Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз интернет-казино жұмысын ұйымдастыруға қатысы бар бір топ тұлғаға қатысты істі тергеп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Схема қалай жұмыс істеді?
Іс материалдарына сәйкес, заңсыз қызмет Nomadgames, Sultangames интернет-ресурстары және олардың айналық (зеркало) сайттары арқылы жүзеге асырылған. Ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдарын, банк терминалдарын, электронды әмияндарды және криптовалютаны қамтитын күрделі жүйе пайдаланылған.
"Схемаға төлем инфрақұрылымын қосуды, міндетті тексерусіз шарттар жасасуды және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарын беруді қамтамасыз еткен банк секторының өкілдері қатысқан. Операцияның нақты мақсатын жасыру үшін олар заңды букмекерлік және өзге де шаруашылық қызмет түрінде жүргізілген", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Нәтижесінде, ҚМА мәліметінше, электронды терминалдар арқылы 188 миллиард теңгеден асатын сомаға операциялар жасалған.
"Қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру үшін бақылаудағы ЖШС пайдаланылған. Фейк шарт аясында оның шоттарына 10 миллиард теңге түскен. Кейіннен бұл қаражат криптовалютаға айналдырылып, күдіктілердің криптоәмияндарына жіберіліп отырған", - деп мәлімдеді ҚМА.
Тергеу барысында жалпы сомасы 19 миллион USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталған.
Қанша күдікті бар?Баспасөз қызметінің нақтылауынша, сот санкциясымен 3 пәтер, 6 автокөлік, криптоактивтер мен банк шоттарындағы 1,4 миллиард теңге сомасындағы қаражатқа тыйым салынды.
"Үш күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, тағы үшеуіне – кепіл, екеуіне – ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат түріндегі шара таңдалды", - деп хабарлады ҚМА.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды, деп атап өтті агенттік.
Бұған дейін ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті тұтынушылық кооператив түрінде жұмыс істеген R.O.I қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқаны хабарланған болатын. Ведомство мәліметінше, қазақстандықтарға автокөлік пен жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысу ұсынылған. Ол үшін олармен пай жинақтау шарттары жасалып, ақшалай жарналар қабылданған.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу