Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы цифрландыру барысын сынға алды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президенттің айтуынша, Қазақстан цифрлық экономика құру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалануға міндетті.
Мемлекет басшысы елде Digital Qazaqstan кешенді стратегиясын іске асыру үшін негізгі инфрақұрылым құрылысы басталғанын айтты.
"Екі суперкомпьютер іске қосылды, жыл соңына дейін үшінші қуатты суперкомпьютер пайдалануға беріледі. Каспий түбімен талшық-оптикалық магистраль тарту жұмыстары аяқталды, деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр", - деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент Қазақстан цифрлық трансформацияның бастапқы кезеңінде ғана тұрғанын айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, енді нақты нәтижелерге назар аудару қажет.
"Бірақ қазір бізде істен гөрі сөз көп екенін мойындау керек, нақты цифрландыру кейде қолданыстағы процестерді автоматтандырумен немесе әртүрлі іс-шаралар өткізумен алмастырылып жатады", - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев цифрландыру қымбат бағдарламаны сатып алумен ғана шектелмей, нақты пайда әкелуге тиіс екенін қадап айтты.
"Цифрландыру іс жүзіндегі пайдасын түсінбестен, қымбат бағдарламалық өнімдерді сатып алумен ғана шектелмеуге тиіс", - деді Президент.
Еске салайық, 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын арнап жатыр.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу