“Бағалар Алматыдағыдай дерлік“: қазақстандық қыздар Жапонияға барар алдындағы лайфхактарымен бөлісті

09.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Қазақстандықтар Алматыдан Токиоға тікелей рейстің ашылуын көптен күтті, енді жақын арада Жапонияға жету әлдеқайда жеңілдейді. Алайда мәдениеті, тілі мен әдет-ғұрпы өзгеше елге сапарды алдын ала жоспарлаған жөн. Саяхатты неден бастау керек, ұшар алдында нені ескеру қажет және қандай жайттарға мән берген дұрыс? Бұл туралы жақында Жапонияда болып қайтқан қазақстандық қыздар Tengri Travel-ге айтып берді.

Сапарға дайындықты неден бастау керек?

Турагент Әйгерім Қалымжанова дайындықты күн таңдаудан, бағытты айқындаудан және виза рәсімдеуден бастауға кеңес береді. Оның айтуынша, алғашқы сапарда бүкіл елді бірден аралап шығуға тырыспай, бірнеше қаланы таңдаған тиімді.

"Классикалық бағыт – Токио, Киото және Осака. Егер Фудзи тауын көргіңіз келсе, Нара немесе Хаконеге бір күндік сапарды, сондай-ақ Кавагутиконы қосуға болады. Көпшілік біле бермейтін нұсқалардың ішінен Канадзаваны ұсынамын: ол жер өте әдемі, тыныш және туристер де аз", – деді Қалымжанова.

Токионың түнгі аспан астындағы телемұнарасы / Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Маманның пікірінше, туристердің басты қателігі – бір апта ішінде кемінде бес қаланы аралап үлгеруге тырысуы. Салдарынан саяхаттың едәуір бөлігі жолда өтіп кетеді.

"Екі-үш қаланы таңдап, оларды асықпай тамашалаған дұрыс", – дейді ол.

Қазақстан азаматтарына Жапонияның туристік визасы тегін рәсімделеді. Турагенттің айтуынша, Жапония елшілігі құжаттардың толық пакеті өткізілгеннен кейін визаны әдетте бесінші жұмыс күні береді. Ережелермен Жапонияның Қазақстандағы елшілігі сайтынан танысқан абзал.

Ескерту. Жапонияға виза алу үшін құжат тапсырғанда оның мақұлдануына кепілдік жоқ - өтініш берушіге виза беруден бас тартылуы мүмкін.

Жапонияға виза алдым. Әрі қарай не істеу керек?

Біріншіден, қуану керек. Екіншіден, билет сатып алу қажет.

Сондай-ақ ұшар алдында Visit Japan Web жүйесіне тіркелген жөн. Ресми сервис арқылы төлқұжат бақылауына қажетті деректерді алдын ала толтырып, QR-код алуға болады.

Жақында Жапонияда болып қайтқан алматылық Ботагөз бұл қызметті дайындық кезіндегі ең пайдалы дүниелердің бірі деп санайды.

"Біз ұшып барғанда төлқұжат бақылауында көбі форманы қолмен толтырып жатты, кезек өте үлкен болды. Ал бізде QR-код дайын тұрды – оны көрсетіп, әрі қарай өте бердік. Неге екені белгісіз, бұл туралы сирек айтылады, бірақ ұзақ ұшудан кейін бұл уақытты едәуір үнемдейді", – деп бөлісті ол.

Нарита әуежайындағы төлқұжат бақылауындағы туристер кезегі, Токио / Фотоны Ботагөз жолдаған

Ботагөз сауалнаманы үйден толтырып, QR-кодты сақтап алуға кеңес береді. Сондай-ақ интернет ұшақ қонған бойда жұмыс істеп тұруы үшін eSIM-ді алдын ала қосып қойған дұрыс.

Сапарға қанша ақша қажет?

Турагент Әйгерім Қалымжанованың есебінше, қымбат қонақүйлер мен мейрамханаларды таңдамаған жағдайда, бір адамға 7-10 күнге ұшу билетімен бірге шамамен 1,2-1,8 миллион теңге бөлу керек.

"Бизнес-қонақүй бір түнге әдетте 8-15 мың иен (шамамен 23-43 мың теңге), тамақтану – күніне 4–6 мың иен (11-17 мың теңге), көлік шығыны – тағы 1-2 мың иен (3–6 мың теңге). Қалалар арасындағы синкансэн (жүрдек пойыз) сапарларын бөлек есептеу қажет", - деп атап өтті турагент.

Ботагөз Жапонияда 14 күн болып, Токио, Осака, Киото және Кавагутико қалаларын аралады. Шопингті есептемегенде, сапар оған шамамен бір миллион теңгеге түскен.

"Алматыдағы бағамен шамалас деп есептеймін. Шанхай (Қытай) арқылы ауысып ұшу шамамен 350 мың теңге болды. Төрт қаладағы қонақүйлер – бір адамға шамамен 300 мың, тамаққа 200 мыңдай кетті. Екі апталық қалалық көлік шығыны – 25-28 мың, синкансэнмен бір рет жүру – шамамен 50 мың теңге. Бұған қоса, Universal Studios-қа 30 мыңдай және Осакадағы океанариумге 15 мың теңге жұмсалды. Нәтижесінде, заттар сатып алуды қоспағанда, бір миллион теңгедей шығындалдым", – деді ол.

Туристер Жапониядағы Lawson дүкені маңында Фудзи тауы аясында суретке түсіп жатыр / Фото Ақбота Сіләм

Турагенттің айтуынша, тамақ пен тұрғын үйден үнемдеуге болады. Таңғы ас пен жеңіл тамақтану үшін комбинилер (тәулік бойы жұмыс істейтін жапон дүкендері) тиімді. Желілік дәмханалардан арзан тағамдар табуға болады, ал ірі қонақүйлердің орнына шағын бизнес-қонақүйлерді таңдаған абзал.

Фото Ақбота Сіләм

Қолма-қол ақша қажет пе?

Картаны да, қолма-қол ақшаны да алып алған дұрыс. Қалымжанова қолыңызда 10-20 мың иен (шамамен 28-57 мың теңге) болғанын жөн көреді. Шағын дәмханаларда, храмдарда және кейбір басқа орындарда карта қабылдамауы мүмкін. Ботагөз де иен алып жүруге кеңес береді.

"Доллар алып баруға болады, бірақ айырбас бағамы әрдайым тиімді бола бермейді. Біз ақшаның бір бөлігін әуежайда айырбастадық, бір бөлігін банкоматтардан шешіп алдық, кейбір банкоматтар шетелдік карталармен жұмыс істейді. Қолма-қол ақша қонақүйлерде де керек: өзіне-өзі қызмет көрсететін кір жуу орындары тиын қабылдайды, бір рет кір жуу шамамен 100-300 иен (280–850 теңгеге жуық) тұрады", – деді Ботагөз.

Номиналы 1000 жапон иені болатын банкноттар / Фотоны Ботагөз ұсынған

Жапонияда қандай қосымшаларды жүктеп алу керек және қалай жүріп-тұруға болады?

Қазақстандықтар ең пайдалы қосымшалар ретінде Google Maps пен Google Translate-ті атайды. Турагент Әйгерім Қалымжанова таксиге GO қосымшасын ұсынады, бірақ Ботагөз екі апта ішінде такси қызметіне жүгінбегенін айтады.

"Бізге таксидің қажеті болмады. Метро, пойыз және автобуспен кез келген жерге жетуге болады. Алғашында көлік сызбасы күрделі көрінуі мүмкін, бірақ Google Maps бағытты, қажетті платформа мен шығу жолын көрсетіп береді. Бекеттердегі нұсқағыштар ағылшын тілінде қайталанады. Алғашқы бірнеше күнде шатастық, бірақ кейін тез үйреніп кеттік", – дейді Ботагөз.

Жолаушылар Токио метросындағы платформада қорғаныс қоршауы артында пойыз күтіп тұр / Фотоны Ботагөз ұсынды

Қыз жолақысын Suica немесе PASMO көлік карталарымен төлеген ыңғайлы екенін атап өтті.

"Suica картасын iPhone-дағы Wallet-ке оңай қосып, Apple Pay арқылы толтыруға болады. Онымен жолақыны ғана емес, дүкендердегі сауданы да төлеуге болады. Қала ішінде метромен немесе пойызбен бір рет жүру орта есеппен 200 иен тұрады – бұл шамамен 570 теңге", – дейді Ботагөз.

Токио метро пойызы ішіндегі бағыт пен бекет атаулары көрсетілген ақпараттық табло / Фотоны Ботагөз ұсынды

Ірі қалалар арасында синкансэн – жүйрік пойызбен жүрген ыңғайлы. Мысалы, Токиодан Киотоға дейінгі жол шамамен 2 сағат 15 минутты алады.

Нені алып бару керек?

Қалымжанова чемоданға мына заттарды міндетті түрде салуға кеңес берді:

А типті розеткаларға арналған қосқыш; шешуге ыңғайлы аяқ киім; қажетті дәрі-дәрмек; қоқысқа арналған шағын пакет.

Соңғы тармақ күтпеген жағдай болып көрінуі мүмкін, бірақ Жапонияда көшедегі қоқыс жәшіктері өте аз.

"Кейде жақын маңда қоқыс жәшігі болмағандықтан, стақанды немесе қаптаманы өзіңмен бірге бірнеше сағат бойы алып жүруге тура келеді. Сондықтан сөмкедегі кішкентай пакет өте қажет болады. Кейде қоқысты комбинилерге – үй жанындағы дүкендерде тастауға болады", – деп толықтырды Ботагөз.

Токиодағы Сибуя түнгі жолайрық / Фото: Ақбота Сіләм

Жапонияға нені алып баруға болмайды?

Қалымжанова туристерге ет өнімдерін алып бармауды ерекше ескертеді.

"Қазы, шұжық, ет консервілерін және басқа да ет өнімдерін алып бармаңыз. Оларды елге кіргізуге тыйым салынған, кеденде тәркілеп, айыппұл салуы мүмкін", – деді ол.

Сапар алдында дәрі-дәрмекті де тексеріп алған жөн. Қазақстанда еркін сатылатын кейбір препараттар мен заттарға Жапонияда шектеу қойылуы мүмкін.

Жапонияда қандай әрекет әдепсіз саналады?

Турагенттің айтуынша, метрода қатты сөйлеу және телефонмен сөйлесу әдепсіздік болып саналады. Сондай-ақ Жапонияда әдетте шайпұл қалдырмайды, кезек күтеді, метрода белгіленген қозғалыс бағытын сақтайды және бейтаныс адамдарды рұқсатсыз суретке түсірмейді.

Жапониядағы метро платформасы мен баспалдағындағы жолаушыларға арналған бағыт нұсқағыштары мен күту орнының белгілері / Фото: Ақбота Сіләм

Қалымжанова белгілі бір орынның ережелеріне, әсіресе ғибадатханаларда, онсэндерде және дәстүрлі қонақ үйлерде мұқият болуға кеңес береді.

"Жапон әдебін түгелдей алдын ала жаттап алудың қажеті жоқ. Айналаңыздағы адамдар өзін қалай ұстайтынына қарап, сол жердің ережелерін сақтау жеткілікті", – деді ол.

Токиодағы Мэйдзи ғибадатханасының тории қақпасы алдындағы келушілер / Фото: Ақбота Сіләм

Ботагөз әсіресе шайпұлдан бас тарту тосын жағдай болғанын еске алады.

"Universal Studios-та бізге өте мейірімді даяшы қызмет көрсетті, оған алғыс айтқымыз келді. Аудармашы арқылы Жапонияда шайпұл бермейтінін білетінімізді, бірақ бәрібір қалдырғымыз келетінін жазып көрсеттік. Ол бас тартты. Бұл оған ыңғайсыздық тудыратын болса керек, бірақ біз тым болмаса әрекет жасап көрдік", – дейді ол.

Жапонияға қашан барған дұрыс?

Ең танымал маусымдар – сакура гүлдейтін көктем және үйеңкі жапырақтары қызаратын күз мезгілі. Бірақ бұл уақытта баға өсіп, туристер саны көбейеді.

Қалымжанова сакура мен күз мезгіліне сапарды 4-6 ай бұрын, ал жай маусымда кем дегенде 2-3 ай бұрын брондауға кеңес береді.

Жапониядағы тұман мен ағаштар аясындағы Тюрейто ғибадатханасы / Фото: Ақбота Сіләм

Алматы – Токио тікелей рейсі қашан ашылады?

Алматыдан Токиоға тікелей рейс ашу мәселесі үш жылдан аса талқыланып келеді, оны іске қосу мерзімі бірнеше рет өзгерді.

2023 жылғы 30 мамырда Air Astana-ның экс-президенті Питер Фостер әуекомпания Токиоға 2024 жылдың наурызында ұша бастауды жоспарлап отырғанын айтқан болатын. Алайда бұл жүзеге аспады. 2024 жылғы 10 наурызда Азаматтық авиация комитеті Tengri Travel-ге Алматы – Токио бағытындағы тікелей рейсті іске қосу мерзіміне қатысты басқа мәлімет берді: рейстің ашылуы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған болатын. 2024 жылғы 22 тамызда Air Astana мен Japan Airlines әуекомпаниялары кодшерингтік келісімге отырғаны белгілі болды, ал бағыттың ашылуы 2026 жылдың көктеміне ауыстырылды. Сол жылдың қазанында ААК бұл мерзімді растады. 2026 жылдың көктемінде мерзім тағы өзгерді. 28 сәуірде көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров кешігу себебін Boeing Dreamliner ұшақтарының жеткізілуімен түсіндірді және рейс алдын ала болжам бойынша 2026 жылдың күзінде іске қосылатынын айтты. 19 мамырда көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жаңа мерзімді атады – 2026 жылдың төртінші тоқсаны.

Ақыры, 2026 жылғы 2 қазанда қазақстандық әуекомпания нақты күнді жариялады: Алматы – Токио бағытындағы алғашқы тікелей рейс 30 қарашаға, ал кері рейс 1 желтоқсанға жоспарланған. Нарита әуежайына ұшу Airbus A321LR ұшағымен аптасына екі рет орындалады деп жоспарланған. Алматыдан ұшу ұзақтығы шамамен 7 сағат 30 минут. Кері ұшу ұзақтығы – шамамен 9 сағат 25 минут.

Ескерту: Бұған дейін ұшу кестесі Үкіметтің мақұлдауын күтіп отырғаны хабарланған болатын.

Тасымалдаушының сайтындағы өзекті мәліметке сәйкес, эконом-кластағы бір бағытқа билеттің ең төменгі құны 209 500 теңгеден, бизнес-класта 905 480 теңгеден басталады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью