Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Биыл – Омбы қаласындағы қазақ жастары шығарған «Балапан» қолжазба журналының жарық көргеніне 110 жыл. Журнал 1916-1918 жылдары «Бірлік» ұйымының жанынан шығып тұрды. «Бірлік» ұйымы мүшелері қатарында Мағжан Жұмабайұлы, Дінше Әділов, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Асылбек Сейітов, Асқат Сайдалыұлы, Әбдірахман Байділдин т.б. қазақ жастары болғаны белгілі. Олар қазақ халқының мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтеру арқылы халықтың ұлттық сана-сезімін оятуды мақсат тұтты. «Балапан» журналын да олар сол үшін шығарды. Алдына осындай үлкен мақсат қойған журналды кімдер басқарды?
1917 жылғы 1-4 қазан аралығында Омбы қаласында «Бірлік» ұйымының жалпы жиылысы өтті. «Қазақ» газетінің 1918 жылғы №259 санында осы жиын туралы «Омбыдағы «Бірлік» қауымы» деген хабар жарияланды. Хабарда жиылысты Мағжан Жұмабайұлы басқарғаны, сондай-ақ Дінше Әділов пен Мәжікен Сүлеймановтың хатшы болғаны жазылды. «...Омбыда оқып жүрген қазақ жастары 1914 жылдың басында жасырынып жүріп, «Бірлік» атты қауым ашқан еді. Бостандық болмастан бұрын бұлар кітап бастырып, «Балапан» атты журнал шығарып, жастардың көзін ашып, көңілін оятып, ұлт қызметіне кірісті. Бостандықтан бұрын бұл «Бірліктен» басқа еш жерде жастар ұйымы жоқ еді», – дейді газет. Сонымен қатар хабарда «Бірліктің» үш жылдық есебі беріліп, 8 тармақтан тұратын қаулы қабылданғаны айтылған. Осы қаулының «Балапан» журналын зорайту» деп аталатын 7-тармағында: «...Журнал басқармасына үш кісі сайланды. Оларға тағы екі қолғабысшы белгіленді», – делінген. Алайда үш шығарушының кімдер екені көрсетілмеген. Біздің пайымымызша, журнал басқармасына сайланған үш кісі – Бекмұхамед Серкебаев, Смағұл Сәдуақасұлы және Әбдірахман Байділдин. Бұлай сенімді айтатын себебіміз – Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінен табылған «Балапанның» 1918 жылғы №9 санында шығарушы ретінде осы үшеуінің есім-сойы көрсетілген. Сондай-ақ осы санда үшеуінің жазбалары да жарияланған.
Сол кездегі сақтық болса керек, «Балапанның» авторлары шығармаларын бүркеншік есіммен жазыпты. Нөмірде үш өлең, екі әңгіме, екі хабар, бір-бірден мақала мен фельетон жарық көріпті. Соның үшеуін Серке жазған екен. Журналға Серкенің «Қонған жерімнен», «Көк төбетке» және «Абылай» деген үш шығармасы басылған. Біздің ойымызша Серке – Бекмұхамед Серкебаев. Себебі бүркеншік есімдер арасында аты-жөнінің ішінен жаңа есім жасау (анаграмма) әдісі бар. Осы тәсілмен Қошмұхамед Кемеңгерұлы – «Қошке», Жүсіпбек Аймауытұлы «Жік» болғаны белгілі. Демек «Серке» – Серкебаевтан шығарылған бүркеншік есім. Әдетте қолжазба журнал шығарушылары өздері дайындаған нөмірге мейілінше молырақ үлес қосады. Бір нөмірге Серкенің үш жазбасының шығуы бұл бүркеншік есімнің иесі Бекмұхамед екенін айғақтай түседі.
Осы санда сонымен қатар Бабасанның «Ақылсыз сұлу» өлеңі жарияланған. Ол өлеңінде адамды сырт келбетіне емес, мінезіне қарап бағалау қажеттігін айтады. Бабасанды «Бірлік» ұйымының мүшесі әрі хатшысы Әбдірахман Байділдин болар деп шамаладық. Себебі ол уақытта ру атымен аталатын бүркеншік есімдер кездесетін. Мәселен, Міржақып Дулатұлының «Мадияр» есімін қолданғаны белгілі. Әбдірахман Байділдин арғынның Бабасан руынан шыққан. Демек Бабасан қалам атын қолдануы әбден мүмкін. Әбдірахман 1922 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы болды. Биыл қайраткер тұлғаның туғанына 135 жыл толады.
«Балапанның» 1918 жылғы №9 санында Смағұл Сәдуақасұлының жазбалары жарияланбапты. Алайда осы сандағы «Шығарушы ұйымынан» деген тақырыппен берілген жазбада Бекмұхамед, Әбдірахманмен бірге Смағұлдың да аты көрсетілген: «...Көңілінде ұлтқа қызмет етемін, қазақ әдебиетінің алға басып, зорайуына себепші боламын деген адам қаламмен қызмет етулері тиіс. Ал азаматтар! Басталған іске салақтық көрсетпей, жұмыла қолқабысын қылып, аз уақыттарыңызды бөліп, журналға сөз жазып тұруларыңызды шығарушылар қатты өтінеді. Шығарушылар: Бекмұхамед Серкебай, Ысмағұл Садуақас, Ғабдрахман Байдалы». Осылайша, журнал шығарушылары қазақ жастарын «Балапан» журналына белсенді түрде атсалысуға, қаламмен қызмет етуге шақырған. Соған қарағанда Бекмұхамед Серкебаев, Смағұл Сәдуақасұлы және Әбдірахман Байділдин журналдың 1917–1918 жылдардағы шығарушылары болған сыңайлы. Ал оның алдындағы 1916–1917 жылдары журналды Қошке Кемеңгерұлы, Мағжан Жұмабаев шығарған болуы керек.
Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы Омбы облыстық мемлекет архивіндегі құжаттарға сүйене отырып, «Балапанның» жауапты шығарушысы Қошке Кемеңгерұлы болғанын жазған еді. Ғалымның жазуынша, «Балапанның» 1917 жылғы №5 санында Қошкенің «Горе от ума» («Ақылдың азабы») шығармасынан үзінді жарияланыпты. 1918 жылғы 30 шілдеде «Бірлік» ұйымы жанынан «Жас азамат» газеті шыққанда басылымның алғашқы редакторы Қошке Кемеңгерұлы болған еді. Соған қарағанда Қошке «Балапанның» шығарушысы қызметін 1917 жылғы қазанға дейін атқарып, ары қарай «Жас азамат» газетінің тізгінін ұстаған секілді.
Сонымен қатар «Балапанның» тағы бір шығарушысы Мағжан Жұмабайұлы болды. Мағжан қолжазба журналға ақжолтай тілегін арнап: «Балапан қанат қақты... Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты. Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті...», деп келетін аллегориялық туындысын жариялады.
Журнал редакторлары «Балапан» қолжазба журналын шығару арқылы жазуға икемі бар қалам иелерінің шығармашылығын шыңдады. Журналда негізінен әдеби туындылар жарияланып, қазақ әдебиетінің дамуына серпін берді. Ендеше жазба әдебиетті жаңа сапаға көтерген «Балапанның» еңбегі әлі де бағамдалуы керек деп білеміз.
Соңғы жаңалықтар
Саясат • Бүгін, 08:48
Төрт жасында 6-сыныптың есебін шығарады
Аймақтар • Бүгін, 08:45
Құқықтық мәдениетті нығайтатын қадам
Қоғам • Бүгін, 08:43
Тіл тазалығы – ғасырға ұласқан мәселе
Тарих • Бүгін, 08:40
Қоғам • Бүгін, 08:38
Басылым • Бүгін, 08:35
Бұқтырылған киік еті саудаға шықты
Өндіріс • Бүгін, 08:32
Таным • Бүгін, 08:30
Еңбек нарығы: маман көп, жұмысшы тапшы
Еңбек • Бүгін, 08:28
Бексұлтан Нұржеке, Қазақстанның Халық жазушысы: Келешекке деген үміт шырағы ешқашан да сөнбеуге тиіс
Сұхбат • Бүгін, 08:25
Ақтауда урологиялық операция жасалады
Медицина • Бүгін, 08:23
Отаншылдық ұғымын қалай түсінесің?
Жастар • Бүгін, 08:20
Қауіпті дертті сәулемен емдейді
Аймақтар • Бүгін, 08:17
Жастар • Бүгін, 08:15
Коалиция мүшелері Алматы облысы жұртшылығымен жүздесті
Реформа • Бүгін, 08:12