Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желіде тараған аутизмге қатысты жалған мәлімдемелерге жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Кейінгі кезде "аутизмді толық емдеу", "жалған аутизм" және басқа да нақты емес теориялар туралы мәлімдемелер көбейіп кеткен. Ведомство азаматтарды осындай ақпаратқа сын көзбен қарауға және тек дәлелді медицинаға сенуге шақырды.
"Аутизм спектрінің бұзылыстары (AСБ) – бұл халықаралық медициналық қауымдастық растаған нейродамудың ресми танылған ерекшелігі. Аутизм "тәрбиенің дұрыс болмауынан", гаджеттерден немесе вакцинациялаудан туындамайды. Бүгінгі күні аутизмді "тез және толық емдеуге" қабілетті ғылыми дәлелденген әдіс жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Күмәнді ем-домдар мен жалған "ғажайып" тәсілдер ата-аналарды шатастырып, баланың уақытылы маман көмегін алуына кедергі келтіруі мүмкін.
"Бала үшін ең маңыздысы – ерте анықтау, уақтылы түзету, мамандардың сүйемелдеуі және отбасының қатысуы болып саналады. Балалардың денсаулығы хайптың, манипуляцияның және жалған сенсацияның тақырыбы емес", - деп түйіндеді министрлік.