Бахаргүл Төлегенқызы: Коллекциямда мыңнан астам антикварлық бұйым бар

05.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Бахаргүл Төлегенқызының өнерге деген құштарлығы бала күнінен, анасының іс-тігіп, ине сабақтағанын көріп өскеннен басталған. Студенттік жылдары Бейжіңде оқып жүріп, императорлар сарайындағы 5 мың жылдық тарихқа таңдай қаққан ол, елге оралған соң қазақтың төл өнерін жинақтауды қолға алады.

– 1996 жылдан бастап қазақ халқының және Орта Азия халықтарының дүниелерін жүйелі түрде жинай бастадым. Басында шетелден алып келген антиквариат дүниелерімді өзге ұлт өкілдеріне беріп, оның орнына қазақтың қаймағы бұзылмаған ұлттық бұйымдарын айырбастап алдым. Қазір қолымда 40-50 сандыққа жүк болатын жәдігер бар. Олардың ішінде I-III ғасырлардағы теңгелер, VII-VIII ғасырдағы Түркі дәуірінің қару-жарақтары мен Отырар керамикасы бар, - дейді Бахаргүл Төлегенқызы.

Коллекционер тек жәдігер жинап қана қоймай, Қазақстандағы алғашқы жеке музейлердің бірін ашқан. 2011 жылы Алматыда іргетасы қаланған бұл орталық 10 жыл бойы халыққа, әсіресе жастарға тегін қызмет көрсетіп, танымдық алаңға айналды. Қазіргі таңда бұл бірегей коллекция Астана әкімдігінің қолдауымен «Нұр Әлем» павильонының бірінші қабатында көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Сонымен қатар Бахаргүл Төлегенқызы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «кәде сый» атауының қазақ лексиконына енуіне де септігін тигізген.

– Ол кезде сувенир деп айтатынбыз. Сол кезде редактор Марат Тоқашбаев ағамыздан кеңес сұрағанымда, ол кісі бұл ұғымды кәде сый деп атауды ұсынды. Содан бері Әдемі-ай компаниясы арқылы мыңнан астам кәде сый түрін шығардық, - деп түйіндеді ол.

Бүгінде Бахаргүл Төлегенқызы елордада жеке ұлттық өнер орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл орталық қазақ халқының ат әбзелдерінен бастап, зергерлік бұйымдарына дейінгі құнды мұраны бір арнаға тоғыстыратын бірегей нысан болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін төл теңгемізден коллекция жинайтын ақтөбеліктердің жұмысы жайлы жазған едік.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью