Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Алматы облысының Қарасай аудандық сотында сталкинг бойынша қылмыстық іс қаралып, үкім шықты.
Айыпталушы 2025 жылғы қыркүйек айынан бастап жәбірленушіні еркінен тыс жүйелі түрде қудалап келген.
Сотта анықталғандай, ол бірнеше рет қоңырау шалып, «WhatsApp» және «Telegram» мессенджерлері арқылы хабарламалар жіберген.
Жәбірленуші оны бұғаттағаннан кейін де, ол байланыс орнату әрекеттерін жалғастырып, «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы жәбірленушінің шотына аз мөлшерде ақша аударып, аударыммен бірге хабарламалар жазған және бұл әрекеттер жиі қайталанған.
Жүйелі қудалау салдарынан жәбірленуші үрейленіп, қорқыққан, ұйқысы бұзылып, психикалық жай-күйіне елеулі зиян келіп, қалыпты өмір салты өзгерген. Бірақ айыпталушы тарапынан күш көрсетілмегені анықталды.
Осылайша, айыпталушы сталкинг жасаған, яғни зорлық-зомбылықсыз, бірақ жәбірленушінің еркінен тыс байланыс орнатуға және (немесе) оны қадағалауға бағытталған заңсыз қудалау арқылы елеулі зиян келтірген.
Іс материалдарын зерттеп, процеске қатысушылардың пікірін тыңдап, сот айыпталушыны ҚК-нің 115-1-бабы ("Сталкинг") бойынша кінәлі деп танып, оған 25 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бүгін, 12:15