Балаларды ат спортына 7 жастан бастап баулу керек ат үстіндегі акробатика шебері

20.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

– Баланы спортқа 7 жастан бастап берген дұрыс. Бұл кезде чемпион болуға да мүмкіндік көп, – дейді ат үстіндегі акробатика өнерінің шебері Ернат Сұлтан.

Спикердің өзі де бұл спорт түрімен 17 жасынан бастап айналысқан. Содан бері халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, бірқатар жетістікке жеткен.

– 2018 жылы өткен Көшпенділер ойындары барысында командалық есепте ІІ-орын иелендік. Ал 2023 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғап, ІІІ-орын алдым. 2024 жылы Қазан қаласында өткен BRICS ойындарында командалық есепте ІІ-орын алсақ, жеке есепте І-орын бұйырды, – дейді ол.

Конкур спортының шебері Нұрболат Қартқожақ спортқа 15 жасында бет бұрған. Бүгінде ол Қазақстан, әлем және Орталық Азия кубогының кезеңдерін қоса алғанда, 40-қа жуық жарысқа қатысқан тәжірибелі спортшы. Оның айтуынша, ат спорты – тек бәсеке емес, денсаулыққа пайдалы бағыт.

– Аттың үстінде адам денесін тепе-теңдікте ұстап отыратындықтан, жауырын, іш пен кеуде бұлшық еттері жаттығады. Қазір көбісі мекемеде жұмыс істегендіктен бұл спорт түріне хобби ретінде бет бұра бастаған, – дейді ол.

Дегенмен, ат спортының өзіндік талабы мен шектеулері бар.

– Ол бір жағынан көрген көзді сүйсіндіріп, жан тыныштандыратын іс сияқты. Алайда, кей кезде ат мінезін көрсетіп, бағынбай, тіпті үстіндегі адамды құлатып кетуі ғажап емес. Ат үстінде серуендегенде де бала жүрегі күшті режимде жұмыс істеп, қысым көтеріледі. Бұл спортпен гипертония мен жүрек ақауы бар жандар айналыспау керек, – дейді спортшылар.

Сала мамандарының айтуынша, бүгінде елімізде ат спортымен айналысуға мүмкіндік жеткілікті. Алайда тек қызығушылықпен шектелмей, сапаға мән беру қажет. Бұл ретте олар ат клубын таңдауға ерекше назар аударуға кеңес береді. Жануарлардың күтімі мен денсаулығы, нұсқаушының біліктілігі мен тәжірибесі – басты назарда болуы тиіс.

Айта кетейік, бүгін елімізде Ұлттық спорт күні тойланып жатыр.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью