Аз қаражатты қалай көбейткен дұрыс?

26.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

«Qazaq Expert Club» қаржы сарапшысы Саида Тілеуленова аз-кем ақша болса, депозитке салуды жөн көріп отыр. Себебі қазіргі жағдайда депозит­тің маңызы әлі де сақталып
тұр.

«Еліміздегі макро­эко­номи­калық ахуалды ескерсек, капи­тал­ды сақтаудың ең тартым­ды құралдарының бірі әзірге теңгелік депозит болып отыр. Ұлттық банк базалық мөл­шерлемені жылдық 17 пайызға дейін төмендеткенімен, депо­зиттердің сыйақысы тарихи тұрғыдан әлі де жоғары дең­гейде. Мамыр айында инфляция 10,4 пайызға дейін баяулады. Бұл салымшылардың нақты оң табыс алып отырғанын білдіреді. Бұрын депозиттің табысы инфляцияны әрең қуып жететін кезеңдер көп болды. Қазір жағдай өзгеше. Сондық­тан 1 млн теңге көлеміндегі қаражатты сақтау тұрғысынан депозит көпшілік азаматқа түсінікті әрі қауіпсіз шешім болып қала береді. Ол қаражаттың сақталуына кепілдік береді, болжамды табыс әкеледі әрі арнайы инвестициялық білімді талап етпейді», дейді сарапшы.

Шынында да, кейінгі жылдары депозитке қызығушылық айтарлықтай артты. Ranking.kz сарапшылары­ның мәліметіне сүйенсек, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысында отандастарымыздың екінші деңгейлі банктердегі депозиттері 28,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,5 пайызға көп. Ал 5 жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,4 есе, 10 жыл бұрынғы көлемнен төрт есе жоғары.

Дегенмен депозиттің де өз ерек­шелігі бар. Ең жоғары сыйақы көбіне жинақ депозиттерінде ұсы­нылады. Мұндай салымның басты артықшылығы – жоғары табыс. Бірақ қаражатты мерзімінен бұрын алу оңай емес. Әдетте салымды қай­тарып алу туралы өтініш бергеннен кейін ақша 30 күн өткен соң ғана беріледі. Яғни банк ұзақ уақытқа сеніп тапсырылған қара­жат есебінен жоғары сыйақы төлей­ді. Ranking.kz талдауына сәйкес, 6 айлық жинақ депозиттері арасында ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін қазірде Еуразиялық банк ұсынып отыр. Кейбір өнімдерде бұл көрсеткіш 20,5 пайызға дейін жетеді. Bank RBK мен Freedom Bank те жоғары мөлшерлеме ұсынады.

Алайда сарапшылар депозит таң­дағанда тек пайызға емес, банктің сенімділігіне, қаражатты толықтыру немесе мерзімінен бұрын алу шарттарына да назар аударуға кеңес береді. Қаржыгер Тұрар Әбді де дәл осы мәселеге ерекше тоқталады.

«Көп адам депозит ашқанда ең үлкен қателікті пайызға ғана қарап жібереді. Ең алдымен қаражаттың қауіпсіздігін ойлау қажет. Елімізде салымдарға мемлекет кепілдік бере­ді. Бірақ оның да нақты шегі бар. Егер бір банктегі қаражат кепіл­дік берілетін сомадан асып кет­се, артық бөлігі қорғалмайды. Сон­дық­тан ірі соманы бір банкте емес, бірнеше сенімді банкке бөліп орна­ластырған дұрыс. Жақында бір шәкір­тімнің 50 млн теңгені бір банк­тегі депозитте ұстап отырғанын білдім. Біз қаражатты үш банкке бөліп орналастырдық. Соның арқасында барлық сома мемлекеттік кепілдік аясында қалды. Қаржыда «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бекер айтылмаған», дейді ол.

Оның айтуынша, тағы бір жиі кез­десетін қателік – банкті жар­намаға қарап таңдау. Жоғары па­йыз ұсынған әр банк ең тиімді таң­дау деген сөз емес. Кейде жоғары мөл­шерлеме жоғары тәуекелдің бел­гісі болуы мүмкін. Сондықтан халық­аралық рейтингтерге, банктің қар­жылық тұрақтылығына назар аударған жөн. Бұдан бөлек, депо­зиттің мерзімін дұрыс таңдау да ма­ңызды. Егер ақша жақын арада қажет болуы мүмкін болса, тек жоғары сыйақы үшін ұзақмерзімді жинақ депозитін ашудың қажеті жоқ. Кей жағдайда аздап табыстан қағылып, есесіне қаражатқа еркін қол жеткізетін депозит тиімдірек болады.

Көпшілік үшін тағы бір маңыз­ды таңдау – шетел валютасы. Әсі­ре­се теңге бағамы құбылған сайын долларға сұраныс артады. Бірақ оны тұрақты табыс әкелетін инвес­тиция ретінде қарастыруға бола ма? С.Тілеуленованың пікірінше, долларды табыс табу құралы ретінде емес, тәуекелден қорғану тәсілі ретінде қарастырған жөн.

«АҚШ валютасы теңге әлсіреген кезеңде жинақты сақтауға көмек­теседі. Бірақ теңге тұрақты болып, депозиттердің мөлшерлемесі жо­ғары кезде доллар табыстылық жағы­нан ұтылады. Сондықтан дол­ларды ең алдымен табыс таба­тын құрал емес, валюталық тәуе­келден қорғайтын актив ретінде қарас­тырған жөн. Қаражаттың бір бө­лігін теңгеде, бір бөлігін шетел ва­лю­тасында сақтау – капиталды әр­тараптандырудың қарапайым әрі тиімді жолы. Бұл бір валютадағы құбылмалылықтан болатын тәуе­келді азайтады. Егер теңге әлсіресе, доллардағы жинақ оны белгілі бір деңгейде өтейді. Ал ұлттық валюта тұрақты кезеңде теңгелік депозит жоғарырақ табыс әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде басты мақсат – көбірек пайда табу емес, жинақ­ты түрлі экономикалық тәуекелден қорғау», дейді сарапшы.

Бұл пікірді әлемдік қаржы тео­риясы да қолдайды. Теорияда мұны әртараптандыру деп атайды. Америкалық экономист, Нобель сый­лығының лауреаты Гарри Мар­ковиц жасаған портфель теориясына сәйкес, барлық қаражатты бір ғана құралға салғаннан гөрі бірнеше актив­ке бөлу тәуекелді айтарлықтай төмендетеді. Қазақы түсінікпен айтсақ, бұл – «бар жұмыртқаны бір себетке салма» деген қағиданың ғылыми негізі.

Ал Инвестор Аман Әлімбаевтың пікірінше, 2026 жыл қаржы нарығы үшін жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.

«2025 жыл депозиттердің дәуірі болды. Ақшаны банкке салып қою­дың өзі 18–20 пайыз табыс әкелді. Бірақ мұндай кезең ұзаққа созылмайды. Әлемнің орталық банктері пайыздық мөлшерлемелерді бір­тіндеп төмендетіп жатыр. Сон­дықтан бұрынғыдай барлық қара­жатты депозитте ұстау тиімді стратегия болмауы мүмкін. Алдағы уақыт­та сапалы облигациялар, жаһан­дық әртараптандыру және ұзақмер­зімді инвестициялық жос­пар маңыздырақ рөл атқарады», дейді ол.

Сарапшы облигацияларға ерекше назар аударады. Оның айтуын­ша, пайыздық мөлшерлемелер төмен­дей бастағанда облигациялардың нарықтық бағасы өседі. Сондықтан олар алдағы екі жылда ең тартым­ды құралдардың біріне айналуы мүмкін. Алтынға келгенде де асы­ғыстыққа жол жоқ.

«Алтын – сақтандыру құралы. Ол геосаяси тәуекел күшейгенде немесе инфляция артқанда көмектеседі. Бірақ ол дивиденд төлемейді, пайыз әкелмейді. Сондықтан портфельдің 5–15 пайызы көлемінде ғана ұстаған жөн. Криптовалюта жоғары тәуе­келді актив болып қала береді. Ол күрт өсуі де, дәл солай тез құлды­рауы да мүмкін. Сондықтан оны негізгі инвестиция емес, тәуекелі жоғары қосымша құрал ретінде ғана қарастырған дұрыс. Портфельдегі үлесі 5–10 пайыздан аспағаны жөн», дейді инвестор.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью