Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Зымыранның ұшырылуын көру, Королев пен Гагариннің үйшіктеріне бару немесе аңызға айналған ұшыру алаңдарын аралау - мұның бәрі мүмкін, бірақ Байқоңырға жету үшін алдын ала ресімделетін рұқсат қағазы қажет. Tengri Travel Қызылорда облыстық туризм басқармасынан бүгінде Байқоңырға қалай баруға болатынын, сапар құны қанша тұратынын және алдағы жылдары не өзгеретінін білді.
Байқоңырға қалай баруға болады?
"Байқоңыр" кешені қатаң өткізу режимі бар аумақ болып қала береді. Ол күзетпен қамтамасыз етілген, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған, ал мұнда тек бақылау-өткізу пункттері арқылы кіруге болады.
Рұқсат қағазы барлық келуші үшін міндетті, соның ішінде:
Қазақстан және Ресей азаматтары; қала тұрғындары мен ғарыш айлағының қызметкерлері; шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар; ресми делегация мүшелері; бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері; туристер мен жеке тұлғалар. Қандай құжаттар қажет?Рұқсат қағазын ресімдеу үшін Байқоңыр қаласының әкімшілігіне немесе Қазақстан мен Ресейдің уәкілетті органдарына стандартты құжаттар пакетін ұсыну қажет. Сауалнамада мыналар көрсетіледі:
Аты-жөні, азаматтығы, жеке басын куәландыратын құжат мәліметтері; жұмыс орны мен лауазымы (қажет болған жағдайда); келу мақсаты, мерзімі және бағыты; аралайтын нысандар тізімі; ілесіп жүретін автокөлік туралы мәліметтер (маркасы, мемлекеттік нөмірі) және әкелінетін техника (фото-, видеоаппаратура, дрондар және т.б.).Іс жүзінде туристердің бұнымен өз бетінше айналысуы сирек. Әдетте, рұқсат қағаздарын ресімдеуді туроператор толығымен өз мойнына алады - саяхатшыға тек қажетті құжаттарды ұсыну керек.
Рұқсатты қанша күту керек және бұл процесс жеңілдей ме?Бұған дейін Туризм индустриясы комитеті шетелдіктерге рұқсат беру мерзімі 10 күнге дейін қысқартылғанын хабарлаған болатын. Хаттамаға сәйкес, қазақстандықтар мен ресейліктер үшін қарау мерзімі 5 күнге дейін қысқартылды.
"2025 жылғы 17-19 қарашада Астана қаласында өткен "Байқоңыр" кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысының хаттамасына сәйкес, "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясы (АҚ "ЦЭНКИ") тұлғасындағы уәкілетті органға Қазақстан мен Ресей азаматтарына өтінімдерді қарау мерзімін 5 күнге дейін қысқарту тапсырылды", - деп хабарлады өңірдің туризм басқармасы.
Бұл ретте турды бірыңғай мемлекеттік онлайн-платформа арқылы сатып алу әзірге мүмкін емес. Сапарларды ресімдеу үшін цифрлық "бірыңғай терезе" іске қосу жоспарда бар, бірақ жүйені әзірлеу кезінде ғарыш айлағының қауіпсіздік талаптары негізгі басымдық болып қала беретіні атап өтілді.
Фото: depositphotos/bortnikau
Тур қанша тұрады және ол арзандай ма?Туристік агенттіктердің бірінің мәліметі бойынша, үш күндік турдың құны шамамен 1000 долларды (шамамен 450-470 мың теңге) құрайды. Бағдарламаға мыналар кіреді:
Қызылорда әуежайынан немесе теміржол вокзалынан трансфер; рұқсат қағазын ресімдеу және БӨП-тен өту; қонақүйде тұру, сондай-ақ таңғы және кешкі астар; ғарыш айлағының мұражай кешенін аралау ("Буран" орбиталық кемесін, Королев пен Гагариннің тарихи үйшіктерін, ашық аспан астындағы экспозицияны көруді қоса алғанда); жұмыс істемейтін технологиялық мұнаралардың біріне көтерілу; ғарыш айлағының ұшыру алаңдарына экскурсиялар; жер асты құрылыстарын: басқару және ұшыру орталығын, сондай-ақ эвакуациялық тоннельді көру; зымыранның ұшырылуын бақылау; "Бәйтерек" монтаждау-сынақ кешеніне бару; ғарыш айлағының тарихы туралы деректі фильмді көрсету; жұлдызды аспанды бақылау үшін далаға шығу.Скриншот: visitbaikonur.kz
Бұл ретте басқарма ақпаратынша, мемлекет турлардың құнын реттемейді. Бағаны туроператорлардың өздері қалыптастырады, ал "Бәйтерек", "Инфракос" және ЦЭНКИ сияқты бейінді ұйымдар туристік қызметті жалпы үйлестірумен айналысады.
Байқоңырда не өзгереді?"Туристік пакеттерді сату жеке субъектілер арасындағы шарттық қатынастар негізінде жүзеге асырылады. Бұл процестерге мемлекеттің араласуы еркін бәсекелестік принциптерін бұзу ретінде бағалануы мүмкін", - деп нақтылады ведомство.
Қазір ғарыш айлағының туристік тыныс-тіршілігі көбінесе зымырандарды ұшыру кестесіне байланысты.
"Қазіргі уақытта негізгі назар зымыран ұшыру күндеріне байланған оқиғалық туризмге аударылып отыр, бұл келушілер ағынын шектейді және инфрақұрылымды тиімді дамытуға мүмкіндік бермейді", - деп бөлісті басқармадағылар.
Дәл осы себепті министрлік Туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Оның басты міндеті - Байқоңырды тек ұшырылым күндері емес, жылдың кез келген мезгілінде келуге тартымды ету.
Туристер үшін қандай нысандар ашылады?Тұжырымдамаға сәйкес, ғарыш айлағын ауқымды жаңғырту күтіп тұр. Ресей бірқатар тарихи нысанды жалдаудан шығарады, олардың негізінде Қазақстан жаңа экскурсиялық бағыт құрады.
Бағдарламаға мыналарды қосу жоспарланған:
№1 алаң ("Гагарин старты"); ғарыш айлағы тарихының мұражайы, Гагарин күркесі және Нөлдік орам; Королев пен Гагариннің тарихи үйлері; монтаждау-жанармай құю кешені (МЖК) және динамикалық сынақ стенді; QAZCOSMOS бақылау алаңы, сондай-ақ № 43 және № 45 алаңдар.Ғарыштық локациялардан бөлек, маршрутқа Жосалы ауылының маңындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені де енгізіледі.
"Өңірге деген қызығушылықты арттыру үшін ғарыш нысандарымен қатар маршрутқа Жосалы ауылының маңында орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені де енгізілді. Бұл тарихи-мәдени ескерткіш қазақ халқының бай мұрасын көрсететін бағыттың қосымша нүктесі болады. Маршрутты дамыту аясында өңірдің тарихы мен дәстүрлеріне арналған фестивальдер, мәдени іс-шаралар мен этнографиялық көрмелер өткізуге болады", - деп хабарлады басқарма.
Ведомство мәліметінше, сонымен қатар тарихи ғимараттарды қайта жаңғырту, инфрақұрылымды жаңарту және заманауи интерактивті экспозициялар құру жоспарланған.
Неден үлгі алды?Ғарыш туризмін сәтті дамытудың үлгісі ретінде басқарма АҚШ-тағы Кеннеди ғарыш орталығын мысалға келтірді. Ведомство мәліметінше, оған жыл сайын 1,7 миллионға жуық адам келеді. Орталық мұражайды, білім беру бағдарламаларын және интерактивті алаңдарды біріктіреді, ал дамыған инфрақұрылым туристерді жыл бойы қабылдауға мүмкіндік береді.
Туризмнің бұл түрінен түсетін табыс 270 миллион доллардан асатыны атап өтілді.
Байқоңырға қанша қаражат жұмсау жоспарланған?"Кеннеди ғарыш орталығы (АҚШ, Флорида штаты, 1962) - мұражай кешенін, білім беру бағдарламаларын және интерактивті аттракциондарды біріктіретін әлемдегі ең ірі ғарыш туризмі орталықтарының бірі. Дамыған инфрақұрылымы, қолайлы көлік қолжетімділігі және кең туристік бағдарламасының арқасында Кеннеди ғарыш орталығы жыл сайын 1,7 млиллионға жуық келушіні қабылдайды. Туристерге бірегей мүмкіндіктер ұсынылады", - деп бөлісті басқарма.
Өңірдің туризм басқармасы 2030 жылға дейінгі бюджеттің нақты сомасы әлі белгісіз екенін атап өтті. Қаражатты мемлекеттік бюджет пен жеке инвесторлардың салымдарынан жинақтап, кезең-кезеңімен бөлу жоспарланған.
"Қазіргі уақытта 2030 жылға дейін тек "Байқоңыр" кешені аумағында туризмді дамытуға қарастырылатын бюджет қаражатының жеке көлемі айқындалған жоқ. Нақты жобаларды қаржыландыру тиісті инвестициялық ұсыныстар, жобалау-сметалық құжаттамалар мен бағдарламалық құжаттар әзірленіп, бекітілген сайын анықталатын болады", - деп түсіндірді басқарма.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу