Бала деп байыз таппаған...

07.03.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Орталық Азиядағы же­тек­ші ұйымдардың бірі са­налатын Ұлттық нейрохирургия орталығы секілді үлкен ұжымда еңбек ету бақыты екінің біріне бұйыра бермейді. Біздің кейіпкеріміз осы орталықтағы балалар нейрохирургиясы бөлімше­сінің жоғары санатты педиатр дәрігері – Айзат Исаева.

Ұлттық нейрохирургия орта­лы­ғында күрделі, қауіп жоға­ры операциялар жасалады. Кейіп­керіміздің жұмысы жеңіл емесін осыдан-ақ аңғарсақ болады. Айзат осы ұйымда орталық ашылғалы, нақтыласақ 2008 жылдан бері жұмыс істейді. С.Асфендияров атындағы медицина университетінің түлегі. Еңбек жолын ауылдық дәрігерлік амбулаторияда бастаса, кейін Астана қаласы №2 Қалалық балалар ауруханасының қабылдау-диагностика бөлімшесінде ор­ди­натор дәрігер болып жұмыс істеген. Бүгінде нейрохи­рур­гия орталығына келген әр­бір баланың операцияға дайынды­ғын, операциядан кейінгі жай-күйін түгел өзі қадағалайды.

– Иә, орталыққа денсаулық жағдайы ауыр балалар жиі жет­кізіледі. Жұмысқа алғаш келген жылдары көзіме жиі жас келе­тін. Өмірмен арпалысқан сәби­лердің тағдыры жаныма қатты бататын. Дәрігерге босаңсуға болмайтынын жақсы білсем де, ана болған соң уайымдайсың. Қарап отырсам, орталыққа кел­ге­німе 18 жылға жуықтапты. Осы аралықта біздің нейрохирургтер талай баланың өмірін сақтап қалды. Мысалы, 2024 жылы орталықта 623 балаға, ал былтыр 606 балаға операция жасалды. Ескеретін жайт, бізде тек жоспарлы операциялар ғана жасалады. Бетін аулақ, оқыс жағдайлардың алдын алу барысында  әр пациентті жіті бақылаймын. Бір ғана мысал айтайын, кейде операция уақыты ұзап кетуі мүмкін. Мұндайда баланың тамағында, мұрынында микроб болса, ары қарай өкпеге түсіп кетуі ықтималдығы артады. Одан әрі бала пневмония болып, операциядан кейін-ақ тыныс алуы қиындауы мүмкін. Бұл көп қауіпті жағдайдың бірі ғана, – деді А. Исаева күнделікті жұмысын түсіндіріп.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Нейрохирургия орталығын­да емделетін диагноздың түрі көп. Мысалы, гидроцефа­лия диаг­нозында бас сүйектегі ми қа­рыншаларында жұлын сұйықтығы шамадан тыс жиналады. Салдарынан миға қы­сым түскен соң, бас үлкейіп, нев­ро­логиялық бұзылуға әкелуі мүмкін. Тәжірибеде бір жасқа дейінгі шынашақтай баланың басы 75-80 см дейін жетуі ықтимал. Мұндайды көрген адам­ның денесі түршігеді. Ал ор­талықтағы дәрігерлер оған үй­ренген, халықаралық стандарт­тарға сай қандай емшара жасалатынын да жақсы біледі. Дәрігердің басты міндеті – адам өмірін қалай да ажалдан арашалап қалу. Біздің кейіпкеріміз өз тәжірибесінен қазір АКТГ бүйрек үсті безінен бөлінетін кортизол деген гормонға қатыс­ты клиникалық ұсыныс жазып жатқан көрінеді.

Орталықта медбикелердің өзі небір қиын емшараларға әбден мамандаған. Балалардың операцияға дейінгі және кейін­гі күтімін жасап жүріп, таң­ғажайып, кейде тылсым оқиға­ларға тап болады. Қиын, күр­делі операцияны еңсерген балалар­дың ішінде қазір есейіп, ел қата­рына қосылған жастар жеткі­лікті. Олардың ата-аналары әлі күнге дәрігерлерге хабарласып, алғысын жаудырудан жалықпайды. 

– Өзінің өзегінен шыққан бала үшін қайран ана отқа да, суға да түсуге әзір. Кейбір аналардың жүзі­не қарасақ, соңғы үміті бізде екенін айтпай-ақ түсініп тұра­мыз. Күнделікті таңертең мең­ге­руші, емдеуші дәрігер бас­тап, бірнеше қызметкер болып реа­нимация бөлімін ара­лай­мыз. Сол дағдымен бір күні әдет­тегідей реанимацияға бетте­дім. Жолай күні кеше операция­дан шыққан пациенттің палатасына кідірсем, анасы баласын құндақтап, құшақтап алыпты. Көңіл-күйі жақсы, баласын алып, теледидар тұратын залға шыққан бойы екен. Аз-кем әңгімеден баланың ұйқысы түнде тыныш болғанын білдім. Қызуы жоқ па деп сұрағанымда да «жоқ» деп жауап берді. Олай болса, реанимация бөлімін түгел аралап болған соң, қайта келіп, баланы қарайтынымды айттым да жүре бердім. Құдай­дың құдіреті, бірақ, іштей өзім әл­денеден күдіктеніп, реанимацияға аяғым тартпады. Көзіме не көрінгенін, сол жерден дереу кері бұрылдым да баланы палатаға апарып, тексере бастадым. Өңі боп-боз, көкпеңбек, қызуы көтерілген, бетінде қан жоқ. Сәбидің тынысы тарылып, демі таусылуға аз қалған екен. Содан біз жедел көмек тобын шақырып, ол 2-3 минутта жеткенше алғашқы көмек көрсеттік. Баланы аман алып қалдық, – деп қас-қағымда болған оқиғаны еске алды кейіпкеріміз.

Әңгіме барысында Айзат Исаева елімізде ана мен баланың саулығына жақсы көңіл бөлініп жатқанын айтып қалды. Бала ана құрсағына біткеннен дәрігерлер ана мен бала жағдайын жіті бақылайды. Себебі тәжірибелі балалар дәрігері Айзаттың айтуынша, қарапайым тұмаудың өзі құрсақтағы баланың денсау­лығына кері әсер етуі мүмкін. Бұған бірінші кезек өмірге дені сау бала әкелуді жоспарлаған ерлі-зайыптылар мүдделі болу­ға тиіс.

– Күйеуім екеуміз 4 бала тәр­биелеп отырмыз. Орталықтағы балаларға да өз баламыздан кем алаңдамаймыз. Ана, маман ретінде қазіргі медицинаның мүмкіндігіне қарап, тәубе дей­мін. Мысалы, осы орталықта жасалатын операцияларды шетелде жасаса да стандарты бір, бәрі сол бір операция. Тіпті, біздің білікті дәрігерлер операцияны көп елден артық жасайды десем, артық айтқаным емес. Медицинадағы 23 жылдан астам тәжірибеден көңілге тоқығаным, баланың ата-анасы ауруханаға балам ауруынан айығады деген сеніммен, тілекпен келуге тиіс. Ана мен бала арасында көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін берік байланыс болады. Жақсы-жаман ойдың барлығы балаға ана сүтімен дариды. Оған дәлел-дәйек іздеп қажеті жоқ. Ананың сенімімен, дәрігерлердің қайратымын дертінен айыққан балаларды күнде көріп жүрміз. Лайым, балапандарымыз ауырмасын, көрер жарығы көп болсын, – деп кейіпкеріміз мейірлене тілегін жаудырды.

Соңғы жаңалықтар

«Атырау» футбол клубына жаңа бас бапкер келді

Футбол • Бүгін, 11:44

Еліміздің екі қаласында ауа сапасы нашарлайды

Қазақстан • Бүгін, 11:30

Италияда XIV қысқы Паралимпиада ойындары басталды

Спорт • Бүгін, 10:27

7 наурызда ақша айырбастау орындарында доллар бағамы қандай?

Қаржы • Бүгін, 10:10

Айнагүл Байжігітова: Алдыңа мақсат қойсаң, алынбайтын қамал жоқ

Сұхбат • Бүгін, 09:40

Нәзік иықтағы ауыр жүк

Әйел әлемі • Бүгін, 09:35

Арманына жеткен ару

Әйел әлемі • Бүгін, 09:30

Талапкерге қанат бітірген

Әйел әлемі • Бүгін, 09:25

Мейрам қарсаңындағы марапат

Тағзым • Бүгін, 09:20

Топырақ құнарын зерделеген ғалым

Ғылым • Бүгін, 09:15

Ел анасы, ерте оянған санасы...

Әйел әлемі • Бүгін, 09:10

Қазақ әйелдерінің шежіресі

Тарих • Бүгін, 09:05

Шаршы тақтаның шаһбазы

Шахмат • Бүгін, 09:00

Ауылдан шыққан әлем чемпионы

Спорт • Бүгін, 08:55

Шекісудің де қайыры бар

Спорт • Бүгін, 08:50

Барлық жаңалықтар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью