Балалар қауіпсіздігі: ата ана нені ескеруі керек?

24.06.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Солтүстік Қазақстан облыс­тық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұр­сұл­тан Саржановтың айтуынша, тұжырымдама аясында бала­лар мен жасөспірімдердің пси­хи­калық саулығын нығайтуға, ауру­лардың алдын алуға және оларды ерте кезеңде анықтауға басымдық берілген. Осы мақсатта биыл денсаулық сақтау, білім,  әлеуметтік қорғау салаларының өзара іс-қимылын үйлестіретін «Саламатты жаз» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаның денсаулық сақтау бағыты әр ба­ла­ның денсаулығын тұрақты ба­қы­лауға, оны нығайтуға қолайлы жағдай жасауға, сапалы әрі қол­же­­тімді медициналық көмек көр­се­туді қамтамасыз етуге және түрлі ау­ру­дың алдын алуға бағытталған.

Жаз мезгілінде балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тө­не­тін қатерлер де арта түседі. Облыс­тық балалар ауруханасы­ның инфекциялық бөлім меңгерушісі Елена Коптяеваның айтуынша, жаз-күз айларында ішек инфекциялары жиілейді. Сондықтан мамандар жеке бас гигиенасын қатаң сақтауға, жеміс-жидектер мен көкөністерді мұқият жууға, тек қайнатылған немесе сүзілген су мен сапалы сүт өнімдерін пайдалануға кеңес береді. Бұл ретте профилактикалық тексерулер көптеген аурудың алдын алып, балалардың денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балалар мен ата-аналар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, дұрыс тамақтану мәдениетін насихаттау және жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі санитарлық-ағарту жұмыстарының маңызы зор.

Жазғы демалыс кезіндегі өзекті мәселелердің бірі – балалар жарақаты. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының ортопед-травматолог дәрігері Шыңғыс Нұрғалиевтің айтуынша, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі төтенше жағдайлардан емес, ересектердің немқұрайлылығы мен бақылаудың әлсіздігінен орын алады. Әсіресе көпқабатты үйлердің терезесінен құлау жағдайлары жиі кездеседі. Көп жағдайда ата-аналар москит торларын қауіпсіздік құралы ретінде қабылдайды, алайда олардың бала салмағын көтеруге қауқары жетпейді. Сондай-ақ велосипед пен самокат міну кезінде жол қозғалысы ережелерін сақта­мау­дан болатын жарақаттар мен қайғылы оқиғалар да азаймай отыр. Соның салдарынан бала­лардың қатысуымен болатын жол-кө­лік оқиғаларының саны да артып келеді. Мамандар мұндай жағ­дай­лардың негізгі себептері ретінде жолды рұқсат етілмеген жер­ден кесіп өту, велосипедтен түс­пей жолдан өту, қозғалыс кезін­­де құлаққап пайдалану, зейін­­нің төмендігі және қорғаныс құрал­­да­рын қолданбауды атап көрсетеді.

Сайып келгенде, бала қауіп­сіз­дігі – қоғам болып атқаратын ортақ міндет. Жазғы демалыс кезінде ата-аналар мен тәрбиешілердің қырағылығы мен жауапкершілігі арта түсуге тиіс. Өйткені өскелең ұрпақтың өмірі мен денсаулығын сақтау – ел болашағына жасалған ең маңызды инвестиция.

ПЕТРОПАВЛ 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью