Балалар контенті: Талаптыны таныту жолы

04.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

– Балалар шығармашылығын дамыту мен насихаттауда сіздер қызмет ететін басылымдардың орны ерекше. Басылым бетінде балалар контентін танытуға арналған қандай айдарлар бар? Әңгімемізді осы бағытта атқа­ры­лып жатқан жұмыстан бастасақ. 

Жадыра НАРМАХАНОВА:

– «Ұлан» газеті – әу бастан-ақ балалар шығармашылығын насихаттап келе жатқан басылым. Газетімізде елуге жуық айдар бар. Олардың бәріне балалар хат жаза алады. Мысалы, «Өздерің жазған хаттардан» деген айдардан балалар жолдаған хаттарын іздейді. «Ұланды» әр кезеңде оқыған оқырманның пікірін тыңдағанда: «Ана айдар бар ма, мына айдар бар ма? Біз соған хат жазатын едік»,  деп сұрап жатады. Яғни газет айдарларының ғұмырлы болуы оқырманның балалық шағына деген әдемі естеліктерін сақтайды. Сол секілді «Дос болайық» айдары арқылы танысқан бұрынғы оқырмандар қазіргі кезде де араласып, бір-бірінен хат-хабарсыз қалғаны газет арқылы байланысып жатқан жағдай әлі күнге дейін бар.

Бағдат МӘЖИТОВ:

– «Балдырған» журналы – еліміздегі балаларға арналған бірден-бір әдеби басылым. Журнал беттерінде өлең, әңгіме, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, метаграмма, анаграмма, өтірік өлең секілді түрлі жанрдағы шығармалар тұрақ­ты жарияланады. Сонымен қатар жас өрендердің шығармашылығын насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағыттағы дәстүрлі айдарлардың бірі – «Бастау». Бұл айдарда балалардың тырнақалды өлеңдері, шағын әңгімелері мен алғашқы шығармашылық ізденістері жарық көреді. Ал «Балдырғанның сурет галереясы» айдарында жас суретшілердің туындылары жарияланып, олардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы мен талпынысын қолдауға мүмкіндік беріледі. Журнал балаларға арналған әдеби шығармаларды ұсынумен шектелмей, жас дарындардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың алғашқы туындыларын оқырманға таныстыруға да жүйелі түрде үлес қосып келеді.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ:

– «Ақ желкен» журналы балалардың өз ойын айтуға, шығармашылығын да­мытуға алаң береді. Яғни балалар жур­налға автор бола алады. Балалар жаз­ған мақалаларды барынша жария­лау­ға тырысамыз. Мысалы, оқушы­лардан келген хаттарды «Ақ желкеннің поштасынан» айдары арқылы тұрақты түрде жария-лаймыз. «Айтарым бар» айдарында оқушылардың қоғамдағы жағдайларға қосқан ой-пікірі жарияланады. «Ақ желкеннің» сонау «Пионер» журналы кезінен келе жатқан «Мен айтайыншы» деген айдар бар. Сол секілді бұрыннан келе жатқан белгілі «Балбұлақ» айдарында әңгіме, ертегі жазып жүрген оқушылардың шығармалары басылады. «Жас қалам» айдарында қолына жаңадан қалам ұстап, өлең жазуға талап­танған оқушылардың өлеңдері жа­рияланады. Одан бөлек, үнемі жазып жүрген жас авторымызға «Редакция тап­сырмасы» айдары бойынша белгілі бір тақырып беріп, мақала жаздырамыз. «Ақ желкен» жазда – 48, қалған уақытта 64 бет болып шығады. Соның тең жартысы – балалардың өз шығармалары. Балалар шығармашылығын дамытудың ең басты жолы – оларға алаң беру және бағыт-бағдар көрсетіп, жазған-сызған дүниелерін қолдап, жариялап отыру. 

– Қазіргі балалар көбіне қандай шығармашылыққа қызығады? Қандай тақырыптарды жиі көтереді? 

Жадыра НАРМАХАНОВА:

– Қазіргі балалар нақтылықты ұната­ды. Өлең жазатын бала сиреп барады. Демек поэзия оқитын бала азайған деген сөз. Қазіргі балалар жеке дамуға қатты мән береді. Олар әлеуметтік желіден коучтарды, кәсіпкерлерді, блогерлерді жиі көреді. Сондықтан қазіргі баланың да басты сұрағы – «Жетістікке қалай жете­мін? Қалай бай боламын?» Моти­ва­циялық әдебиетке «тойып» алған бала­ларға көркем әдебиет оқуды ұсы­намыз. «Рауан» жас әдебиетшілер клубы, «Мен оқыған бір кітап» секілді ай­дарлар жиі беріледі. Алғаш жаза бас­таған балаларға өз басынан кешкен оқи­ғаны баяндауды сұраймыз. Байқа­ғаным, кімге болса да сторителлиң бағы­тын­да жазылған дүниелер ұнайды екен. Қазіргі тілмен айтқанда, солай жазылған дүниелерден оқырман да инсайт алады. Балалар түрлі байқауға қатысқан кездегі жеңісін де, жеңілісін де баяндап жатса, басқа оқырманға ой салады. Неден қателескенін, не нәрсе көмектескенін оқиға желісі бойынша баяндап берсе, қызығырық болады. «Өз оқиғаңды жаз» деп тапсырма беретін себебіміз – балалар ЖИ арқылы материал жазып жібереді. Сол себепті әлеуметтік желідегі парақ­ша­ларымызда «ЖИ-мен емес, мимен жаз» деп жиі ескерту жасаймыз. 

Бағдат МӘЖИТОВ:

– Біздің оқырмандарымыз – мектеп жасына дейінгі балдырғандар мен баста­уыш сынып оқушылары. Олар редак­цияға өздері, отбасы, достары, мектебі мен туған ауылы туралы әсерлі хаттар жазып тұрады. Әсіресе сурет салуға қызығушылық басым. Балалар салған сурет­терін үзбей жолдап, өздерінің ой-қия­лын бояу тілімен жеткізуге тырысады. Сонымен қатар өлең жазуға талпынып, шағын әңгімелер мен ертегілер құрас­тыратын балалар да аз емес. Жас оқыр­мандардың шығармаларынан балалық қиялдың ұшқырлығы, дүниені шынайы қабылдауы анық байқалады. Олар көбіне достық, адалдық, мейірім, ата-анаға құрмет, туған жерге деген сүйіспен­шілік сияқты тақырыптарды көтереді. Сондай-ақ табиғатты аялау, жануарларға қам­қор­­лық жасау, арман мен қиял әлемі туралы шы­ғармалар да жиі кездеседі. Бұл бала­лар­дың бойындағы ізгі қасиет­тер мен ұлттық құндылықтарға деген құр­мет­тің сақ­талып келе жатқанын көр­сетеді. 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ:

– Қазіргі балалар жан-жақты. Бүгін өлең жазса, ертең мақала, арғыгүні әңгіме жолдауы мүмкін. Сурет салатын балалар әдетте редакциялармен байланыс жасай бермейді. Сондықтан жүрген жерімізде сурет салатын, сөзжұмбақ құрас­тыратын балаларды іздейміз. Бала­лар көбіне мақала жазуға тырысады. Сосын өз қатарластарынан шыққан үздік оқушылардан немесе белгілі бір жетіс­тікке жеткен жастардан, тіпті ерекше кейіпкерлерден сұхбат алып, поштамызға жолдайтындары да бар. 

– Шығармалары жиі жарияланатын авторлар ретінде кімдерді атай аласыз? Олар несімен ерекше? 

Жадыра НАРМАХАНОВА:

– Разия Ақпар деген жас тілшіміз бар. Аз жазса да, саз жазады. Көбіне ертегі жазу­ға бейім. Ертегі кітабы да шыққан. Жалпы, бізге жиі жазатын бала өте көп. Күніне бір-екі мақала жіберетін балалар да бар. Уатсапта балалардың «Ұлан house» деген тобы бар. Сонда 400-ге жуық бала отырады. Ол жерде шынымен идеялас, мүдделес балалар жиналған.

 Бағдат МӘЖИТОВ:

– «Балдырған» журналына негізінен бү­гінгі қазақ балалар әдебиетінің бел­гі­лі өкілдері тұрақты түрде қалам тартып келеді. Мәселен, Қостанайдан Серікбай Оспанұлы мен Ақылбек Шаяхмет, Аста­на­дан Толымбек Әбдірайым, Ақтау­дан Көмек Ыбрайұлы, Талдықор­ғаннан Әли Ысқабай сынды ағаларымыз шығар­ма­ла­рын үзбей жолдап тұрады. Сондай-ақ Алматыдағы Бекен Ыбырайым, Арасанбай Естен, Байбота Қошым-Ноғай ағаларымыз да журналмен етене байланыста болып, редакция жұмысына ақыл-кеңесін айтып, қамқорлық танытып келеді. Мұның бәрі – «Балдырғанға» деген ерекше ықылас пен құрметтің белгісі деп білеміз. Кейінгі буыннан Қуат Ахет, Ернұр Сейдахмет, Олжас Қасым, Айдана Сегізбай, Алпысбай Әбділұлы, Ербол Бейілхан, Ержеңіс Әбді секілді қаламгерлер – журналдың тұрақ­ты авторлары. «Балдырған» бетін­де жарық көретін шығармалардың тақы­рып аясы кең. Әр туындыдан бала психо­ло­гия­сын терең түсіну, көркемдік талғам мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу аңға­ры­лады. Сондықтан журналда жария­­ланып жатқан дүниелерді қазақ бала­лар әдебиетінің қазынасын толық­ты­рып жатқан құнды шығармалар деп баға­лай­мыз. 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ:

– «Ақ желкеннің» тұрақты авторлары ішінде Айнұр мен Ақерке Қуанышқызын ерек­ше­леп айтуға болады. Екеуін анасы редак­цияға жетектеп әкеліп, таныс­тыр­ған болатын. Екеуі де мұқият жазады. Кішкентай кезінен Сарыағаштан жазатын Ақжүніс Ілгербай бар. Былтыр «Жас тілші» куәлігін алды. Ол тіпті «Ақ желкенге» жазған мақалаларынан мектебінде көрме ұйымдастырып, журналдың үгіт-насихат жұмысына да қатысып жүр. Ақжүніс әңгіме жазғанды ұнатады. Тараз­дан Бексұлтан Әбдіманап деген оқу­шы­мыз түрлі кейіпкерден сұхбат алады. Алматыдан, Ақтөбеден, Семейден жазатын жас авторларымыз бар. 

– Басылымда балаларға арналған шығармашылық байқаулар ұйымдас­ты­рыла ма? Жалпы, байқаулар балалар шығармашылығын дамыта ала ма? 

Жадыра НАРМАХАНОВА:

– «Жас тілшілер форумы» байқауы­мыз­­­дың тарихы елу жылдан асады. Ертеректе «Жас тілшілер слеті» деген атаумен өткен. Сол байқауға 150-ден аса бала қатысады. Форумның бірінші күні балалар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болады. Екінші күні редакцияға келеді. Бел­гілі кәсіби журналистермен, танымал тұл­ға­лармен кездесіп, кәсіби тұрғыдан сұхбат алып шыңдалады. Сондай-ақ редак­­ция ұжымы Алматыдағы мәдени орын­дарға апарады. Театр, музей, фи­лар­монияның концерті секілді рухани кештерге қатысады, өнер адамдарынан сұхбат құрады. Сол кезде ауылдан келген балалардың қалай жігерленіп, көзі жанғанын көрсеңіз ғой! Осы іс-шара аясында «Ұланның» шын достарын тауып, оларға ұмытылмас әсер сыйлайтынымыз өзімізді жігерлендіреді. Сондай-ақ жаз кезінде жас тілшілермен саябақтарда кездесіп, бір кәсіби маман шақырып сұхбаттасып, түрлі ойын ойнап, сергіп қаламыз. Сонымен қатар «Тастүлек» деген шығармашылық байқауын өткізіп келеміз. Байқау арқылы қазақ әдебиетінің жарқын болашағы саналатын жаңа есімдермен таныстық. Ілияс Қайсағали, Қарақат Нұрахмет, Нұрбибі Жылқыбай, Дамир Ертөре, Санжар Дәулетжан, Ерасыл Сейітжанұлы секілді жас талант­тар­­ды таптық. Сондай-ақ кітап оқуға ар­нал­ған байқау өткізіп жүрміз. 

Бағдат МӘЖИТОВ:

– Өткен жылы журналды ұзақ жыл басқарған көрнекті ақын Тұманбай Молдаға­лиевтің 90 жылдығына орай «Біз бақытты баламыз» атты әдеби шығар­малар байқау өткіздік. Байқау балалар әдебиетінің дамуына үлес қосу, жас ұрпақты отаншылдыққа, ұлт­тық құнды­лық­тарды қастерлеу, білімге құш­тарлық пен адалдыққа тәрбие­лейтін тартымды әрі мазмұнды шығар­ма­лардың қатарын көбейту, сонымен бірге балалардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақса­тын­да ұйымдастырылды. Биыл осы игі бастама жалғасын тауып, белгілі балалар ақыны Қастек Баян­бай­дың 90 жылдығына арналған әдеби байқау ұйымдастырып жатырмыз. Байқауға қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Сондықтан мектеп оқушылары да өз шығармаларын жолдап, бақ сынай алады. Мәселен, өткен жылғы байқауда «Ертегі» аталымы бойынша ақтөбелік мектеп оқушысы Інжу Күбейова «Сиқырлы дәптер» атты ертегісімен жүлделі 3-орынды иеленді. 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ:

– Әрине, жылына бір рет байқаулар ұйым­дастырамыз. Осыдан біраз жыл бұрын фантастикалық әңгіме жанрында байқау ұйымдастырдық. Балалар жазған фантастикалық әңгімелерде шек болмады. Одан кейін «Менің бауырым» деген тақырыпта эссе байқауын жарияладық. Сол кезде де балалар бауырлары туралы көптеген шығарма жолдады. «Қазақтың нар тұлғаларын білесің бе?» викторинасын ұйымдастырып, балалардың қазақтың тұлғалары туралы не білетінін тексеріп көрдік. Биыл кітап оқу бәйгесін ұйымдастырып жатырмыз. Балалар шарт бойынша үш кітап оқып, тапсырмасын орындап, комиссиядан мүдірмей өтсе, қаржылай сыйлыққа ие болады. «Ақ желкен» өткізетін байқаулардың негізгі демеушісі – Ғабиден Құлахмет қоры. 

– Жас авторлармен жүздесулер ұйымдастырасыздар ма? 

Бағдат МӘЖИТОВ:

– «Балдырған» журналының негізгі оқырмандары – мектеп жасына дейінгі бал­дырғандар мен бастауыш сынып оқу­шы­лары. Сондықтан әзірге арнайы шығармашылық клубтар немесе шеберлік сабақтарын ұйымдастыруда тәжірибеміз көп емес. Дегенмен мектептерде, кітапханаларда өтетін кездесулерге жиі қатысып, кішкентай оқырмандармен жүздесіп тұрамыз. Осындай жүздесулер кезінде олар өздері салған суреттерін, жазған өлеңдері мен әңгімелерін ұсынады. Кейбір бала­лар­дың алғашқы туындылары журнал бетінде жарияланады. Жалпы, оқыр­манмен тікелей кездесудің орны бөлек. Мұндай жүздесулер балалардың шығар­машылыққа деген ынтасын арттырып қана қоймай, редакция мен оқыр­ман арасындағы байланысты нығай­тады. Сондықтан алдағы уақытта жас оқыр­мандармен кездесулердің аясын кеңей­тіп, шығармашылық бағыттағы іс-шара­ларды көбейту ойымызда бар. 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ:

– Оқу жылы басталғаннан аяқталғанға дейін мектептерде кездесулерде жүре­міз. Мектептер түрлі іс-шараны себеп қылып балалар басылымдарын қонаққа шақырудан шаршаған емес. Біз оған қатты қуанамыз. Себебі сол жерден жас автор табамыз әрі басылымды насихаттаймыз. Сондай-ақ газет-журнал, кітап оқудың мәні туралы ой-пікірімізді айтамыз. Алдағы қыркүйек айында да оқырмандармен жүздесуді жоспарлап отырмыз. Қандай кітап оқу керек? Қалай оқу керек? Қалай талдау керек? Осы сұрақтар төңірегінде шеберлік сағатын өткізгіміз келеді. Мұның бәрі де балалардың шығармашылығын дамыту, оларды газет-журнал мен кітап оқуға баулу, сол арқылы білімді азамат болып қалыптасуына атсалысу деп білеміз. 

– Шығармашылық орталықтармен бірлескен жұмыс жүргізесіздер ме? 

Жадыра НАРМАХАНОВА:

– Биыл мектептерге жиі барып жүрміз. «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған», «Дружные ребята» басы­лым­дарының редакциясы болып Алматы, Жамбыл облыстарын араладық. Себебі бала­лармен көзбе-көз сөйлескенге ештеңе жетпейді. Байқағанымыз, ұстазы қандай болса, оқушысы да сондай болады екен. «Шәкіртім оза шапса екен» деп тұратын мұғалімдердің оқушылары алға ұмтылып тұрады. Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы А.Сәрсенбайұлы атындағы мектепке барғанда Береке Бақытжан деген баламен таныстық. Қазір ол бала «Ұланға» апта сайын мақала жолдайды. Берген тапсырманы тамаша орындайды. Жамбыл облысына барған сапарымызды инстаграмдағы сториске салып едік, «Ұланға» жазып жүрген балалар бірінен соң бірі хабарласып, мектебіне шақы­рып, кездесу ұйымдастырды. Осындай сәттерде сапарға жиі шығып тұру керек екенін түсіндік. 

Бағдат МӘЖИТОВ:

– «Балдырған» журналы оқырман­дар­мен және шығармашылық орта өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға ерекше мән береді. Негізінен кездесулер мектептерде өтеді. Кейде сынып жетекшілері мен ұстаздар оқушыларды редакцияға арнайы ертіп келіп, журнал жұмысымен таныстырып жатады. Сондай-ақ кітапханалармен де тұрақты бай­ланыс орнатылған. Еліміздің әр өңіріндегі, тіпті шалғай ауылдардағы кітап­ханалар ұйымдастыратын іс-шара­ларға офлайн және онлайн форматта қатысамыз. Мұндай жүздесулер оқыр­ман­дармен етене араласып, олардың ой-пікірін біліп, шығармашылық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Әзірге форумдар мен фестивальдар аясында арнайы бірлескен жобалар жүзеге асқан жоқ. Дегенмен балалар әдебие­тін насихаттауға бағытталған осын­дай ауқымды іс-шараларға қатысу және әріп­тестік байланыстарды кеңейту – алда­ғы жоспарларымыздың бірі. Өйткені бала­лар шығармашылығын дамыту жолын­дағы ортақ жұмыстардың берері мол.

Дөңгелек үстелді жүргізген –

Серікбол ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью