Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Мүйіз бен сүйектен кәдесый жасаудың қыр-сырын өзі мұғалім болып еңбек ететін Ғ.Мұхамеджанов атындағы №270 орта мектептің оқушыларына үйретуден жалыққан емес.
Кейіпкеріміз аудан орталығында орналасқан М.В.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебін бітірген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің еңбек пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша түлегі. Бала күнінде бұл өнерге қызығушылығын оятқан нағашы атасы Имантай Алдабергенұлы мен нағашы әжесі Шынар Нәбиқызы екен.
Фото: Медеу Бердімұраттың жеке мұрағатынан- Ата-әжемнің үйіне қыдырып барғанда сүйекпен көмкерілген кебежені көретінмін. Маған сүйектен неше түрлі бұйымдар жасауға болатыны туралы ой келді. Бұл оң-солымды біліп қалған кез еді. Сөйтіп, сүйек пен мүйізді жинап жүретін әдет пайда болды. Сүйектен әртүрлі дүние жасағаныммен сатуға ебім жоқ. Бұл жұмыс — көңілімнің қалауы, - деді қолөнер шебері.
Сүйекті дайын өнімге айналдырғанға дейін оның бабын жасау оңай шаруа емес. Өзіндік технологиясын сақтамаса, төккен тер текке кетті дей беріңіз.
Фото: Медеу Бердімұраттың жеке мұрағатынан- Мүйізді, сүйекті әуелі қазандағы суға қайнатып аламын. Сосын оны май мен қаннан тазартамын. Сүйекті майынан ажырату үшін тұзды суда 7-8 сағат қайнату керек. Осы шикізаттардан жасалатын бұйымды көзбен елестетіп, керек емес жерін жонып алу арқылы дайындаймын. Сүйекті жону кезінде шығатын күл мен тозаң денсаулық үшін қауіпті. Бір жағынан ащы иісі бар, қолқаны қабады. Сол себепті жұмыс барысында қорғаныш құралын таққан дұрыс, - деді ол.
Шебер қой, сиыр мен түйенікіне қарағанда жылқының сүйегінен майды ажырату қиын екенін атап өтті. Сүйекті желіммен жабыстыру мүмкін емес. Кейіпкеріміз оны бір-біріне бұрандама арқылы біріктіріп, бекітетін әдіске көшкен.
Фото: Медеу Бердімұраттың жеке мұрағатынанМедеу Бердімұрат төзімділікті талап ететін қауіпті әрі күрделі өнерге технология пәнінде ынталы оқушыларды баулып жүр. Олардың алды әртүрлі білім бәйгесінде топ жарып үлгерді. Шебер шәкірттері арасында ұмытылып бара жатқан ұлттық өнерді өзі сияқты ұғынып, ұшпаққа шығаратын балалардың барына сенімді.
Фото: Медеу Бердімұраттың жеке мұрағатынанБұған дейін біз киіз басу өнерін жаңғыртып, оны көпшілікке үйретіп жүрген атыраулық жас шебер Наргиз Аймағамбетова туралы жазғанбыз.