Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Біріккен Араб Әмірліктері Иранға қарсы соққы жасауға жол бермейді. Ешкімге логистикалық қолдау көрсетпейді. Елдің Сыртқы істер министрлігі осылай деп хабарлады.
Құрама штаттар әскерінің Таяу Шығысқа көп шоғырлануына байланысты ресми Абу Даби жер, су және әуе кеңістігі толық бақылауда екенін жеткізді. Жалпы әмірліктер «Al Dhafra» базасы мен «Jebel Ali» портын АҚШ-пен бірлесіп пайдаланады. Онда негізінен әскери кемелер мен ұшақтар тоқтайды. Енді бұл базалардан Иран Ислам мемлекетіне қарай бірде-бір оқ атылмауға тиіс. Бұл арада әмірліктер Иранның үстінен құс ұшырмаймыз деп қорғап, қолпаштап отырған жоқ. Өз жағдайларын күйттеп отыр. Өйткені қарымта соққы жасалуы мүмкін. Абу Даби бұл қадамға аймақтық тұрақтылықты сақтау үшін барып отырғандықтарын айтады.
Тариқ Низами, сарапшы:
- Біріккен араб әмірліктері аймақта мүмкіндігінше бейбітшілік орнату үшін медиатор рөлін атқарып жүр. Сонымен қатар мұны мен қолдаймын. Өйткені әмірлікте қаншама жылдар бойы қауіпсіздік пен тұрақтылық қалыптасты. Маңайдағы және әлемнің әр қиырындағы шиеленістер сол жағдайға кері әсер етпеуі керек.