24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қарағанды облысында су айдындарының бетіндегі мұзды ою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Қалың қар мен мұз қабаты салдарынан суда оттегі мөлшері азайып, балықтар мен өзге де тіршілік иелері қырылуы мүмкін. Осыған байланысты қаңтардан бастап наурыз айына дейін мамандар су айдындарын бақылауда ұстайды. Аталған шаралар экожүйені сақтауға бағытталған.
Федоров су қоймасында тұқы, алабұға, сазан, шортан сынды көптеген балық түрлері бар. Су қоймасы резервтік болып саналады. Мұнда тек әуесқойларға ғана балық аулауға рұқсат етілген. Қыстыңгүні су оттегімен қанықтырылып, балықтардың қырылуының алдын алу үшін мұзды ою жұмысы жүргізіледі. Ал ойылған мұз қайта қатып қалмас үшін, мынадай етіп қамыстар салынады.
Қаңтардың алғашқы он күні аязды болды. Сәйкесінше, су қоймасындағы мұздың қалыңдығы 60 сантиметрге дейін жеткен. Бұл судағы оттегі жетіспеушілігіне әкеліп соғады.
Батыр Көрікбай, Қарағанды Орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы жедел тобының жетекшісі:
- Қыста біздің негізгі жұмысымыз балықтардың қырылмауы. Өйткені оларға кислород жетпейді. Қатып тұрғандарына ғана жасаймыз. Мысалы, олар өздері көрінеді, барып тексереміз. Егер оларда бөтен иістер болмаса, олар таза деген сөз.
Шамамен әр 100 шаршы метр жерге 20-30 шұңқыр ойылады. Мұз үсті неғұрлым көп ойылса, балықтарды сақтап қалуға мүмкіндік мол. Көбіне ағыны жоқ жерлерге жиі жасалады. Себебі ол тұстар аязды күні толығымен қатып қалуы мүмкін.
Жұлдыз Жетпісбай, Нұра-Сарысу облысаралық Бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
- Қыс мезгілінде мұздың қатуы 1-1,5 метрге дейін барады. Сол себепті де балықтардың қырылуының алдын алу үшін осы шараны жасаймыз. Бұл барлық біздің Қарағанды облысындағы су айдындарында орын алады. Резервтік болсын және бекітілген су айдындарында.
Су құрамындағы оттегінің мөлшері әр литріне 9 миллиграмнан төмен болмауы тиіс. Бұл көрсеткішті сақтау өте маңызды, себебі балықтардың тіршілігі соған тікелей байланысты. Бабек Махмудов әуесқой балықшы. Демалыс күндері осы су қоймасына келеді.
Бабек Махмудов, балықшы:
- Мұнда балықтың түрі өте көп. Көксерке, шортан, торта,мөңке, алабұға бар. Әдетте 3-4 килограммға дейін аулаймын. Мұз ою жұмысын мұнда жүйелі түрде жүргізіп тұрады. Кейде өзім де біраз жерді ойып қоямын.
Облыс көлемінде 179 су айдыны болса, соның 104-і жеке шаруашылықтардың қарауында. Олар мұз ою жұмыстарын өздері жүргізеді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит