Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
– Әлбетте, ажырасу – құпталмайтын іс. Кейде ажырасуға тура келетін жағдайлар болады. Мысалы, ерлі-зайыптылар сөзбен ғана емес, жұдырықтасып ұрсысатын болса, күнде таяқ жеп жатса, өміріне қауіп төнсе немесе ерлі зайыптылардың бірі нашақор, ойынқұмар болса – уақытша бөлек тұруға немесе ажырасуға тура келер. Мұндайды көріп өскен баланың жан дүниесі жараланып, кейін өзінің өмір жолында осыған ұқсас жағдайдар болуы мүмкін. Сол себепті кейде ерлі-зайыптылардың ажырасып, екі жақта тұрғаны қайырлы, - дейді Зарина Қаһарман.
Оның айтуынша, көп жағдайда ер адам әйелімен ғана емес, балаларымен де «ажырасып» кетеді. Бұл дұрыс емес. Ерлі-зайыптылар ажырасса да – бала бөлек тұратын ата-анасының бірімен, туыстарымен қарым-қатынасын үзбей, араласып тұруға рұқсат етілуі керек.
Бір апта әкесінде, бір апта анасында тұру жағын да қарастыруға болады. Бала көп жағдайда ата-анасының ажырасуына өзін кінәлайды. Ата-анасы бұл туралы баласымен алдын ала ашық сөйлесіп, ересектер арасында кейде осындай жағдай болатынын, баласының махаббаттан туылғанын, өмірлерінің қазіргі кезеңінде осындай жағдай болып тұрғанын, оған өзінің еш қатысы жоқ екенін түсіндіріп беруі керек.
– Біздің елде ажырасу мәдениеті қалыптаспаған. Ажырасқан кезде бір-бірін көрместей болып, әкесімен немесе анасымен, оның туыстарымен араласуға тыйым салатын жағдай көп кездеседі. Осы жерде баланың екі қанаты: анасы және әкесі болуы керек екенін, екі жақта жүрсе де баланың тәрбиесіне теңдей араласу керектігін естен шығармау керек, - дейді психолог.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында некеге тұру көрсеткіші ажырасудан алты есе жоғары екені туралы жазғанбыз.