Балалар ауруханасына заманауи жабдықтар

17.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Аурухана директоры Мүслім Солта­новтың айтуынша, облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы қолдауының арқасында емдеу мекемесіндегі медициналық жабдықтар жаңарып жатыр. Соматикалық және хирургиялық бөлімде төсек-орын 100 пайыз
жаңарған.

«Бұл қолдаудың негізгі мақсаты – ме­дициналық көмектің сапасы мен қауіп­сіздігін арттыру. Биыл ауруханаға арнайы медициналық, жұм­­сақ және қатты төсек жабдықтары са­тып алынды. Бұл кішкентай емделу­шілеріміздің ем алу жағдайын жақсар­туға мүмкіндік береді», дейді мекеме басшысы.

Мәселен, травматология бөлімшесіне күйік шалған науқастарды емдеуге ар­нал­ған арнайы төсекке қажетті кера­микалық микросфералар мен сүзгі-жаймалар сатып алынған. Бұл жабдықтар күйік шалған балаларды емдеу сапасын жақсартады. Денесінің көп бөлігін күйік шалған балалар арнайы күйікке қарсы төсекте ем қабылдайды. Мұндай жабдық емдеу үдерісінің тиім­ділігін арттырып, асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Ауыр күйік алған ба­лалар көп кездеспегенімен, түр­лі күйік жарақатымен жеткіншектер жиі түсіп тұрады. Сондықтан арнайы жабдық­тардың үздіксіз жұмыс істеуі маңызды.

Бұған қоса инфекциялық ста­ционардағы барлық ескі матрастар заманауи үлгіге ауыстырылған. Жаңа матрастарды камералық өңдеуден өткізбей-ақ арнайы химиялық тәсіл­мен зарарсыздандыруға болады. Бұл санитарлық талаптарды сақтауды жеңілдетеді. Соматикалық және хирур­гиялық корпустар үшін ересектер мен балаларға арналған түрлі моди­фикациядағы 260-қа жуық төсек сатып алынған. Санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында жаңа кір жуатын, кептіретін машиналар да алынған.

Аурухана басшысының айтуынша, материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасады. Келесі жылы тумбалар, үс­тел­дер, орындықтар сияқты жиһаз жабдық­тарын жаңарту жоспарланып отыр.

Облыс орталығының тұрғыны Әсемгүл Жұмашева бірнеше күннен бері екі жасар ұлымен ауруханада ем қабылдап жатыр екен. Айтуынша, ауруханадағы науқастарға жасалған жағдай көңілінен шыққан.

«Балам уланып қалып, қатты уайым­дадым. Дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, барлық қажетті ем-шараларды жүргізді. Медициналық қызметкерлер өте сыпайы, әрдайым жағдайымызды сұрап, көмектесіп отырады. Палатадағы жағдай да жақсы, бөлмелер таза әрі жарық. Бұған дейін балалармен ауруханада жатып көрмеген едім, сондықтан алғашында алаңдадым. Бірақ мұнда бәрі жақсы ұйымдастырылған», дейді ана.

Қазірде облыстық балалар ауруха­насының соматикалық және хирургиялық бөлімшелерінде 162 бала, инфекциялық стационарда 133 бала ем қабылдап жатыр.

Павлодар облысы 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью