Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
- Балалардың денсаулығы – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының жобасында негізгі екі көрсеткіш белгіленген. Атап айтқанда, профилактикалық тексерулер мен патронаждар арқылы қамтылатын балалардың үлесін 66 пайызға және денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін кезең-кезеңімен 30 пайызға дейін төмендету көзделген. Осыған сәйкес аталған индикаторларға қол жеткізу үшін министрліктің алдында 30 іс-шараны іске асыру міндеті тұр, - деді ол.
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстан балалардың әл-ауқаты индексінің «Денсаулық» бағыты бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына кіріп отыр. Балалардың денсаулығын қорғау мен өмір сапасын арттыру үшін нақты әрі маңызды шешімдер де қабылданды.
- Атап айтар болсақ: алғаш рет есту қабілеті бұзылған, бірақ мүгедектік мәртебесі жоқ балалар есту аппараттары мен аудиопроцессорлармен қамтамасыз етілуде. Ол бірнеше жылдан бері ата-аналар тарапынан қозғалып келген түйткілді шешімдердің бірі. Дәл осылай алғаш рет бет қаңқасы мен басының туа біткен анатомиялық ақаулары бар балаларға генетикалық скринингтер, реконструктивтік және пластикалық операциялар жүргізу де заңмен бекітілді. Нәтижесінде күрделі диагноздар ерте анықталып, мүгедектіктің алдын алуға жол ашылады. Кератопластика бойынша трансплантациялау тізбесі де кеңейтілді, - деді Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар ол былтырдан бастап денсаулық сақтау ұйымдарында 3 тәулікке дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды емдеуге жатқызуға мүмкіндік көзделді.
- Балалардың уақытша қозғалысы шектелген кезеңдерде көмекші техникалық құралдарды алуына, кәмелетке толмаған туысқан донордан сүйек кемігін транспланттауға, сондай-ақ ем алу үшін басқа өңірге шыққанда жол жүру шығындарын өтеуге қатысты жаңа заңнамалық нормалар бүгінде Мәжілістің қарауында, - деді министр.
Айта кетейік, Үкімет «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын пысықтап жатыр.