Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары басты орынға қойылады

03.03.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Кездесу барысында Аида Балаева метал­лургия саласының Қазақстан экономи­ка­сындағы шешуші рөлін атап өтті. Бұл – елдің экспорттық әлеуетін айқындайтын, халықты жұмыспен қамти алатын және құрылыс, ма­шина жасау және энергетиканың дамуына ық­пал ететін негізгі салалардың бірі. Ол Ата Заңның жаңа редакциясы еңбек, қауіп­сіз­дік және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу мәселелерін тікелей қамтитынын ерекше айтты.

«Көп жылдан бері «Қазцинк» компаниясы Қазақстанның түсті металдар экспорттық нарығында ең жоғары бәсекелестікке төтеп беріп, қарқынды дамып жатқан ұжым. Алайда өнеркәсіптің әрі қарай дамуы, білікті мамандардың жұмыс іс­теуі және шетелдік инвестицияларды тарту үшін ішкі саяси тұрақтылық бізге бұрыннан да маңызды болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, 15 наурызда жаңа Конституция бойынша референдум өтеді. Бұл – жай ресми рәсім емес. Әр азаматтың мемлекеттік маңызы бар мәселелерге атсалысып, өз ұста­нымын тікелей білдіру мүмкіндігі. Соң­ғы жарты жыл­да Ата Заңның жаңа мә­тіні әзірленді. Ел тарихында алғаш рет Егемендік, Тәуел­сіздік, ел аумағының тұтастығы мен басқару нысаны өзгермейтіні нақты бекітілді», – деді вице-премьер.

Сонымен қатар Аида Балаева еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормаларға тоқталды.

«Ата Заңда еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайлары және әділ еңбекақы алу құқ­ығы бекітіледі. Бұл нормалар өндірістік жарақатты азайтуға және қызметкерлердің денсаулығын сақтауға бағытталған. Яғни, еңбек жағдайы үшін жұмыс беруші мен мем­ле­кеттің жауапкершілігі ең жоғары дең­г­ейде – Конституцияда бекітіледі. Заң үст­емдігі орныққан елде тұрақтылық пен ертеңгі күнге сенім мол болады. Демек, кәсіпорындар мен қызметкерлер отбасыла­ры­на жағдай жасай алады. Негізгі өзгеріс ретінде Конституцияда басты орынға аза­мат – оның құқықтары мен қажеттіліктері, еңбегі қойылғанын көруге болады», – деп атап өтті А.Балаева.

Кәсіпорын қызметкерлері алдында Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев те сөз сөйледі. Ол жаңа Конс­титуция жобасы цифрлық дәуір кезеңінде және онлайн ортада адам құқықтарын қорғауды күшейтетінін айтты.

Өнеркәсіп саласының өкілдері де алдағы референдум экономиканың орнықты дамуы мен еңбек ұжымдарының болашағы үшін маңызды екенін сөз етті . «Қазцинк» Өскемен металлургия кешенінің директоры Тимур Тоқжігітов те пікір білдірді.

– «Қазцинкте» 19 мыңға жуық адам жұмыс істейді, оның 4 мыңы – Өскемен метал­лургия алаңында қызмет етеді. Жұмыс­шылардың төрттен бірі – жалпы нәтижеге баршамен тең үлес қосып жүрген әйелдер. Біздің ең­бек ұжымы үшін алдағы референдум – жай қоғам­дық-саяси оқиға емес, біз еңбек етіп, бала тәрбиелеп, ұзақмерзімді өндірістік жоспар құрып отырған елдің стратегиялық даму мәселесі. Біз 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумға міндетті түрде қатыса­мыз», – деді Тимур Тоқжігітов.

Бұдан соң Өскемен қаласының Орталық мәдениет үйінде жалпыұлттық коалиция мүшелері Шығыс Қазақстан облысының шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен кездесті. 

Кездесу барысында  Премьер-ми­нистрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тұрақты құқық­тық ортаны құрудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасы­ның инвести­цияларды қорғауды күшейтуге, сот жүйесіне сенім арттыруға және тұрақты экономикалық дамуға жағдай жасауға бағыт­талғанын айтты.

«Кәсіпкер ойын ережелерінің кенеттен өзгермейтініне, инвестицияларының қор­ғалатынына, сот жүйесінің дауларды әділ әрі ашық шешетініне сенімді болуы қажет. Тек осындай жағдайда ғана ұзақмер­зімді стратегиялар жасалып, жаңа жұмыс орындары ашылады, өндіріс дамиды. Сондықтан 15 наурыздағы референдум – осы қағидаларды конституциялық деңгейде бекітетін тарихи мүмкіндік. Жаңа Конституция жобасында мен­шік құқығын қорғау кепілдіктері күшей­іп, заңдардың күші кері қолданылуына тыйым салынады, мемле­кеттік басқарудың айқын әрі жауапты жүйесі қалыптасады. Бұл кәсіпкерлік үшін тәуекелдерді азайтса, ел үшін тұрақтылықты нығайтады, әр азамат үшін болашаққа сенімділік береді», – деп атап өтті Аида Балаева.

Үкімет басшысының орынбасары «Заң және тәртіп» қағидаты шынайы бәсеке­лестікті қалыптастыруға ықпал ететінін де сөз етті.

«Заң және тәртіп» қағидаты адал бәсе­келестік ортасын құрмақ, онда заңды  бизнес қорғалып, ал жасырын әрекеттер әшкере­ленеді. Әділ ережелер – кәсіпкердің басты серігі. Мемлекет басшысы «еңбек адамының» маңызын бекер атап өтпеді. Кәсіпкерлер мен шаруалар – тәуекелге бел буып, жұмыс орын­дарын ашып, халықты жұмыспен қам­ти­тын, елдің экономикалық күшін қал­ып­тастыратын адамдар. Жаңа Конститу­ция экономикалық бастаманы қолдауға және сонымен бірге заңға, қоғамға, келешек ұрпақ­­қа деген жауап­кершілікті күшейтуге ба­ғытталған. Қуатты экономиканы қуатты мем­­лекетсіз құру мүмкін емес. Ал қуат­ты мем­­ле­кетте сенім, әділдік және еңбекке құрмет басты құндылықтар болып саналады. Бүгінде Қазақстанның болашағы – тұрақты, бәсекеге қабілетті және өз күшіне сенімді ел болатыны бізге байлан­ысты», – деді Аида Балаева.

Кездесуде қатысушылар экономикалық және салалық мәселелермен қатар, рефор­малардың құндылықтарына да тоқ­талды. Атап айтсақ, жауапкершілікке шақыру, азаматтық қатысудың деңгейін арттыру және оны  құру мәдениеті талқыланды SAMGA дамыту орталығының жетекшісі Әлия Көңілхан ел үшін тек экономикалық даму емес, сонымен бірге адамгершілік құндылықтар, берік отбасы және болашаққа деген жауапкершілік маңызды екенін атап өтті. NIETWOMAN ҚҚ төрайымы Алтынай Төлеухан референдум мемлекет құн­дылық­тарын онжылдықтарға айқындайтынын, ал әділ ережелер сенім, инвестиция мен даму үшін, әсіресе әлеуметтік экономика мен әйел­дер кәсіпкерлігінде маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді.

Кездесу соңында ШҚО-ның шағын және орта бизнесі мен агроөнеркәсіп кеш­енінің өкілдері конституциялық өзгерістер тұрақтылыққа кепілдік беру, заңды құқық­тарды қорғау, өндірісті жаңғырту және өңірлердің тұрақты дамуына жағдай жасауға жол ашатынын атап өтті. 

Осыдан кейін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық универ­ситетінің базасында жалпыұлттық коали­ция мүшелерінің сапары аясында облы­с­тың туризм саласының өкілдерімен дөң­­гелек үстел өтті.

Аида Балаева жаңа Конституция жобасы адамды, оның құқықтарын, қауіпсіздігін және болашағын ел дамуының негізгі басым­дығы ретінде негіздейтінін атап өтті. Сонымен қатар жаңа Конституция елдің мемлекеттік құрылымының нығаюы мен эко­номикалық дамуы үшін құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырады. Премьер-министрдің орынбасары туризм саласы үшін құқықтық тұрақтылық, инвес­тиция мен табиғи-мәдени мұраны қорғау ерекше маңызды екенін айтты.

«Табиғатты қорғау қағидатын бекіту үлкен маңызға ие. Бұл – туристік сала үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Қоршаған ортаны қорғау тек экологиямен байланысты ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақтың мәселесі. Табиғат – экономикалық ресурс қана емес, біздің ұлттық бірегей­лі­гіміздің, тарихымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі. Оны сақтау – міндетіміз, ал оны жан-жақты дамыту – өскелең ұрпақ алдын­дағы жауапкершілігіміз. Туризм саласы үшін ерекше маңызды дүние – алдын ала пай­ымдау мен сенім. Инвесторлар мен кәсіп­керлер заңның айқын болуына, меншік құқығының қорғалуына және мемлекеттік шешімдердің тұрақтылығына сенімді болуы тиіс», – деп атап өтті Аида Балаева.

Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов өз сөзінде туризмнің тұрақты дамуы табиғи аумақтарды қорғаумен қатар, бизнестің инфрақұрылымға, қызмет көрсету сапасына және жаңа бағыттар ашуға инвестиция салуына мүмкіндік беретін құқықтық негіз­дердің болуын талап ететінін атап өтті.

Конституциялық реформа комиссия­сының мүшесі Сергей Пономарев бір па­ла­та­лы Парламент – Құрылтай туралы ұсын­ылған үлгісіне толығырақ тоқталып, өзгерістер артық бюрократияны азайтуды және депутаттардың жауапкершілігін күш­ейтуді мақсат ететінін айтты.

Жиын соңында Шығыс Қазақстан облы­сының туристік сала өкілдері консти­туциялық реформаны қолдайтынын білдіріп, алдағы референдумға азаматтардың қатысуы қоғам сенімін арттырып, инвести­циялық ахуалды жақсартуға және өңірлердің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті.

М.ТӨЛЕУ

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью