Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
БЖЗҚ мәліметінше, 2025 жылғы маусымнан 2026 жылғы мамырға дейінгі аралықта инвестициялық табыс шамамен 2,71 трлн теңге болды. Бұл міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы және ерікті зейнетақы жарналары бойынша есептелген. Осы кезеңдегі инвестициялық кіріс – 11,46%-ды құрады.
Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша соңғы бір жылда есептелген инвестициялық табыс 115,29 млрд теңгеге жетті. Бұл бағыттағы кіріс – 17,12%.
БЖЗҚ мамандары қысқа мерзімдегі кірістілік көрсеткішіне қарап қорытынды жасау дұрыс емес екенін айтады. Себебі инвестициялық табыс қаржы нарығындағы жағдайға, бағалы қағаздардың құнына, валюта бағамының өзгеруіне және басқа да экономикалық факторларға байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігі ұзақ мерзімде бағалануы тиіс.
Мәселен, 1998 жылы Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгеннен бері 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жинақталған инвестициялық кіріс – 1 095,39%-ды құраған. Ал осы кезеңдегі жиынтық инфляция 986,70% болған.
Сонымен қатар 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап, яғни барлық зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктірілгеннен кейін, Ұлттық банк тапқан таза инвестициялық табыс 10,94 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш жүргізілген төлемдерді есептегенде салымшылардың жалпы зейнетақы жинағының 41,2%-ы.
Бүгінде салымшылар өз жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға беруге құқылы. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналары бойынша жиналған қаражаттың 50 пайызына дейін, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақтың 100%-ын жеке басқаруға аудара алады.
БЖЗҚ активтерінің тиімділігі: Жинақталған кіріс 14 трлн теңгеге жуықтады
Бұл ретте салымшылар ИПБ жұмыс істейтін үш инвестициялық портфельдің бірін таңдай алады:
жасына қарамастан барлық салымшыларға сәйкес келетін Ki (12) портфелі. Ол бойынша ең төменгі кірістілік деңгейі соңғы 12 айда бағаланады; Ki (36) портфелі, ол зейнетке шыққанға дейін кемінде 3 жыл қалғандарға арналған. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі 36 айдың қорытындысы бойынша бағаланады; ұзақ мерзімді көкжиегі (зейнеткерлікке шыққанға дейін 13 жылдан астам) бар салымшыларға арналған Ki (60) портфелі. Ең төменгі кірістілік деңгейі 60 ай ішінде анықталады.Ел тұрғындары баспана мен емделу бағытында БЖЗҚ-дан қанша трлн теңге алды?
Әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымша арқылы көре алады. Ал зейнетақы активтерінің қалай инвестицияланып жатқаны туралы толық ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы «Статистика және аналитика» бөлімінде және invest.enpf.kz порталында жарияланып тұрады.
Еске сала кетейік, елімізде зейнетақы реформасын талқылау жалғасып жатыр. Маусымның басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жүйесінде өзгерістер болатындығын мәлімдеген болатын.