Бала ақысы қоғамның ары

06.08.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Әрбір төленбеген алимент – жай ғана қаржылық қарыз емес, баланың ертеңіне жетпеген қамқорлық, орындалмаған ата-ана парызы. Сондықтан мемлекеттік органдарға, соттарға түсетін арыз-шағымдардың қомақты бөлігін алимент дауларының құрауы кездейсоқ емес. Кейбір іс жылдарға созылып, шешімін таппай жатады. Ал бұл түйткілді тарқатудың түпкі мәні – ел ертеңі саналатын жас ұрпақтың құқығын қорғау, әділетті елдің ұстынын нығайту.

Жоғалған көлік ізі

Алимент өндіру саласында қордаланған, жүйелі түйткілдердің артында нақты адамдардың тағдыры тұр. Солардың бірі – көпбалалы ана Г.-ның оқиғасы. Ол жеке сот орындаушылары Н. мен Е.-нің әрекетіне байланысты көптен бері сергелдеңге түскенін хабарлады. Айтуынша, Алматы облысының жеке сот орындаушысы Е.-нің қаулысына сәйкес, борышкер Ж.-ға тиесілі Toyota Land Cruiser Prado маркалы автокөлігі тәркіленген және өндіріп алушыға берілуге тиіс болған. Бірақ қаулы шыққанымен, көлік сол бойы жалғызбасты ананың қолына тимеген. Құжат жүзінде тапсырылған дүние жолай ғайып болған.

«Сол автокөлікті өз атыма рәсімдей алмай әуремін. Жеке сот орындаушысы Е. атқарушылық құжатты толық орындау үшін қажетті шараларды қабылдамайды. Айтатын сылтауы: бұл жағдайды түзетуге құзыры жоқ. Екінші ЖСО Н. атқарушылық іс жүргізу барысында көлікті алып кетіпті. Бірақ оны үшінші тұлғаның жауапты сақ­­­тауына қолхат арқылы тапсырған. Оны неге бөтен біреуге береді? Заң оған тыйым салмайды екен», – дейді Г.

Енді екі сот орындаушысы да автокөліктің нақты қайда тұрғанын білмейтінін айтып, қол жаяды. Өзгені мүлкінен айырып, жауапкершіліктен жалтарып жүр.

«Бұған дейін сот орындаушысы менен өз ақысына 50 мың теңге талап етіп, онысын алып алды. Өз міндетін орын­дауға асығар емес», – дейді көпбалалы ана. Ол жол талғамайтын көлікті жалға беріп, табыс табуды ойластырыпты. Үлкен баласы онымен таксилетіп, өз ісін ашқысы келген екен. ЖСО-лардың «тылсым» тірлігі бұған тосқауыл болып тұр. 

Аталған жағдайға байланысты Әділет министрлігі азаматтың өтініші негізінде жеке сот орындаушыларының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізілуі мүмкін екенін хабарлаған. Алайда мұндай тексерудің басталуы үшін жәбір­ленуші тарап арнайы шағым түсіруге міндетті. «Мұн­дай ақпаратты газет, әлеуметтік желі немесе басқа ашық ақпараттық жүйелер арқылы беру мүмкін емес. Сондықтан азаматқа аумақтық әділет органына немесе Әділет ми­нистрлігіне қағаз немесе электронды түрде шағым жолдауға кеңес береміз. Мұны «Электронды Үкімет» порталы немесе eOtinish платформасы арқылы жүзеге асыруға бола­ды», – деп қысқа қайырды ведомство мамандары.

Заңдағы жаңа кепіл

Алимент төңірегіндегі қордаланған мәселелер мемлекет назарынан тыс қалмапты. Осы орайда Мемлекет басшысы 2026 жылғы 24 маусымда «Кейбір заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат 25 тамызда қолданысқа енгізіледі. Жаңа заңға сәйкес, өндіріп алынған бұл қаражат енді арнайы алименттік банктік шотқа ғана аударылады. Ол үшін өндіріп алушы – балалармен жалғыз қалған ана немесе әке сот орындаушысына дәл осы мақсатқа арналған банктік шоттың деректемелерін ұсынуға міндетті. Оны ашпаса, алимент басқа шоттарына түспейді. 

Заңдағы маңызды бір жаңалық: арнайы шотқа тыйым салуға, тұтқындауға, оған өзге де өндіріп алу шараларын қолдануға жол берілмейді. Осы арқылы балаларды, еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған қаражаттың сақталуына қосымша кепілдік берілмек. Бұған дейін алимент өзге банктік шоттарға түсіп, кейін түрлі атқарушылық өндірістің нысанына айналған, мысалы, кредит пен микрозаемдар қарызына алынған жағдайлар кездесіпті. 

Дегенмен қоғамда бұл өзгерістердің жеткіліктілігіне күмән бар. Бұрынғы сенатор, қоғам қайраткері Нұрия Ниязованың пікірінше, мәселенің түп-төркіні алимент ақшасын бұғат қоюдан құтқаруда ғана емес. Негізгі қауіп – өндірілген қаражаттың жолай ЖСО қолында қалып қоюы немесе мақсатсыз пайдаланылуы.

Ол тағы бір маңызды мәселеге назар аударады: мемлекет алимент қаражатының жалғызбасты әке не ананың жеке қажетіне емес, шын мәнінде баланың игілігіне жұмсалуын бақылау тетіктерін де қарастырғаны жөн. Өйткені балаға арналған қаржы iPhone алуға, ойын-сауыққа, мейрамхана мен көңіл көтеру орында­рындағы шығындарға немесе өзге де жеке тұтынысқа жұмсалмай, ең алдымен оның тәрбиесі мен күтіміне, білімі мен денсаулығына қызмет етуге тиіс.

«Жаңа заңда алимент қаражатын арнайы қорғалған банктік шотқа міндетті түрде аудару қарастырылған. Алайда бұл өзгеріс тек ақшаны бұғаттан қорғаумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – алименттің кәмелетке толмаған баланың қажетіне ғана жұмсалуын қамтамасыз ету. Осыған байланысты алимент қаражатын қолма-қол шешіп алуға шектеу енгізу керек. Сондай-ақ бұл шот арқылы алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын сатып алуға, құмар ойындарға қатысуға немесе бала тәрбиесі мен күтіміне қатысы жоқ өзге де шығындарды төлеуге жол бермеу қажет. Балалардың құқығы мен мүддесін қорғау үшін алимент қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалайтын тиімді бақылау тетіктері енгізілгені жөн», – дейді сарапшы. 

Әділет вице-министрі Д.Ваисов балаларға арналған бұл төлемді жол-жөнекей талан-тараж болудан қорғау тетіктері қарастырылып жатқанын жеткізді.

«Бұл норма тек алимент төлемдерін түрлі бұғаттаулар мен өндіріп алулардан қорғауға бағытталғанын атап өткім келеді. Шағымдарды қарау нәтижелеріне сүйенген тәжірибеміз көрсеткендей, ЖСО көбіне бұл қаражаттың алимент төлемдері екенін ажырата бермейді. Өйткені бұған дейін алимент алушылар сот орындаушысына өздерінің жалпы банктік шоттарын ұсынып келді. Соның салдарынан бұл шоттарға тыйым салынған жағдайлар болды. Жаңа заңдағы норма аталған мәселені 100 пайыз шешуге мүмкіндік береді. Енді арнайы алименттік шот енгізілгеннен кейін мұндай қаражат өзге өндіріп алу шараларынан толық қорғалмақ», – деп түсіндірді Дәниел Мерейұлы.

Сонымен бірге ол алимент қаражатын қалай және қандай мақсаттарға жұмсау мәселесі әлі де жан-жақты талқыланатынын жеткізді. Себебі баланың мұқтаждығына арналған шығын мен оған қатысы жоқ төлемдердің ара-жігін ажырату оңай емес екен. Бұл – құқықтық тұрғыдан мұқият зерттеуді қажет ететін күрделі мәселе. Демек, бұл бағыттағы қосымша тетіктерді әзірлеу жаңа Парламенттің – Құрылтайдың назарында болуы қажет. 

Қалай болғанда, елдегі алимент міндеттемелерін орындау саласында қалыптасқан ахуал жүйелі проблемалардың барын көрсетеді. Әділет министрлігінің деректері бойынша, берешек көлемі қазірдің өзінде 20 миллиард теңгедей. Және бұл – тек төленбегеніне үш айдан асып кеткен ескі қарыздар ғана. Қазақстанда 300 мыңнан астам бала сондай қолдауға мұқтаж: арасында мүгедектігі бар балалар аз емес, тіпті бірнеше мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да жетерлік.

Мұның сыртында сарапшылар ЖСО-лардың өз өкілеттігін теріс пайдаланатынын атап өтеді: өндіріліп алынған ақшаны алушыларға дер кезінде аудармай, өзі жұмсап жібереді немесе ұзақ депозитке орналастырады. Бұрынғы заңнамада ЖСО шотына түскен алимент сомаларын аударудың нақты тәртібі де, қатаң мерзімдері де қарастырылмаған. Сот орындаушылары осы заңнамалық олқылықты теріс пайдаланады. Мұны Бас прокуратураның тексерістері де әшкереледі. Сондықтан жаңа заңда Әділет министрлігіне тиісті мерзімдерді белгілеу құзыреті беріліп отыр.

«Біз бұл мәселеге кешенді түрде келдік. Біріншіден, азаматтарға ЖСО әрекеттерін толық бақылауына мүмкіндік беретін «Әділет» қосымшасын әзірледік. Екіншіден, ЖСО шотына ақшаның түскені туралы push-хабарлама алимент төлеушіге де, оны алушыға да келеді. Ақшаны нақты қандай мерзімде аударуға тиіс екенін белгілейтін бұйрық шығардық. Үшіншіден, банктермен және «Қазпоштамен» интеграция жасадық. Енді біз де екі тараптың шоттарын көретін боламыз. ЖСО-лардың алимент төлемін өз шотында ұстап қалуына ешқандай мүмкіндігі қалмай­ды», – деп хабарлады Әділет вице-министрі.

Бала құқығы бәрінен биік

Алимент өндірісіндегі тағы бір өзекті мәселе – борышкердің табысын жасыруы. Бұл түйткіл де жылдар бойы жүйенің әлсіз тұстарының бірі болып келді. Бұрын кейбір азаматтың табысы әлдеқайда жоғары бола тұра, жұмыс орнынан ең төменгі жалақы туралы анықтама алып, алиментті де сол мөлшерге сай төлеп келгені жасырын емес. Қалған еңбекақыны «конвертпен» алу тәжірибесі балалардың заңды үлесін кемітіп келген.

Енді бұл күреске цифрландыру мен жасанды интеллект жұмылдырылмақ. Әділет министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе азаматтың мамандығын, тұрғылықты өңірін, еңбек нарығындағы орташа жалақыны салыстыра отырып, анықтамада көрсетілген табыстың шынайылығын автоматты түрде талдай алады. Айталық, елордада инженер болып жұмыс істейтін адамның айлығы небәрі 85 мың теңге деп көрсетілсе, жүйе мұны тәуекел ретінде белгілейді.

Осыдан кейін Әділет және Қаржы министрліктері бірлесіп, кәсіпорын бухгалтеріне арнайы push-хабарлама жолдауға тиіс. Онда алиментші қызметкердің ресми жалақысы оның біліктілігі мен еңбек нарығындағы қалыпты табысқа сай келмейтіні көрсетіледі. Мұндай ескерту салық органдарының назарын аударуы мүмкін болғандықтан, жұмыс берушілердің де еңбекақыны толық әрі ашық көрсетуге мүдделілігі артады. Ал бұл, түптеп келгенде, алимент мөлшерінің де нақты табысқа сәйкес есептелуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енетін жаңа тәртіпке сәйкес, кәмелетке толмаған балаларды, еңбекке қабілетсіз адамдарды асырау үшін өндірілген қаражат тек алименттерді есепке алуға арналған арнайы банктік шотқа аударылады. Осы мақсатта «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» қолданыстағы заң 102-1-баппен толықтырылды.

Әділет министрлігі түсіндіргендей, арнайы банктік шоттың болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайды. Алайда өндіріп алушы тиісті шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты оған аудару да мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда ЖСО өндіріп алушыға арнайы шот ашу қажеттігін хабарлауға міндетті. Шот ұсынылғаннан кейін ғана жиналған ақша белгіленген тәртіппен аударылады. Бұл ретте қордаланған алимент берешегі толық сақталады, ешқайда жоғалмайды және есептен шығарылмайды.

Қорыта айтқанда, заңдағы әрбір өзгерістің түпкі өлшемі мұқтаж бала өміріндегі нақты нәтижемен бағалануға тиіс. Себебі алимент – ата-ананың өзара дауының нысаны емес, мемлекеттің қорғауындағы баланың заңды несібесі. 

Айхан ШӘРІП

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью