Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында жол бойындағы қонақ үйлер мен дәмханалардағы бағаның тым қымбат екенін айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бектеновтың айтуынша, бүгінде көпшілікке танымал және шалғайда орналасқан туристік дестинацияларға көлікпен жету қиын. Жол бойындағы сервиске қатысты да үлкен сұрақтар бар. Кей жерлерде энергия қуаты жетіспейді. Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық, құқық қорғау мен құтқару қызметтері барлық жерде бірдей ұйымдастырылмайды.
"Қонақ үйлерде, туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде баға сол күйі қымбат. Шашылып жатқан қоқыстарға, демалыс орындарына апаратын жолдар мен көлік тұрақтарының жоқтығына қатысты туристер тарапынан түсіп жатқан шағымдар көп", - дейді Бектенов.
Премьер осы мәселелерді шешу үшін жедел үйлестіру кеңесін құру қажеттігін жеткізді. Оны вице-премьер Аида Балаева басқарады. Ал туризм министрлігі үш күннің ішінде үкімет аппаратына тиісті өкім жобасын енгізуге тиіс.
"Үйлестіру кеңесі бір ай ішінде мемлекет басшысының барлық тапсырмасы мен ескертуін назарға ала отырып, туризмді дамыту тұжырымдамасына арналған іс-қимыл жоспарын жаңартуы қажет", - деп түйіндеді Бектенов.