Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Францияда келесі оқу жылынан бастап 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым салуы мүмкін. Бұл жаңалықты ел президенті Эммануэль Макрон мәлімдеді.
Франция басшысының сөзінше, ол заң авторларынан жасөспірімдерді әлеуметтік желіден шектеу туралы құжатты тезірек ұсынуды сұраған.
«Біздің балаларымыз бен жасөспірімдеріміздің санасы сатылмайды. Олардың сезімдері де сатылмайды, олар америкалық, қытайлық платформалардың манипуляция нысанасы болмауы қажет», деді Макрон.
15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеумен қатар, заң жобасы Францияның барлық лицейлерінде смартфондарды пайдалануға тыйым салады.
Осыған дейін 2023 жылы Франция үкіметі кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге кіруін шектейтін, сондай-ақ аккаунт ашу үшін ата-анасының келісімін талап ететін заң қабылдаған. Алайда бұл заң Еуропалық Одақтың Цифрлық қызметтер туралы заңына (DSA) қайшы келгендіктен, сол күйі күшіне енген жоқ.
Еске салайық, былтыр Аустралия 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған еді. TikTok, YouTube, Instagram және Facebook сияқты он платформаны жасөспірімдер ел аумағында пайдалана алмайды.