Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
— Фестиваль аясында балық шаруашылығын жоғары технологиялық индустрияға айналдыруға арналған ауқымды форум ұйымдастырылып, негізгі назар дәстүрлі балық аулаудан өндірістік балық өсіруге аударылмақ. Форум аясында балық өсірудің автоматтандырылған жүйелері мен суды қайта айналдыру қондырғылары таныстырылып, отандық кәсіпкерлер мен еуропалық инвесторлар арасында тікелей келіссөздер жүргізіледі деп күтілуде, — деді Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Балықты өндірістік бағытта өсірудің маңызы да осы тұста айқын көрінеді, өйткені бұл технологиялық жаңғыру ғана емес, сонымен қатар ресурстарды тиімді пайдалану қажеттілігінен туындайтын қадам.
— Қазақстан су тапшылығы сезілетін аймаққа жатады. 80 пайыз су сырттан келеді. Оның үстіне оңтүстік аймақтарда маусымдық кезеңдерде бұл мәселе тіпті өткір байқалады. Сондықтан табиғи жағдайларға тәуелді болмас үшін жаңа механизмдерден қашпау керек. Өндірістік форматқа көшкенде өнімділік те артады. Себебі арнайы жүйеде балықтың қорегі мен қажеттілігі толық бақылауда болады, — деді депутат.
Осы ретте саладағы өзгерістер тәжірибелік деңгейде емес, заңнамалық тұрғыдан да қолдау тауып отырғанын атап өткен жөн.
— Өткен жылы Су кодексі қабылданды. Ол суды пайдаланудан су үнемдеу технологияларына көшуді көздейді, — дейді спикер.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары да өндірістік бағытқа өтуді нақты тетіктер арқылы ынталандырып отыр.
— Орта және шағын шаруашылықтар тамшылатып немесе жаңбырлатып суару қондырғыларын сатып алса, оның 80 пайызын Үкімет субсидиялап береді. Тарифтерде де өзгешеліктер бар. Былтыр суармалы жерлердің көлемі 150 мың гектарға ұлғайды. Алдағы уақытта оны 3 млн гектарға жеткізу жоспары тұр, — деді ол.
Дегенмен, жүйелі дамуға кедергі келтіретін түйткілдер бар.
— Балық шаруашылығында импортқа тәуелділік сақталып отыр. Оның басты себебі — елімізде балық азығы жеткіліксіз. Бұл бағытты жолға қою — алдағы маңызды міндеттердің бірі, — деді депутат.
Еске салайық, Қазақстанда «Бекіре-2026» балық қорғау акциясы басталды.