Баку мен Ереван арасындағы бейбітшілік келісімі қай кезеңде

19.02.2026

Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Қол қойылмаған бейбітшілікке келісім

13 ақпанда Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев отандық телеарналарға берген сұхбатында Бакуда бейбітшілік орнады деп есептейтінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, келісімдер мақұлданып, құжат парафирленгеннен кейін іс-жүзінде бейбіт қарым-қатынас орнаған.

Ал ресми қол қою үшін Армения Конституциясына өзгерістер енгізіліп, Баку аумақтық талап ретінде қарастыратын тармақтар жойылуы тиіс.

Әзербайжан тарапы өз ұстанымын ашық білдірді. Келісімнің саяси негізі дайын, келіссөздер кезеңі аяқталды, ендігі кезек Ереван билігінің ішкі құқықтық шешімдерінде.

Ереванның ұстанымы қандай?

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қою 2026 жылғы 7 маусымға жоспарланған парламенттік сайлауға дейінгі басты басымдықтың бірі екенін растады. Оның айтуынша, құжат мәтіні өткен жылдың көктемінде дайын болғанымен, нақты уақытына қатысты талқылаулар әлі де жалғасып жатыр.

Қазіргі таңда қос тарапта да саяси ерік-жігер бар деп айтуға негіз бар, бірақ келіссөздерге қою мерзімі әлі белгісіз.

Келіссөздер серпіні

Екі ел басшыларының соңғы бір жылдағы тікелей байланыстары диалогтың тұрақты арнаға түскенін көрсетеді. 3 ақпанда Абу-Дабиде өткен кеңейтілген кездесу 2025 жылдың жазынан басталған дипломатиялық белсенділіктің заңды жалғасы болды.

Естеріңізге сала кетейік, сол кезде АҚШ-тың араағайындығымен бейбітшілік келісімінің жобасы алғаш рет жарияланған еді.

Фото: president.az

Күз кезінде бұл мәселе еуропалық форумдардан бастап, Азия мен Таяу Шығыстағы халықаралық алаңдарда талқыланды. Тараптар шекараны межелеу, коммуникацияларды қалпына келтіру және инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу сияқты мәселелерге назар аударды.

Бұл процестегі маңызды оқиға — Вашингтондағы саммит. Дональд Трамптың қатысуымен парафирленген құжат өзара егемендік пен аумақтық тұтастықты тануды, аумақтық талаптардан бас тартуды және шекараны бөлу тетіктерін бекітеді. Сондай-ақ, Әзербайжан мен Нахчыван арасындағы көлік дәлізін қамтитын арнайы бөлім де бар.

Экономика — бейбітшілік кепілі

Саяси диалогпен қатар, Баку экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларға баса мән беріп отыр. Әзербайжан Шығыс пен Батысты байланыстыратын негізгі торапқа айналуды көздеп, аймақтық көлік бағыттары мен энергетикалық жобаларды белсенді дамытып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, аймақтағы экономикалық мүдделер неғұрлым тығыз болса, қақтығысқа орын соғұрлым аз қалады. Оңтүстік Кавказ арқылы өтетін жолдар тек логистикалық жоба емес, ұзақ мерзімді тұрақты коммуникация құралы ретінде қарастырылып отыр.

Саясат пен қоғам

Екі жақ халықтары арасындағы татулықтың белгілері де байқала бастады. Мәселен Астанада өткен Silk Way Star халықаралық вокалдық байқауында әзербайжандық әнші Самира Эфенди армениялық қатысушы Саро Геворгянға ең жоғары ұпай беріп, сахнада құшақтауы көпшіліктің назарын аударды.

Фото: ВВС

BBC-дің жазуынша, мұндай қадамдардың маңызы зор, мәні терең. Бұл ұзаққа созылған қарулы қақтығысқа қарапайым халық та нүкте қойғысы келетінін білдіреді. Ал әзербайжандық әншінің сөзінше, ол қатаң сынға ұшырауы мүмкін екенін түсінсе де, диалогке қадам жасауды жөн санаған.

Бұл оқиғаның Қазақстан сияқты бейтарап алаңда орын алуы — еліміздің мәдени-гуманитарлық диалог орталығына айналып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Келесі қадам қандай?

Бүгінде Баку мен Ереван арасындағы бейбітшілік келісімі дипломатиялық мәреге жетті. Құжат мәтіні дайын, негізгі принциптер мақұлданған. Ендігі басты кедергі — келіссөздер процесі емес, Арменияның ішкі саяси-құқықтық жағдайы.

Сондықтан қазіргі басты сұрақ «келісім бола ма?» емес, «ол қашан қол қойылады?» дегенге саяды.

Айта кетейік, бұған дейін Әзербайжан Президенті мен Армения Премьер-министрі «Адамзат бауырластығы үшін» Заид сыйлығымен марапатталған болатын.

Баку мен Ереван арасындағы уағдаластық Қазақстанға қалай әсер ететіні жайлы сарапшылардың пікірін жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью