Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш пен Украина басшысы Владимир Зеленский жексенбі күні Ереванда келіссөз өткізді. Олар бұл қалаға Еуропалық саяси қауымдастықтың отырысына қатысу үшін келген.
Чехия телеарнасының мәліметінше, Бабиш пен Зеленскийдің кездесуінде үшінші елдерден Украина Қарулы күштеріне артиллериялық снаряд жинауды үйлестіретін "чехиялық бастама" жайлы әңгіме қозғалмаған.
"Ереванда Бабиш пен Зеленский төртінші рет кездесті, алайда бұл – Бабиштің өткен жылдың желтоқсанында қайтадан Чехия премьері қызметіне оралғаннан кейінгі алғашқы кездесуі. Соңғы рет саясаткерлер 2019 жылы Киевте кездескен. Келіссөздің басты тақырыбы энергетика болды. Бабиш Чехияның Украина аумағы арқылы Қазақстаннан газ транзиттеуге қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Ал Владимир Зеленский мұндай мүмкіндікті жоққа шығармады", — делінген хабарламада.
Бұған дейін ЧТК агенттігі Бабиш премьер қызметіне тағайындалғанға дейін де, кейін де Украинаға арналған артиллериялық снарядтарды жинау бастамасын жалғастырудан бас тартатынын бірнеше рет мәлімдегенін хабарлаған. Алайда кейінірек ол бұл бастаманы Чехия бюджетінен ақша бөлмей жалғастыруға келіскен. Сонымен қатар, Бабиш Чехия Украинаға өз қару-жарағын жеткізбейтінін, ал егер елдегі жеке қорғаныс компаниялары мұндай қадамға барса, бұл "олардың жеке ісі" екенін айтты.
Бұған дейін Welt газеті Чехия Украина үшін артиллериялық оқ-дәрілерді құпия жеткізу жолдары арқылы сатып алып жатқанын хабарлаған.