Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Президент Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу Цзяиді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Кездесуде мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі еліміздің маңызды стратегиялық серіктесі саналатынын атап өтті. Қаржы институты Қазақстанда басымдыққа ие инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қол қойылған Серіктестік туралы негіздемелік келісімді құптады. Аталған құжаттың орнықты экономикалық дамуды ілгерілету мен өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда мәні зор.
"Банкпен бірге жалпы сомасы 2,6 миллиард доллардан асатын 9 жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыз бен байланысымызды жандандыра түсетініне сенімдімін", – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу Цзяиді қабылдады
Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу Цзяиді қабылдады
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Цзоу Цзяиді жуырда Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті болып тағайындалуымен құттықтады.
Цзоу Цзяи Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Қазақстанның энергетика, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым секторларындағы бірқатар ірі жобаға қолдау көрсеткенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Цзоу Цзяи бірлескен қызмет аясын тереңдетуге айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Таяу жылдары Қазақстан инфрақұрылым секторын жаңғырту бойынша ауқымды жоспарды жүзеге асыруға ниетті. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осы стратегиялық бастамаларға белсене атсалысуға дайын.
Қазіргі уақытта банк Көкшетау қаласындағы көпбейінді аурухана құрылысы, қуаты 220 МВт болатын жел электр стансасы, Жезқазған – Қарағанды, Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын автокөлік жолдарының учаскелері және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол салу жобаларына қаржы бөліп отыр.