Азаматтарды қорғау заңның сәні емес, заңның мәні Мәди Мырзағараев

26.01.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Оның айтуынша, ең алдымен адам құқықтары туралы бөлімде ұсталған, күдікке ілінген немесе айып тағылған әрбір адамның адвокаттың көмегін пайдалануға құқығы бар екені нақты жазылуы көзделген.

— Бұл — адам тағдыры таразыға түскен алғашқы сәттен бастап іске қосылатын адам құқығын қорғаудың нақты тетігі болады. Сондай-ақ, ұсынылған құжат жобасында адвокатураның мәртебесі жеке институт ретінде бекітілетіндігі айтылып отыр, — деп атап өтті ол.

Мәди Мырзағараевтың түсіндіруінше, бұл адвокатураның әрбір адамның сот арқылы қорғану құқығын іске асыруына және заң көмегін алуына жәрдемдесетін құрылым ретінде танылатындығын білдіреді.

— Азаматтарды қорғау — заңның сәні емес, ол заңның мәні. Осы тұста айта кетер бір жайт бар. Өздеріңізге белгілі, Комиссия құрамында адвокатураның екі өкілі бар: мен және белгілі адвокат, құқық қорғаушы Айман Омарова. Бұл ұсыныстарды біз бірлесе отырып пысықтадық. Бұл мәселеге кәсіби мүдде тұрғысынан емес, еліміздегі адам құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігі тұрғысынан қарадық. Сонымен қатар, біз өз көзқарасымызбен ғана шектелген жоқпыз. Әріптестерімізбен, өңірлік адвокаттар алқаларының басшыларымен, тәжірибелі адвокаттармен кеңестік. Құқық нормаларын күнделікті тәжірибеде қолданатын адамдармен пікір алмасылды, — деді Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы.

Оның айтуынша, жүргізілген талқылаулар бұл кепілдікті қоғам көптен күтіп жүргенін және мұндай жаңа конституциялық норманың өмірде шын мәнінде қажет екенін көрсеткен.

— Осыдан екі ай бұрын Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының сайлауы өтті. Бұл қызметке он бес үміткер таласты. Олардың барлығының дерлік сайлауалды бағдарламасында бір ортақ ой болды. Ол — адвокатура мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту. Мұның өзі, кәсіби қауымдастық ішінде осындай конституциялық нормаға деген сұраныс пісіп жетілгенін көрсетеді, — деп атап өтті Мәди Мырзағараев.

Сонымен қатар ол аталған өзгерістерді адам құқықтарын қорғау ісіндегі алға жасалған маңызды қадам әрі түбегейлі бетбұрыс ретінде бағалады. Оның сөзінше, құжат жобасында бұл нормалардың көрініс табуы Комиссия мүшелерінің мәселеге терең әрі жауапкершілікпен қарағанын аңғартады.

— Бұл — жай ғана редакциялық шешім емес. Адам құқықтарын қорғаудағы шынайы институционалдық таңдаудың белгісі. Адвокаттық қауымдастық атынан Комиссия мүшелеріне осы ұстанымдары мен қолдаулары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Жоба мәтінінде ұсыныстардың нақты көрініс табуы — өзара сенімнің, кәсіби диалогтың нәтижесі деп білемін, — деп түйіндеді Мәди Мырзағараев.

Бұған дейін Конституцияда адвокатураның мәртебесі жеке баппен бекітілетінін жазғанбыз.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью