Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АҚШ президенті Дональд Трамптың Израильмен бірге Иранға қарсы әскери соққы жасау туралы шешім қабылдауына жеке қауіпсіздік мәселесі де әсер еткен. Бұл туралы The Washington Post басылымы жариялаған материалда айтылған, деп жазады Arasha.kz.
Басылымның мәліметінше, Иран билігі 2024 жылы Трампқа қастандық жасауға әрекеттенген. Осы жағдай Вашингтонның Тегеранға қатысты қатаң шешім қабылдауына ықпал етуі мүмкін.
Өткен аптада АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе шабуылы кезінде Тегерандағы резиденция бомбаланып, елдің жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тапты.
Жексенбі күні ABC телеарнасына берген сұхбатында Дональд Трамп Иран басшылығы өзіне қауіп төндіргенін айтып, бұл шешімнің себептерін түсіндірді.
"Егер мен оның көзін жоймасам, ол менің көзімді жоятын еді", – деді Трамп.
АҚШ билігі өкілдерінің айтуынша, Иран тарабы 2020 жылы қаңтарда Трамптың бұйрығымен өлтірілген генерал Қасем Сүлеймани үшін кек алмақ болған. Осы мақсатта Трампқа қарсы 2024 жылдың шілде және қыркүйек айларында қастандық жасауға әрекет жасалғаны айтылады. Ол кезде АҚШ-та сайлауалды науқан жүріп жатқан.
Дегенмен Ақ үй бұл әрекеттердің Иран билігімен тікелей байланысы бар екенін дәлелдейтін нақты айғақтарды жарияламаған.
Президент әкімшілігіндегі аты-жөнін жарияламауды сұраған бір шенеунік журналистерге:
"Аятолла Хаменеи сияқты террористерді жоюға миллион себеп табуға болады", – деп мәлімдеген.
Еске сала кетсек, 2026 жылдың 28 ақпанында АҚШ пен Израиль Иран аумағына әуе соққысын жасаған. Осыдан кейін Иран Израильдегі және Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына және бірқатар нысандарға қарсы жауап шабуылдарын ұйымдастырды.
Иранды 37 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеи 1 наурыз күні АҚШ пен Израильдің бірлескен соққысы салдарынан қаза тапты.