайызға өскенін білдіреді.

Гемодиализ процедурасы. Фото: depositphotos.com

Бұл ретте, Екатеринаның айтуынша, гемодиализ процедурасының өзі өте қымбат. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан азаматтары оны тегін алады, бірақ, мәселен, Қазақстан азаматы емес адам үшін бір сеанстың құны шамамен 200–300 мың теңге болуы мүмкін, ал науқастарға аптасына осындай үш сеанс қажет.

Яғни, өзге шығындарды есептемегенде, бұл аптасына 600–900 мың теңге, немесе айына шамамен 2,6–3,9 миллион теңге деген сөз.

Диализ жүргізудің тағы бір әдісі - перитонеальді диализ. Қазақстанда ол айтарлықтай сирек қолданылады.

Терапияның бұл түріне жұмсалатын шығындар да өсті - 2021 жылғы 502 миллион теңгеден 2025 жылы 1,3 миллиард теңгеге дейін. Бірақ соның өзінде перитонеальді диализ жалпы жүйенің аз ғана бөлігі болып қала береді: гемодиализге бөлінетін ондаған миллиард теңгенің аясында оған жұмсалатын шығын салыстырмалы түрде аз көрінеді.

Құрғақ цифрлар артында Екатерина баяндаған ащы шындық жатыр: бүйрегі істен шыққан адам үшін диализ - бірнеше апта немесе айдан кейін аяқталатын емдеу курсы емес.

Бұл - өмірдің ажырамас бөлігіне айналатын процедура, ал мемлекет үшін - медициналық көмекке жұмсалатын тұрақты әрі өсіп отыратын шығыс бабы.

"Не аяғымды "жөндетуім" керек, не дәмді тамақ іше аламын"

Бүйрек жеткіліксіздігі отбасылық бюджетке де әсер етеді. Тарифтер мен мемлекет бөлетін қаражаттан бөлек, науқастардың дәрі-дәрмекке, медициналық сақтандыру қоры арқылы төленбейтін кейбір оталарға, ал Екатеринаның жағдайында - аяқ қан тамырларының нашарлауына байланысты күтімге жұмсайтын шығындары қалады.

Қант диабеті көбіне қан тамырларының күйіне кері әсер ететіндіктен, саусағын ампутациялағаннан кейінгі асқынулар салдарынан кейіпкерімізге бірнеше жыл қатарынан ота жасатуға тура келген. Оның айтуынша, әр отаның құны 300 мыңнан 1,2–1,3 миллион теңгеге дейін жеткен - бұл біздің кейіпкеріміз үшін қолжетімсіз сома.

"Халық жинап берген ақшаға емделдім, менде ондай қаражат жоқ. Алғашқы ота төрт жыл бұрын жасалды, ол 300 мың теңге болды. Содан кейін тағы жасалды. Әрі қарай не болатынын білмеймін", - дейді Стручаева. 

Сондықтан Екатерина ерте ме, кеш пе тағы да қомақты қаражат қажет болуы мүмкін екенін түсініп, ақша жинауға тырысады.

"Өзімді шектеуге тура келгенде, менің алдымда таңдау тұрады: не аяғымды "жөндетуім" керек, не дәмді тамақ іше аламын. Саналы түрде ойланып, тым болмаса бес-он мың теңгеден жинауға тырысамын. Келесі отаның құнын айтқанда, ақшаны қайдан табамын деп басым қатпауы үшін осылай істеймін - маған ешкім несие де бермейді", - дейді ол.

Екатеринаның ота ақысын төлей алмауының қарапайым себебі бар: диагнозына байланысты диализ алатындарды жұмысқа мүлдем дерлік алмайды. 

"Диализ алатын 500 науқастың ең көп дегенде 10-ы ғана жұмыс істейді"

Диализ алатын науқастар үшін ең ауыр қаржылық соққының бірі - жұмыс істеу мүмкіндігінің мүлдем болмауы десе де болады. Екатеринаның қонақүй және мейрамхана бизнесі саласында кәсіби білімі бар. Оның айтуынша, бұрынғы жұмыс орны оны қайта қабылдап, қолдау көрсетуге дайын, бірақ денсаулығы мүмкіндік бермейді.

Фистуласы бар қолға түсетін физикалық күш қатаң шектелген, сонымен қатар аптасына үш рет жарты күнін клиникада гемодиализде өткізуі керек.

Анықтама: Фистула - ота кезінде хирург тері астындағы (әдетте қолдағы) артерия мен венаны біріктіру арқылы жасайтын байланыс. Ол гемодиализ кезінде науқасты қан тазарту аппаратына қосу үшін қажет. Уақыт өте келе вена көзге көрінетіндей іріленуі мүмкін - науқас бұл қолын күтіп ұстауы және фистула арқылы қанның қозғалысын білдіретін өзіне тән дірілдің бар-жоғын үнемі тексеріп отыруы тиіс.

"Маған ең көп дегенде екі келі ғана көтеруге болады. Фистула салынған қолға ине салуға да, қан қысымын өлшеуге де болмайды, ол тек процедураларға арналған", - дейді кейіпкеріміз.

Диализ алатын науқастардың арасында жұмысын жалғастырып жүргендер де бар. Екатеринаның айтуынша, бұлар негізінен ағзаға физикалық күш түсірмейтін мамандық иелері: есепшілер, IT мамандары, жеке бизнесі барлар немесе қашықтан жұмыс істейтіндер. Бірақ мұндай науқастар аз.

"Жалпы, менің бақылауым бойынша, 500 науқастың ішінде ең көп дегенде 10-ы ғана жұмыс істейді. Менің де мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдайтын, жұмыс кестесі мен міндеттері жеңілдеу жерге орналасуға мүмкіндігім бар. Бірақ диализде жүрген төрт жыл ішінде маған әзірге орын табылмады", - деп ағынан жарылды ол.

Мәселе оның өзін қалай сезінетінінде емес, жұмыс берушілердің диагнозға деген көзқарасында болып отыр. Екатерина өзіне қолайлы бос жұмыс орындарын бірнеше рет іздеп, көбінен сәтті өткен, бірақ әр жолы жұмыс берушілер оның ауруынан сескенген.

"Маған қоңырау шалып: "Болды, ертең жұмысқа шығыңыз" дейді. Осы сәтте мен диализ алатынымды ескертуге міндеттімін - бәріміз ересек адамдармыз ғой. Осыны айтқаннан кейін: "Кешіріңіз, сіз бізге сәйкес келмейсіз" дегенді естимін", - деп тәжірибесімен бөлісті Екатерина.

Нәтижесінде, диализ алатын науқастардың басым бөлігі үшін негізгі табыс көзі ретінде бірінші топтағы мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы қалып отыр.

2026 жылы оның мөлшері айына 111 872 теңге болады. Екатерина үшін бұл - негізгі кіріс көзі. Бұл ретте, жәрдемақыны тек күнделікті шығындарға ғана емес, сонымен қатар дәрі-дәрмекке, таңғыш материалдарға және әрдайым тегін беріле бермейтін ем-домға бөлуге тура келеді.

Іс жүзінде мұндай диагноз көптеген адам үшін аурумен бірге өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігінен де айырылуды білдіреді.

Трансплантация және дәрі-дәрмек

Гемодиализ бүйрегі істен шыққан адамның өмірін жалғастыруға мүмкіндік береді, бірақ көптеген пациент үшін түпкі мақсат - бүйрек алмастыру. Трансплантация науқастың өмірін түбегейлі өзгертеді - тірі немесе қайтыс болған донордан ағза алған адам бұдан былай диализге тәуелді болмайды.

Денсаулыққа байланысты шектеулер мен тәуекелдер толық жойылмайды, бірақ олар бұрынғыдай қиын емес. Сонымен қатар, бүйрек трансплантациясы мемлекет үшін шығындардың жеке ірі бабына айналып барады.

Қордың деректері бойынша, 2021 жылы жалпы сомасы 492 миллион теңгеге 122 бүйрек трансплантациясы жасалған - орта есеппен бір отаға шамамен 4 миллион теңге жұмсалды. 2025 жылы трансплантация саны 194-ке жетіп, оларға жұмсалатын шығын 1,025 миллиард теңгеге дейін өсті. Осылайша, бір трансплантацияның орташа құны 5,2 миллион теңгеден асты.

Бес жыл ішінде оталар саны бір жарым есеге жуық өсті. Бұл ретте донорлықтың құрылымы да өзгерді: қайтыс болған донорлардан алынған бүйректердің үлесі 2021 жылғы 3,8 пайыздан 2025 жылы 13,1 пайызға дейін артты.

Фото: © Tengrinews.kz

Бірақ отаның өзі - шығындардың бір бөлігі ғана. Трансплантациядан кейін пациентке ағзаның жаңа мүшені қабылдамай қоюына жол бермейтін препараттар өмір бойы қажет. Оларды бірыңғай дистрибьютор - "СҚ-Фармация" ЖШС сатып алады.

Мұндағы динамика басқаша көрінеді. Егер 2024 жылы препараттардың 35 түрін сатып алуға 5,4 миллиард теңге бағытталса, 2025 жылы бұл сома 3,6 миллиардқа дейін төмендеп, сатып алынатын атаулар саны 29-ға дейін азайды.

Дәрі-дәрмек шығындарының азаюы Екатерина айтқан кезеңмен тұспа-тұс келеді: оның сөзінше, 2025 жылдың соңынан бастап пациенттер диализ орталықтарында дәрі-дәрмектің тапшылығы туралы айта бастаған.

Алайда бұл екі көрсеткішті тек уақыт жағынан тікелей байланыстыруға болмайды - ресми деректердің өзі сатып алу көлемінің неге азайғанын түсіндіріп бермейді.

Бүйрек алмастыру: бес-сегіз жыл күту

Диагноз қойылып, бүйрек алмастыру қажет екенін түсіну ағзаның тез табылатынын білдірмейді. Көптеген пациент үшін күту кезеңі жылдарға созылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантацияны үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 221 бүйрек трансплантациясы жасалған. Оның ішінде тек 29 ота қайтыс болған донорлардың мүшелерін пайдалану арқылы жүзеге асырылса, қалған 192-сі тірі донорлардан (мұндай жағдайда жақын туысы донор болады) алынған.

Сонымен қатар, жыл сайын күту парағына 135-тен 364-ке дейін жаңа пациент қосылады. Орталық мәліметінше, осы сәттен бастап отаға дейін орта есеппен бес-сегіз жыл уақыт өтеді. Мамырдағы деректерге сәйкес, Қазақстанда ресми түрде 4 117 азамат бүйрек алмастыруға мұқтаж, оның 91-і - балалар. 

Анықтама: Трансплантацияны күту парағы - бұл ағза алмастыруды қажет ететін және оны жүргізу үшін тексеруден өткен пациенттердің тізімі. Сәйкес келетін донорлық ағза пайда болған кезде, дәрігерлер медициналық үйлесімділік пен басқа да белгіленген критерийлерді ескере отырып, реципиентті таңдайды. Тізімдегі реттілік ағзаның қатаң түрде кезек бойынша берілетінін білдірмейді.

Бұл көптеген адам үшін күту парағы - тексерулер мен ота арасындағы бірнеше ай емес, диализбен өтетін өмірдің ұзақ жылдары екенін білдіреді.

Бұл ретте, кезекке жетпей қайтыс болатындар да бар: 2021–2025 жылдары трансплантацияға мұқтаж пациенттер арасында жыл сайын 247-ден 279-ға дейін өлім жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш елімізде бір жылда жасалатын бүйрек трансплантациясының жалпы санымен деңгейлес.

Екатеринаға трансплантация орталығынан екі рет хабарласып, сәйкес келетін қайтыс болған донор бар екенін айтқан, бірақ екі жолы да ота басқа пациенттерге жасалған.

Анықтама. Қазақстанда қайтыс болған донорлардан бүйректі бөлу кезінде кезектілік, қан тобы, донор мен реципиенттің (яғни ота қажет адамның) тіндік және жеке үйлесімділігі ескеріледі. Әдетте, отаға бірнеше үміткер болады және ота ең жақсы сәйкес келетін адамға жасалады, өйткені донорлық бүйректің "сіңісуі" соған байланысты. 

"Өткен жылы қайтыс болған донордан мүше болған кезде отаға үш лайықты үміткер болғанын білемін: мен, жасы үлкенірек әйел және бір қыз. Нәтижесінде отаны ең жасына жасады", - дейді Стручаева.

Бірақ мәселе тек бұнда емес, Екатеринада бүйрек жетіспеушілігінен бөлек, диабет те бар. Ол сияқты пациенттерге тек бүйректі ғана алмастыруға болмайды (оның "сіңіспей" қалу қаупі жоғары). Сонымен қатар ұйқы безін - инсулин өндіруге жауапты ағзаны - трансплантациялау отасы да қажет.

Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл бірден екі мәселені шешуі тиіс: істен шыққан бүйректі алмастыру және ағзаны диабет зардаптарымен үнемі күресу қажеттілігінен арылту.

"Тек бүйректі ауыстырумен мәселе шешілмейді"

Екатеринаның оқиғасы созылмалы бүйрек ауруының бір адам үшін қаншалықты шығын әкелетінін көрсетеді. Бірақ әрбір осындай оқиғаның артында диализді, дәрі-дәрмекті, мүгедектік бойынша жәрдемақыны және соңында трансплантацияны жылдар бойы қаржыландырып отырған денсаулық сақтау жүйесі тұр.

Бұл жүйенің қалай құрылғаны және онда нені өзгертуге болатыны туралы пікір алу үшін біз нефролог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, "Қазақстандық диализ қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Венера Алтыноваға жүгіндік.

Ол нефрология және трансплантация саласында 1990-жылдардың соңынан бері жұмыс істеп келеді және көптеген жыл бойы пациенттерді емдеумен де, дәрігерлерді даярлаумен де айналысады.

Оның айтуынша, Қазақстан кейінгі жылдары алмастырушы терапияның қолжетімділігі бойынша үлкен қадам жасады: бүгінде созылмалы бүйрек ауруының терминалдық сатысындағы пациентке диализден орын күтіп, жылдар бойы кезекте тұрудың қажеті жоқ.

"Бізде созылмалы бүйрек ауруы бар пациенттер үшін диализдік терапия жүз пайыз қолжетімді. Біз қазір гемодиализді тегін көрсететін әлемдегі санаулы елдердің қатарындамыз. Мұндай орталықтар барлық өңірде бар", - дейді Алтынова.

Венера Алтынова

"Қазақстандық диализ қоғамының" төрайымы

Гемодиализ қымбат жабдықтарды, шығын материалдарын, дәрі-дәрмектерді және білікті мамандарды қажет етеді. Пациентке бір реттік ем емес, тұрақты терапия керек, сондықтан бұл кез келген елдің бюджетіне үлкен салмақ салады.

"Бұған арзан емес медикаменттерді, мүгедектік бойынша әлеуметтік жәрдемақыларды қосыңыз. Нәтижесінде үш түрлі шығын бабы шығады", - деді сарапшы.

Алтынованың есебі бойынша, бүгінде гемодиализдегі бір пациентке мемлекет орта есеппен жылына алты миллион теңгеге жуық қаражат жұмсайды - бұған процедураның өзі, дәрі-дәрмектер мен әлеуметтік төлемдер кіреді.

Гемодиализ қабылдайтын 11,5 мыңға жуық адамды ескерсек, әңгіме жыл сайынғы ондаған миллиард теңге туралы болып отыр.

Бұл ретте маман мұндай жүйеде үнемдеуді науқастың есебінен немесе емнің қолжетімділігін шектеу арқылы жасауға болмайды деп санайды. Адамға диализ мүлдем қажет болатын жағдайға жеткізбеу әлдеқайда тиімді.

"Жалғыз жол - созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтау. Егер біз ауруды уақтылы диагностикалай алсақ, дәрігерлерде адамға диализ қажет болатын кезеңді кейінге шегеруге мүмкіндік туады, ал мемлекетке шығындарды жоспарлауға жағдай жасалады", - дейді Алтынова.

Сарапшы атап өткен ел бюджетіне түсетін салмақты азайтудың тағы бір жолы - трансплантация, бірақ ол да ұзақ мерзімді перспективада нәтиже береді.

Отадан кейінгі алғашқы жыл мемлекет үшін қымбатқа түседі: қаражат емдеуге, оңалтуға және дәрі-дәрмекке жұмсалады. Алайда кейіннен тұрақты диализбен салыстырғанда, шығындар біртіндеп азаяды.

Венера Алтынованың айтуынша, қорытынды өте қарапайым: пациент диализде неғұрлым ұзақ болса, жүйеге соғұрлым көп ресурс қажет болады - бұл ретте аурудың өзі адамның денсаулығы мен өмір сүру сапасына әсер етуін тоқтатпайды.

Бөлек мәселе - кейіпкеріміз Екатерина Стручаева сияқты қант диабеті бар пациенттер. Алтынованың бағалауы бойынша, олар гемодиализ алып жатқандардың шамамен 30–40 пайызын құрайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүйрек алмастыру әрдайым көмектесе бермейді.

"Егер біз қант диабеті бар адамға тек бүйрек трансплантацияласақ, негізгі ауру ешқайда кетпейді. Ол ұйқы безі жұмысының бұзылуымен байланысты, сондықтан диабет донорлық органның жұмысына қайтадан әсер етуі мүмкін", - деп түсіндіреді маман.

Сондықтан әлемде диабеті бар адамдарға бүйрек пен ұйқы безін бір мезгілде ауыстыру тәжірибесі дамып келеді. Алтынованың айтуынша, Қазақстан әзірге мұндай операцияларды жүйелі түрде жүргізбейді, бірақ мамандар тиісті жобаны дайындап жатыр.

Екатерина бізге қажетті тексерулерден өткенін, бүйрек пен ұйқы безін бір мезгілде ауыстыруға арналған жеке күту парағына тіркелгенін және донорлық органдарды осы кезекте күтіп жүргенін айтты.

Диализге тап болмау үшін не істеу керек?

Алтынованың айтуынша, созылмалы бүйрек ауруы жағдайларының көбі туа біткен кеселдермен байланысты емес. Оның есебінше, науқастардың шамамен 90 пайызы бұл дертке өмірінің соңында шалдыққан.

Көбінесе бүйрек функциясының жоғалуына адам жылдар бойы денсаулығына қауіп ретінде қабылдамауы мүмкін аурулар мен жағдайлар себеп болады. Бірінші кезекте бұлар:

артериялық гипертензия, қант диабеті, семіздік.

Ұзақ уақыт бойы жоғары болған қан қысымы біртіндеп бүйрек тамырлары мен тіндерін зақымдайды. Диабет те олардың зақымдануына әкеп соғуы мүмкін, ал артық салмақ бүйрек жетіспеушілігіне байланысты бірнеше аурудың қаупін бірден арттырады.

Дәл осы себепті Алтынова бүкіл халықты жаппай скринингтен өткізуді емес, қауіп тобындағыларды жүйелі түрде тексеруді қолдайды. Оның пікірінше, бұл қауіп тобындағы адамдардың денсаулығына төнетін қатерді дәлірек әрі уақтылы анықтауға көмектеседі.

"Жаппай скрининг емес, нысаналы топтарды: артериялық гипертензиясы, қант диабеті, семіздігі және жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттерді тексеру керек", - дейді маман.

Бұл ретте, болашақта диализге мұқтаж болуы мүмкін пациенттер бұл қауіпке көбіне немқұрайлы қарайды. Олар аурудың алғашқы белгілеріне мән бермейді.

Маманның басты кеңесі: белгілердің пайда болуын күтпеу керек.

Созылмалы бүйрек ауруы ерте сатысында ешқандай белгі бермеуі мүмкін: бүйрек қызметі біртіндеп төмендеп жатқан кезде де адам өзін қалыпты сезіне береді.

Әр адам не істей алады?

Маманның сөзіне сүйенсек, әрекет етудің қарапайым реттілігі төмендегідей.

Біріншіден - артериялық қан қысымын бақылау. Егер гипертония диагнозы қойылған болса, қысым қалпына келді деген желеумен тағайындалған дәрілерді өз бетінше тоқтатуға болмайды.

Екіншісі - қандағы қант деңгейін қадағалау. Алтынова тіпті диабеті жоқ адамдарға да бұл көрсеткішті мезгіл-мезгіл тексеріп тұруды ұсынады. Ал диагнозы бар жандар үшін бақылау тұрақты болуы тиіс, бұл ретте тек қант деңгейін ғана емес, қан қысымын да қадағалау маңызды.

Үшіншіден - салмақты бақылау. Семіздік диабет, гипертония және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады, ал бұл дерттер өз кезегінде бүйректі зақымдауы мүмкін.

Төртіншіден - қауіп тобындағы адамдар бүйрек қызметін жүйелі түрде тексеріп тұруы қажет. Ерте сатыда қойылған диагноз негізгі ауруды емдеуге және адам диализге мұқтаж болғанға дейін-ақ бүйрек қызметінің нашарлауын бәсеңдетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мамандардың өздері де дәл осы тәсілге басымдық беруге тырысып жатыр.

Өткен жылы клиникалардың бірінің базасында Республикалық нефрологияны үйлестіру орталығы құрылды, оның міндеттерінің бірі - созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтау. Қазір онда 480-нен астам пациент бақылауда тұр.

"Мен әрдайым адам бұл диагнозбен ұзақ жылдар бойы өмір сүретінін айтып жүремін. Бірақ ауру адамды емес, адам ауруды тізгіндеуі тиіс", - дейді Алтынова.

Мемлекет үшін бұл да бақылау мәселесі - тек ауруды емес, шығындарды бақылау. Бүйрек қызметінің бұзылуын неғұрлым ерте анықтап, оның себептерін емдеуді бастаса, диализді соғұрлым ұзағырақ шегеруге болады, демек, қымбат тұратын алмастырушы терапияға кететін жылдарды қысқартуға мүмкіндік туады.

Авторы: Александр Григорянц

Аударған: Дина Шәріпхан

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қазақстан

науқастар

емдеу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью