Бала бақылаудан тыс қалмасын

02.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Биыл аймақта 13 қала сыр­тындағы балалар сауық­тыру орталығы қызмет көр­сетеді. Оның біреуі жыл бойы, он екісі маусымдық негізде Бұқар жырау, Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра аудандарында, Теміртау, Балқаш қалаларында орналасқан. Жобалық қуаты 2242 орынды құрайтын бұл орталықтардың дайындығы қатаң тексеріліп, арнайы көшпелі мониторингтер ұйымдастырылды. Мекемелер заманауи бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймелерімен, бақылау-өткізу пункттерімен толық қамтылған.

Ресми орындар қанша­лықты бақылау орнатқанымен, жазғы кезеңдегі негізгі қауіп үйде, көшеде, су айдындарында жасырынып жатады. Әсіресе көпқабатты үйлер­дің терезесінен балалардың құлауы үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Жыл басынан бері облыста дәл осындай өкінішті 4 жағдай тіркеліп, балдырғандар ауыр жарақат алды. Мұның басты себебі – үлкендер тарапынан бақылаудың әлсіздігі мен масаға қарсы торға деген алдамшы сенім. Маса торы баланы құлаудан қорғайтын құрал емес екенін ата-аналар мықтап ұғынуға тиіс.

Күн ысығанда алдымыздан шы­ға­тын тағы бір өзекті мәселе – су айдын­дарындағы қауіпсіздік. Жабдық­талмаған жерде шомылу, ата-ананың қарауынсыз суға кету орны толмас өкінішке әкеледі. Баланың жақсы жүзе білуі де толық кепілдік емес, өйткені астыртын ағыстар мен шұңқырлар кез келген уақытта қайғылы оқиғаға себепші болуы мүмкін. Дәл осы себепті құ­зырлы органдар су айдындарында рейдтік шараларды үздіксіз жүргізіп
келеді.

Бұған қоса, кәмелетке тол­ма­ған­дардың түнгі уақытта заңсыз жүруі де қатаң бақылауда. Кейінгі бес айда балаларын сағат 23:00-ден кейін қараусыз қалдырған 800-ден астам ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл – жазғы демалыс­та бақылаудың босаңсып кететінінің нақты айғағы.

Жол қауіпсіздігі де баса назарды қажет етеді. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Велосипед пен самокат тепкен жеткіншектерге жол ережесін күн сайын құлағына құйып отыру маңызды.

Балаларды бақылаусыз ортадан алыс­татудың ең тиімді жолы – олар­дың бос уақытын пайдалы іспен маз­мұнды ұйымдастыру. Биыл облыста шамамен 130 мың бала, оның ішінде 35 мың әлеуметтік осал топтағы бал­­­дыр­­ғандар мектеп жанындағы лагерь­лер, үйірмелер, спорттық сек­циялар, еңбек жасақтары мен «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы қамтылады.

Балаға сенім керек, бірақ бақы­лау­сыз еркіндік емес. Қауіпсіздік үйден басталып, қоғамдық ортада ортақ тәртіпке айнал­ғанда ғана ұрпақ өмірін аман сақтай аламыз.

Қарағанды облысы 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью