Бала босанған : Түркістан облысында туысының 16 жастағы қызын зорлаған 71 жастағы ер адам сотталды

24.02.2026

Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қоғамды дүр сілкіндірген іс бойынша үкім жарияланды. Келес ауданының 71 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған туыс қызын зорлағаны үшін 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2024 жылы Түркістан облысы Келес ауданы Еңбекші ауылында болған. Жәбірленуші мен сотталушы көрші тұрған, әрі бір рудан тарайтын ағайын болып шыққан. Қыздың анасы Астанада, ал әкесі жұмыста болған сәтті пайдаланған ер адам үйге ұрланып кіріп, 16 жастағы жеткіншекті қорлаған. Іс материалдарында бұл әрекеттің бірнеше күн қатарынан қайталанғаны көрсетілген.

Салдарынан жасөспірім жүкті болып, кейін Астана қаласында босанған. Ұл баланың әкесі сот-медициналық сараптама арқылы анықталып, оның сотталушыдан туғаны толық дәлелденді.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындамаған. Алайда жиналған дәлелдер мен сараптама қорытындылары оның қылмыс жасағанын айғақтаған. Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиевтің айтуынша, заң бойынша жаза 17 жылға дейін тағайындалуы мүмкін еді. Алайда сотталушының жасы мен денсаулық жағдайы ескеріліп, 15 жыл 6 ай мерзім белгіленген.

Үкім жарияланған кезде сотталушы эмоцияға ерік берген. Дегенмен сот барысында жәбірленушіден кешірім сұрамағаны айтылды. Тек соңғы сөзінде жеңіл жаза сұраған.

Жәбірленуші тараптың мәліметінше, оқиғадан кейін қыз психологиялық ауыр соққы алған. Анасының айтуынша, ол бірнеше рет өзіне қол салмақ болған. Қазір жас ана баласымен бірге Астана қаласында тұрып жатыр.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью