Байрақ түркілік мемлекеттік рәміз

25.07.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Түркі өркениетінде мем­ле­кеттік ту ұғымының та­рихи атауының бірі – байрақ. Бұл атау ғасырлар бойы түр­кі халықтарының тілінде ел­дік­пен, тәуелсіздікпен және билік­пен сабақтасып келді. Сондықтан бай­рақ ұғымын қайта жаңғырту – тек тілдік мәселе емес, тарихи жадты, ұлттық сана мен ортақ өркениеттік мұраны қайта тану мәселесі.

Кейінгі кезеңдерде еуропалық ғы­­лыми терминологияның ықпа­лы­мен ту, байрақ, жалау ұғым­да­ры түрлі жүйелерге бөлініп қа­рас­тырылды. Вексиллология ғы­лы­мында Flag («Флаг») – жалпы ту ұғы­мын білдіреді, Standard («Байрақ») – белгілі бір билеушінің, мемлекет бас­шысының немесе әскери құры­лым­ның дербес рәмізіне қатысты қолданылады, ал Banner («Жалау») – әскери, әулеттік немесе ұйымдық сипаттағы рәміздерге байланысты айтылады.

Алайда бұл жіктеуді түркі ха­лық­тарының тарихи рәміздік жү­йе­сіне сол күйінде көшіру толық ғы­лы­ми дәлдік бере бермейді. Себебі түркі дүниесінде байрақ ұғымы тек әскери белгімен шектелмеген. Ол мемлекеттің, биліктің, елдіктің және халықтың рухани бірлігінің қасиетті көрінісі болған.

Сондықтан «байрақ» сөзін тек Standard ұғымымен теңестіру – еуропалық терминологиялық жүйені түркілік тарихи дәстүрге меха­никалық түрде қолдану. Түр­кі халықтарының санасында бай­рақтың мағынасы әлдеқайда кең: ол әрі мемлекеттік рәміз, әрі би­лік­тің белгісі, әрі халықтың азаттық рухын білдіретін қасиетті ұғым.

Түркия Республикасының мемлекеттік туы бүгінгі ресми қолданыста Türk Bayrağı деп аталады. Сонымен қатар түрік халқы оны тарихи-рухани мағынада Al Bayrak («Ал байрақ»), Ay Yıldızlı Bayrak («Ай-жұлдызды байрақ»), Şanlı Bayrak («Даңқты байрақ») деп атайды.

Мұндағы «al» сөзі көне түркі және қазіргі түрік тілінде «қызыл», «алқызыл» мағынасын білдіреді. Сондықтан Al Bayrak сөзбе-сөз «Қызыл байрақ» деген ұғымды береді. Бірақ бұл атаудың тарихи мәні тек түспен шектелмейді. Түрік халқының тарихи санасында Ал байрақ – тәуелсіздік жолында төгілген қанның, Отанға адалдықтың, ерлік пен ұлттық бірліктің қасиетті рәмізі.

Осман мемлекеті дәуірінен бастап бүгінгі Түркия Респуб­ли­­касына дейін бұл ұғым түрік халқының рухани жадында сақталып келеді. Түрік әдебиеті мен поэзиясында, әскери марш­тарында және патриоттық шығармаларында Ал байрақ ел тағдырымен сабақтас мәңгілік рәміз ретінде жырланады.

Сонымен бірге қазіргі түрік тіліндегі «bayrak» сөзінің жалпы «ту» мағынасында қолданылуы оның тарихи мазмұнының жо­йылғанын білдірмейді. Кері­сінше, бұл сөз түркі мем­лекет­терінің дәстүрінде мемлекет­ті­ліктің, биліктің және әскери абыройдың қасиетті белгісі ретінде қалыптасқан.

Көне түркі қағанаттары, Түр­геш, Қарлұқ, Қарахан, Қыпшақ мемлекеттері, Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуірлерінде байрақ ханның, қағанның немесе қолбасшының беделін танытатын ерекше рәміз болды. Байрақтың жығылуы – жеңілістің белгісі болса, оның қайта көтерілуі – ел рухының қайта жаңғыруын білдірді. Сондықтан байрақ түркі ха­лықтары үшін жай ғана жел­біре­ген мата емес, мемлекеттің тұтастығын, биліктің заңдылығын және халықтың рухын білдіретін қасиетті белгі еді.

Бұл дәстүр бүгінгі түркі халық­та­рының рәміздік мәдениетінде де жал­ғасып келеді. Түркия – Türk Bayrağı, Әзербайжан – Azərbaycan Bayrağı, Татарстан – Tatarstan Bayrağı, Башқұртстан – Башҡортостан Дәүләт Байрағы, Түрікменстан – Türkmenistanyň Baýdagy, Өзбекстан – Davlat Bayrogʻi атауларын қолданады.

Бұл атаулардың барлығы түркі дүниесінде байрақ ұғымының мемлекеттік рәміз деңгейінде сақ­талғанын көрсетеді. Яғни қазіргі түркі тілдерінің басым бөлі­гін­де байрақ сөзі мемлекеттік ту ұғы­мы­ның табиғи әрі тарихи баламасы ретінде өмір сүріп отыр.

Қазақ халқының тарихи жадында да байрақ ұғымының орны ерекше болды. Абылай ханның ақ байрағы, Кенесары ханның ақ байрағы, Алаш әскерінің ақ байрағы – елдік пен ерліктің, тәуелсіздік пен күрестің белгісі ретінде халық санасында сақталды.

Қазақ тіліндегі «байрақ көтеру», «байрағы жығылмау», «байрақты ел», «байрақты қол» сияқты тұ­рақты тіркестер бұл ұғымның халық­тың рухани әлемінде қан­ша­лықты терең орныққанын көр­сетеді. Байрақ қазақ санасын­да жеңіс пен жеңілістің, намыс пен ерліктің, мемлекет пен халық­тың бірлігінің көрінісі болып қа­лып­тасты.

Осы тарихи және мәдени сабақтастықты ескере отырып, еліміздің мемлекеттік рәміздік жүйесінде «байрақ» ұғымын қайта жаңғырту мәселесін қарастыруға болады.

Бұл мақалада «Елбайрақ» атауы не­гізгі ғылыми термин ре­тін­де ұсы­нылады. Себебі ол қа­зақ тіліндегі «Елтаңба», «Елорда» сияқты ұлттық атау жасау дәстүрі­мен үндеседі. Мұнда «Ел» сөзі – мемлекет пен халықты, ал «байрақ» сөзі – мемлекеттің қасиетті рәмізін білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда Елбайрақ – халық пен мемлекеттің бірлігін, тәуелсіздік пен ұлттық тұтас­тықты білдіретін терең мағы­налы рәміздік атау.

Егер мемлекеттік рәміздердің ұлттық атауларын жаңғырту мәсе­лесі қарастырылса, осы бағыт­та hymn («гимн») атауын да ғылыми-тілдік тұрғыдан қайта пайымдау қажеттілігі туындайды. Қазақ тіліндегі «Әнұран» сөзі қалыптасқан қолданыс болға­ны­мен, ұлттық атау жүйесі тұр­ғы­сы­нан «Елұран» ұғымы да назар аударуға лайық. Себебі «Елтаңба», «Елбайрақ», «Елұран» атаулары біртұтас ұлттық рәміздік жүйе қалыптастырар еді.

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,

геральдист

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью