Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Теңіз балығының түрі сан алуан. Қорғауға алынған қызыл балық тұқымының жөні бөлек. Ал кезінде маңғыстаулық ихтиолог ғалым Зұлқаш Баймырзаев әкеліп жерсіндірген кефаль балығы тұрғындардың сүйікті нәпақасына айналған. Жалпы, тұқым-түрін көбейту үнемі назарда. Маңғыстауда балық шаруашылығы дүркіреген жылдар да болған, бірақ бүгінде естелік ретінде айтылып жүр.
Әйтсе де Маңғыстауда дүркіреген балық шаруашылығын қалпына келтіруге бола ма, балық шаруашылығының басына бақ қона ма, осы мақсатта не істеу керек деген сұрақ ел басқарғандардың көкейінде көптен бар. Кейінгі жылдары аталған саланы дамытуға бірқатар іс-шара жоспарланып, жобалар қолға алынған. Өңірдегі «Kazakh Osseter», «Caspian Riviera», «Natali Company», «Organic Fish» ЖШС-лары бекіре, жайын, албырт тұқымдас балықтарды өсірумен айналысып жатыр, сондай-ақ алдағы жылдары аквашаруашылық бағытында төрт ірі жоба жүзеге асырылады.
Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтың айтуынша, өңірде балық шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жұмыс жалғасын тауып, саладағы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мен ғылыми зерттеу нәтижесінде инновациялық тәжірибені енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ саладағы кедергілерді азайту және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар ұсыныс орталық мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапқан.
«Өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында биыл балық аулау лимиті 2023 жылмен салыстырғанда 4 есеге ұлғайтылып, шамамен 43,7 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар Каспий теңізіндегі кутум балығы Қызыл кітаптан шығарылып, кәсіпшілік аулау лимитіне енгізілді. Балықшылардың шекара органдарынан рұқсат алу мерзімі 50 күннен 18 күнге дейін қысқартылды. Бұдан бөлек, аквашаруашылықтарды қолдау мақсатында бірқатар жеңілдік енгізіліп, ұңғымаларды бұрғылау шығындарының 80 пайызына дейін субсидия қарастырылды. Ал жануарлар дүниесін пайдалануға қойылатын шектеу мерзімі 1 қаңтар мен 15 наурыз аралығына дейін қысқарды. Балықшы кемелері үшін теңіз порттары қызметтеріне 70–80 пайыздық жеңілдік берілді. Сондай-ақ теңіз флоты бар инвесторларға балық шаруашылығы учаскелерін конкурссыз беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр», деді Арман Молдашев.
Саланы дамыта түсу үшін ғылыми зерттеу жұмысының маңызы зор.
«Балық өсіру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер» бағдарламасы бойынша 2023–2025 жылдар аралығында «Қазақстан қолданбалы экология агенттігі» ЖШС ғылыми зерттеу ұйымы арқылы Каспий албыртын жасанды түрде инкубациялау тәжірибелік-әдістемесі әзірленіп, енгізілді. Бұл әдістеме өңірде бағалы балық түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2026–2027 жылдары жаңа ғылыми жобалар іске асырылатын болады», деді ол.
Балыққа қатысты жобаның бірі Жаңаөзен қаласында қолға алынған. Аквакультураны дамытуға бағытталған жаңа жобаның мақсаты – аквакультура әдісі арқылы балық өсіруді жолға қойып, отандық балық өнімінің көлемін арттыру. Жобаның толықтай жеке қаражаты есебінен қаржыландырған жеке кәсіпкер Лаура Қостырлыева 2021 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының бағдарламасы арқылы 1 200 000 теңге көлемінде грант алып қажетті құрал-жабдықтар, тоңазытқыштар сатып алыпты.
Бір өндірістік циклде 5 мыңнан 10 мың данаға дейін балық өсіру, жыл сайын өндірілетін өнім көлемін бес мың тоннаға дейін жеткізу межеленген. Жоба қолданысқа берілгенде он жаңа жұмыс орны ашылады.
«Біздің отбасылық кәсібіміздің негізін отағасы қалады. Ол 16 жасынан бастап балық шаруашылығына қызығып, теңіз өнімдерімен жұмыс істеуді хобби ретінде бастаған. Уақыт өте келе бұл қызығушылық кәсіби бағытқа айналды. Қазіргі уақытта өзіміздің шағын дүкеніміз бар, онда өсірген өнімдерімізді халыққа ұсынып отырмыз. Атап айтқанда, форельден бөлек, болашақта балықтың басқа да түрлерін, соның ішінде сазан өсіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз», деді Л.Қостырлыева. Кәсіпкерлер кәсібін кеңейтіп, жаңа бағыттар қосып, сапалы өнім ұсынып, өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға үлес қосуды мақсат етеді.
Балық шаруашылығының дамуы – тұрғындар үшін кәсіп пен нәсіп, ел үшін экономикалық қуат, сондықтан Маңғыстаудағы балық кәсібіне қатысты әрбір жоба – болашақ алып өндірістік кәсіпорынның бастамасы болуы мүмкін. Тек теңізіміз тартылмасын деп тілейік.
Маңғыстау облысы
Соңғы жаңалықтар
Несие • Бүгін, 08:10
Жолаушы қауіпсіздігі – жауапты міндет
Қоғам • Бүгін, 08:05
Анас Баққожаев: Заң жобасы жауапкершілікке негізделген
Сұхбат • Бүгін, 08:00
Қаржы ұйымымен келелі келіссөз
Саясат • Бүгін, 07:55
Бейбітшілікке үндеген жаһандық саммит
Саясат • Бүгін, 07:50
Кекілбаев тұлғасына арналған кітап
Қоғам • Бүгін, 07:48
Халықаралық шарт пен келісім мақұлданды
Саясат • Бүгін, 07:45
Штутгарттағы сәтті старт: Елена Рыбакина келесі кезеңге өтті
Теннис • Кеше
Күшті үйлестіру – озық тәжірибе
Аймақтар • Кеше
Бір кәуап – 950 мың теңге: Бразилияда туристерді алдаған топ ұсталды
Әлем • Кеше
Ұландықтар баланы ажалдан аман алып қалды
Қоғам • Кеше
Бекзат Алмаханның UFC-дегі қарсыласы анықталды
Спорт • Кеше
«Әділет» партиясын құруға ресми қадам жасалды
Саясат • Кеше
Президент «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закировке құттықтау жеделхатын жолдады
Президент • Кеше
Бибісара Асаубаева көш басына шықты
Шахмат • Кеше