Балық шаруашылығына байыпты бетбұрыс

23.06.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Мұнайлы өңірде өткен «Қазы­налы Каспий – 2026» халықара­лық фестиваліне еліміздің әр өңі­рі­нен, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстаннан 100-ден астам адам қатысты. Мақ­сат – Каспий маңы елдері ара­сын­дағы ынтымақтастықты нығай­туға, балық шаруашылығы мен аквамәдениетті дамытуға ық­пал ету. Осыған орай іс-шара аясын­дағы «Каспий маңындағы серік­тестік: балық шаруашылығы мен акваөсірудің тұрақты дамуы» атты халықаралық форумда бес елге ортақ теңіздің экожүйесін сақтау, балық шаруашылығын одан әрі өркендетуге байланысты стратегиялық маңызды мәселелерді талқылады. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікі­рінше, Атырау – тарихи тұрғыда балық шаруашылығы саласының орталығы. Өйткені мұнда бекіре тұқымдас балық түрлерін кө­бей­ту және балық өнімдерін өң­деумен айналысатын негізгі кәсіп­орындар шоғырланған.

«Атырауда балық шаруашы­лығын дамытуға, заманауи технологияларды енгізу мен инвестиция тартуға зор әлеует бар. Енді алдағы уақытта дәстүрлі балық аулаумен шектелмей, су маржанын өсіру және аквакультураны дамыту бағытына кезең-кезеңімен көшуді көздеп отырмыз. Осы мақсатта Дамбы ауылдық округі аумағынан балық өсіруге қолайлы 100 гектар жер телімін акваай­мақ ретінде қалыптастыру жобасы дайындалып жатыр. Бұл бастама табиғи балық қорына түсетін жүктемені азайтады. Тауарлы балық өндірісін ұлғайтуға, кәсіп­керлерге қолайлы жағдай жа­сауға, аталған саланы жаңа дең­гейге көтеруге мүмкіндік береді. Каспий маңы елдері арасындағы тәжірибе алмасу, мемлекет, ғылым және бизнес арасындағы ашық диа­лог балықтың био­алуантүрлілігін сақтауға, саланың тұрақты дамуына сеп болатын жаңа тәсілдерге жол ашады», дейді Серік Шәпкенов.

Балық шаруашылығы коми­те­тінің төрағасы Серік Сермағам­бетовтің мәліметінше, кейінгі бес жылда Қазақстанда акваөсіру са­ласы қарқынды дамып келеді. Қазір балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны төрт есеге артып, 700-ге жетіп отыр. Бұл кәсіпорындар жылына 26 мың тоннаға дейін тұқы, бекіре және албырт тұқымдас балық өні­мін шығарады.

«Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес балық шаруа­шылығын дамыту бағытында жү­йелі жұмыстар қолға алынды. Кейінгі жылдары акваөсіру сала­­сына қызығушылық артып, инвестиция көлемі артып ке­леді. Аталған саланы одан әрі дамыту мақсатында былтыр «Аква­өсіру туралы» заң қабыл­данды. Құжат мемлекеттік қолдау тетік­терін жетілдіруге, ғылыми сүйе­мелдеуді күшейтіп, инвестиция тартуға бағытталып отыр», деді С.Сермағамбетов.

Оның дерегіне қарағанда, қазір елімізде 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның негізгі мақсатының бірі – акваөсіру өндірісін ұлғайтып, экспорттық әлеуетті арттыру. Әр өңірде 40-тан астам инвестицияық жобаны іске асыру қолға алынған. Бұл жобалардың жалпы құны 60 млрд теңгеден асады. Соның бірі – норвегиялық технология бойынша теңіз форелін өсіретін «Organic Fish» жобасы. Кәсіпорын жылына 5 мың тоннаға дейін өнім өндіруді көздепті.

Ал «Caspian Royal Fish» ЖШС басшысының орынбасары Болат Жаниязовтың айтуына қараған­да, бағалы су маржанын өсіру, қара уылдырық дайындау үшін заманауи технологияларды іске қосқан. Мұнда сумен қамтудың тұйық жүйесі технологиясы бар. Бұл тәсіл су ресурстарын үнемді пайдалануға және өндірістің эко­логиялық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етуге ықпал етіп отыр.

«Кәсіпорынның жылдық өн­ді­­­рістік қуаты 100 тонна тауар­лы балық пен 1 тонна қара уыл­дырық өндіруге жетеді. Қазір ша­руашылықта шамамен 40 тонна аналық бекіре балығы өсіріліп жатыр. Біздің жобамыз өңірдегі балық шаруашылығының дамуы­на серпін беріп қана қоймай, бекіре тұқымдас балықтардың қорын сақтауға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету­ге үлес қосып келеді. Енді Каспий маңы елдеріндегі әріп­тес­терімізбен тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік орнатуға, өнімді сыртқы нарыққа шығару­ды жос­пар­ладық», деп мәлімдеді Б.Жаниязов.

Балық өнімдерін дайындай­тын тағы бір ірі кәсіпорын – «Амангелді» ЖШС директоры Жәния Борашеваның айтуынша, су айдынынан ауланған балықты қабылдайтын бірнеше орын бар. Мұндай орындар Құрманғазы ауда­нындағы Шортанбай ба­лық за­уытында, сондай-ақ Дамбы және Қызылбалық ауыл­да­рын­­да­ғы өндірістік цехтарда орна­ласқан.

«Біз дайындаған балық өнім­­­­дері Еуропаның Франция, Германия, Бельгия және басқа ел­де­ріне экспортталады. Өйткені бізде еуропалық стандарттар­ға сай жұмыс істеуге мүмкіндік беретін арнайы еуронөмір бар. Шетелдік серіктестер атыраулық өнімнің сапасын жоғары бағалап келеді. Алайда Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі өзекті мәселеге айналып отыр. Су арналары тайызданды. Қазір сол арналарды тереңдету жұмысын жүргізу қажеттілігі артып ке­леді», дейді ол.

Оның дерегіне сүйенсек, серіктестікте 400 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал маусымдық кезең­де қосымша 1 100 адам жұмыс­қа тартылады. Кәсіпорын­ның балық аулау флотында 20 шағын көлемді кеме мен 6 теплоход бар. Мәселен, 2021 жылы 4 мың тонна балық ауланып, өңделген. Тәуліктік өндірістік қуаты 3,7 тоннаны құрайтын цехта күніне 1 тонна балық филесі, 2 тонна ысталған өнім, 200 кило аспаздық өнім және 750 кило қақталған балық өңделеді.

«Сол жылы біздің кәсіпорын 2,5 мың тонна мұздатылған балық, 300 тонна балық филесі, 350 тонна өңделген өнім және 200 тонна қақталған балық шы­ғарды. Шетел нарығына 1 мың тонна мұздатылған және 160 тонна қақталған балық өнімін экспорттадық», дейді Ж.Борашева.

Атырау қаласындағы «Жас­тар» саябағында жалғасқан «Қа­зы­­налы Каспий – 2026» халық­аралық фестиваліне 5 мыңнан астам тұрғын жиналды. Олар «Атырау» бекіре зауытында өсі­рілген 3 мың сүйірк шабағын Жайық өзеніне жіберу үдерісіне куә болды. Зауыттағы шабақ өсіру цехының меңгерушісі Нұрболат Сұпығалиевтің мәліметінше, баға­лы балық шабағының сал­мағы әртүрлі, кейбірі 3,5 грамнан асады. Тіпті, 3–8 грамм аралы­ғын­дағы шабақтар да бар.

«Зауытта бекіре тұқымдас балық­тардың бес түрі өсіріледі. Оның қатарында бекіре, шоқыр және басқа да бағалы балықтар бар. Шабақтар арнайы тоғандарда жетіліп, белгілі бір кезеңге жеткен соң табиғи ортаға жіберіледі. Бекіре мен шоқыр шамамен 10 жылда, ал сүйрік 4–5 жылдан соң уылдырық шашу үшін Жайық өзеніне оралады», деп түсіндірді Н.Сұпығалиев.

Атырау облысы 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью