Балалар құқығын қорғау: 2025 жылы Астанада 11 981 іс тіркелген

12.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Бұл жөнінде Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Лейла Зинашева мәлімдеді. Оның сөзінше, сот процесі басталғанға дейін ерлі-зайыптылар тегін психологиялық көмек пен медиатордың қолдауына жүгіне алады. Соның арқасында татуластыру рәсімдері оң нәтижесін берген.

— 2025 жылы 3 380 іс медиативтік келісімдермен және тараптардың татуласуымен аяқталды. Сотқа арыз беру алдында 200-ден астам отбасы татуласты, 4 665 медиативтік келісім соттан тыс жасалды, — деді ауданаралық сот төрайымы.

Статистика аз-кем жақсарғанмен, балалардың құқығына қатысты мәселелер түп-тамырымен жойылып кеткен жоқ. Мәселен, кәмелетке толмағандардың мүліктік құқығын қорғауға байланысты бірқатар шешім қабылданған.

— 2025 жылы алимент өндіріп алу мақсатында 2 131 сот бұйрығы шығарылған. Бұл — жалпы істер санының 17,7%-ы. Сондай-ақ, келіп түскен істердің арасында ең көп тарағаны — некені бұзу туралы талаптар, олардың үлесі — 54,7%, — деді Лейла Зинашева.

Сондай-ақ, Л. Зинашева құқықтық ағарту саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Заманауи технологияларды енгізу және құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру шеңберінде бағдарламалау колледжінің студенттерінің қолдауымен жасанды интеллект элементтері бар «Отбасы көмек» веб-платформасы әзірленді. Платформа ювеналды сот төрелігінің міндеттеріне, құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға және дауларды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесуге бағытталған, — деді Л. Зинашева.

Еске салайық, бұған дейін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия былтыр 7000-нан астам істі қарағанын хабарлаған едік.

Алпамыс Файзолла

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью