Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Қарызыңыз көбейіп, төлеу қиындап кетті ме?
Қазақстандықтар үшін банкроттық рәсімі қолжетімді. Tengrinews.kz бұл мүмкіндікті кімдер және қандай жағдайларда пайдалана алатынын, сондай-ақ бұрынғы борышкерлер үшін оның салдары қандай болатынын түсіндіреді.
Қарызды "кешірудің" қандай түрлері барБарлығы үш түрі бар: оның екеуі сотқа жүгінуді қарастырады, ал үшіншісі сотсыз-ақ мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Соттан тыс банкроттықСоттан тыс банкроттық, егер қарыз сомасы 1 600 АЕК-тен (2026 жылы 6,9 миллион теңге) аспаса және кем дегенде соңғы бір жыл ішінде төлем жасалмаса қолжетімді болады.
Бірақ қосымша шарттары да бар:
борышкердің мемлекеттік тіркеуге жататын ірі мүлкі (мысалы, жылжымайтын мүлік, автокөлік, бағалы қағаздар) болмауы тиіс; кредитормен (немесе кредиторлармен) берешекті реттеу бойынша келісімге келу әрекеті жасалуы керек.Сарапшылар соттан тыс банкроттыққа өтініш берген сәтте ірі активтердің болмауы ғана емес, сонымен қатар рәсім кезінде және одан кейінгі үш жыл ішінде оны сатып алудан бас тарту маңызды екенін ескертеді. Әйтпесе, нәтижелер жойылып, қарыз пайыздары және айыппұлдарымен бірге қайта қалпына келтірілуі мүмкін.
Заңбұзушылықты жасыруға тырысудың пайдасы жоқ: мемлекет бұл туралы деректер базасы арқылы немесе кредитордың өтініші көмегімен автоматты түрде біледі.
Борышкердің өзі де білмейтін активтерінің болуы тағы бір мәселеге айналуы мүмкін. Мысалы, банктік өнімдерді ашқан кезде оның атына автоматты түрде рәсімделген бағалы қағаздар болуы ықтимал. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін бұрын-соңды өзіне тіркелген барлық мүлікті мұқият тексеру қажет.
Банк немесе МҚҰ-мен реттеуге қол жеткізу үшін мерзімі өткен берешек пайда болғаннан кейін 30 күнтізбелік күн ішінде шарт талаптарын өзгерту (кредитті қайта құрылымдау) туралы жазбаша өтініш беру қажет. Онда туындаған қиындықтардың нақты себептерін көрсетіп, оларды құжаттармен растау керек.
Келесі жағдайлар дәлелді себептер деп саналады:
жұмысынан және басқа да табыс көздерінен айырылу, жалақының жүйелі түрде кешіктірілуі немесе ақысыз демалысқа шығу, ауруға байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық, жақын туыстарының қайтыс болуы, ажырасу және басқа да форс-мажор жағдайлар.Банк 15 күн ішінде жауап беріп, қайта құрылымдауға келісуі, қарсы ұсыныстар білдіруі немесе негізді түрде бас тартуы тиіс. Егер келісімге келу мүмкін болмаса, банк қарызды қарыз алушының шоттары арқылы өндіріп алуы, кепіл мүлікті иеленуі, сотқа жүгінуі немесе талап ету құқығын басқа кредиторларға, соның ішінде коллекторларға сатуы мүмкін.
Соттан тыс банкроттыққа тек кредитормен тікелей реттеу мүмкіндіктері таусылғаннан кейін ғана жүгінуге болады: не банк бас тарту жауабын беруі керек, не клиенттің барлық қолжетімді мүлкіне өндіріп алу шарасын қолданған күннің өзінде оның құны қарызды толық өтемеуі тиіс.
Соттан тыс банкроттық әдетте жарты жылға созылады. Бірақ заң екі санаттағы борышкерлер үшін ерекше жағдай ретінде небәрі бір айды алатын жеңілдетілген және жеделдетілген рәсімді қарастырады:
атаулы әлеуметтік көмек алушылар - оларға бірде-бір төлемсіз бір жылдың өтуін күту міндетті емес; қарызы бойынша бес жылдан аса уақыт бойы төлем жасамаған борышкерлер - олар үшін қарыз сомасы бойынша шектеулер, активтердің болмауы және кредитормен реттеу туралы талаптар қолданылмайды.Соттан тыс банкроттыққа өтінімдерді қараумен Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті айналысады. Өтінішті eGov порталы, eGov Mobile және eSalyq Azamat мобильді қосымшалары арқылы немесе ХҚКО арқылы беруге болады.
eGov порталындағы "Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану" қызметіне тапсырыс беруге болатын бөлімнің скриншоты
Соттан тыс тәртіппен тек банктер, МҚҰ және коллекторлар алдындағы берешекті ғана кешіруге болады. Биылдан бастап рұқсат етілген кредиторлар тізімінен ломбардтар алып тасталды.
Сот арқылы банкроттықБұл түрі, егер қарыз 1 600 АЕК-тен (2026 жылы 6,9 миллион теңге) асса қолданылады. Мемлекеттік базаларда тіркелген мүлік болған жағдайда қарыз сомасы кез келген мөлшерде болуы мүмкін. Мұндай жағдайда активтер қарызды өтеу үшін сауда-саттыққа шығарылады. Рәсім кем дегенде алты айға созылады. Соттан тыс банкроттықтан айырмашылығы, істі қарау кезінде борышкерге шетелге шығуға тыйым салынады (тек емделуге ғана рұқсат етіледі). Сондай-ақ өтініш берушінің қолданыстағы ЖК (жеке кәсіпкерлік) мәртебесі болмауы тиіс.
Тағы бір маңызды жайт - процеске қаржы менеджерінің қатысуы. Оның рөлі мүмкіндігінше көп кредитордың талаптарын қанағаттандыруға бағытталған. Менеджер тараптардың ешқайсының мүддесін білдірмейді және оны борышкердің адвокаты ретінде қабылдауға болмайды. Жұмысының соңында ол сотқа есеп береді, соның негізінде қорытынды шешім шығарылады.
Қаржы басқарушысы ретінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығын жүргізу үшін арнайы біліктілігі бар әкімші, кәсіби бухгалтер, заң кеңесшісі немесе аудитор бола алады. Басқарушының жұмысын борышкер төлейді. Егер ол әлеуметтік осал топқа жататын болса, бұл міндетті мемлекет өз мойнына алады. Басқарушы қызметінің құны - айына бір ең төменгі жалақы (2026 жылы 85 мың теңге).
Қаржы басқарушысының негізгі функциялары:
борышкердің мүлкі мен оның соңғы үш жылдағы барлық мәмілесі туралы мәлімет жинау (активтерді жасыруға, туыстары мен достарына қайта жаздыруға жол бермеу үшін); кредиторлар мен барлық мүдделі тұлғаларды банкроттық рәсімінің басталғаны туралы хабардар ету; конкурстық массаны - сатуға болатын мүліктің тізбесін қалыптастыру; сауда-саттықты ұйымдастыру; активтерді сатудан түскен қаражатты кезек бойынша кредиторлар арасында бөлу.Борышкердің мүлкіне қатысты маңызды ерекшеліктер қарастырылған.
Борышкердің жалғыз баспанасын тек несие немесе микроқарыз бойынша кепіл ретінде қойылған жағдайда ғана сауда-саттықта сатуға болады. Сондай-ақ конкурстық массаға тұрмыстық және бірінші кезекте қажетті заттар, жұмысқа немесе бизнеске қажетті мүлік (мысалы, егер сіз жүргізуші болсаңыз - автокөлік), алынған әлеуметтік төлемдер, алименттер мен зейнетақылар кірмейді.
Банкроттық туралы өтініш тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа беріледі. Онда кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мүмкін емес екенін негіздеп, мемлекеттік тіркеуге жататын барлық мүлікті, соның ішінде банк шоттарындағы ақшаны, брокерлік шоттардағы активтерді, кепілге қойылған, жалға алынған немесе лизингтік мүлікті көрсету қажет.
Сауда-саттықта сатылған мүлік есебінен жабылмай қалған борыштың қалдығы, егер рәсім кезінде борышкердің жосықсыздығы анықталмаса (яғни ол активтерін немесе олар туралы мәліметтерді жасыруға тырыспаса, өзге де жалған мәліметтер бермесе), есептен шығарылады.
Мұнда да ерекшеліктер бар: алимент бойынша берешекті, қылмыстық іс бойынша келтірілген зиян немесе залалдың өтемақысын, сондай-ақ сот тағайындаған бюджетке төленетін міндетті төлемдерді кешіру мүмкін емес.
Қаржы басқарушысының қызмет ақысынан бөлек, борышкерден жарты АЕК мөлшерінде (2026 жылы 2 163 теңге) мемлекеттік баж және ресми дереккөздерде банкроттық туралы мәліметтерді жариялау үшін алым алынады.
Иә, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы мәліметтер жарияланатынын ескеру қажет - ашық қолжетімді жерде толық аты-жөні, ЖСН, мекенжайлары және т.б. көрсетіледі. Ол мынадай:
Қазақстан Республикасы азаматтарының сот арқылы банкроттық рәсімі бойынша іс қозғау туралы хабарландырулары бар Gov.kz сайтынан алынған скриншот. Түпнұсқада жеке деректер толық көрсетілген, бірақ бұл нұсқада Tengrinews.kz оларды жасанды интеллект редакторы көмегімен жасырды
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіруБұл түр ресми түрде банкроттыққа жатпайды. Сәтті аяқталған жағдайда борышкер банкрот мәртебесін және оған қатысты барлық шектеулерді (олар туралы төменде айтамыз) алмайды.
Соған қарамастан, рәсімнен өту үшін тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотқа жүгіну қажет. Сот қарызды бекітеді, содан кейін кредитор айыппұл, өсімпұл мен басқа да тұрақсыздық айыптарын есептеуді тоқтатады. Осы сәттен бастап банк немесе МҚҰ жаңа талаптарды тек сот арқылы қоя алады, ал сот бес жылға дейінгі мерзімге төлем жоспарын құрады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданудың негізгі шарттары:
борышкер мүлкінің құны оның барлық міндеттемелерінен, соның ішінде орындалу мерзімі әлі келмегендерінен де жоғары болуы; оның тұрақты табысы болуы.Іс жүзінде мемлекет өз міндеттемелері бойынша жауап бере алатын, бірақ қарызды тек тұрақты табысы есебінен өтей алмағандықтан активтерінің бір бөлігін сатуы тиіс борышкерге көмектеседі.
Рәсім бес жылға дейін созылуы мүмкін және осы уақыт ішінде борышкер шетелге шыға алмайды. Алайда ол туралы мәліметтер еш жерде жарияланбайды.
Сот арқылы банкроттық рәмін қолдану кезіндегідей, сот қаржы басқарушысын тағайындайды. Ол борышкердің мүлкін сатпайды, бірақ жоспарды құруға қатысады, оны кредиторлармен келіседі және олардың қарсылықтарына жауап береді.
Егер рәсім кезінде бірдеңе дұрыс болмай, адам алған міндеттемелерін тағы да орындай алмаса, екі нұсқа болуы мүмкін:
жоспарды қайта қарау, сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға көшу.Бұл жағдайда мүлікті қарызды өтеу есебіне сатуға тура келеді. Бұл іспен қаржы басқарушысы айналысады.
Жоспарды құру және бекіту кезінде басқарушы мен сот борышкердің өмірлік жағдайларын, мысалы, тұрақты болса да тым төмен табысын ескеріп, қарыздың жалпы сомасын азайта алады. Мұндай жағдайда тек бір бөлігін өтеуге тура келеді, ал қалғаны кешіріледі.
Ай сайынғы төлем сомасы қарапайым формула бойынша анықталады: борышкердің табысынан әрбір отбасы мүшесі үшін ең төменгі күнкөріс құнын алып тастағанда. Бұл сізге банкроттықтан аулақ болуға мүмкіндік береді.
Сот арқылы банкроттық рәсімдеуден айырмашылығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тек банктерге, микроқаржы ұйымдарына немесе қарыз өндіріп алушыларға ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғаларға да қарыздарды өтеуге мүмкіндік береді.
Банкроттықтың минустары мен салдарыБанкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері жағымсыз салдарлармен байланысты.
Борышкерге шұғыл жағдайларды қоспағанда, шетелге шығуға шектеу қойылады (бұл толығымен онлайн режимде, соның ішінде шетелден де жүргізуге болатын соттан тыс банкроттыққа қолданылмайды).
Банкроттық кезінде кредиттік тарих айтарлықтай нашарлайды. Рәсім аяқталғаннан кейін бес жыл ішінде жаңа қарыз алу мүмкін болмайды, алайда одан кейін де банктер мен МҚҰ рәсімнен өткен клиентке сенімсіздікпен қарайды, кем дегенде қатаң талаптар қойып, тартымдылығы төмен шарттар ұсынады. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, банкроттар туралы мәліметтер ашық қолжетімді жерде жарияланады. Сонымен қатар, банкроттық аяқталғаннан кейін үш жыл бойы мемлекет борышкерге бақылау жүргізеді, ал өтінішті қайта беруге тек жеті жылдан кейін рұқсат етіледі. Тіпті сіз төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтіп, оны сәтті аяқтап, банкроттықтан құтылсаңыз да, кредитор сіздің бір кездері қарызды өтеуде қиындыққа тап болғаныңызды және көмекке жүгінуге мәжбүр болғаныңызды білетін болады.Бұл рәсімдерге қатысты сарапшылардың пікіріне келсек, қаржыгер Андрей Чеботарёв, мысалы, өзінің Telegram-арнасында басқа да даулы тұстарға назар аударған.
2023 жылы ол сот арқылы банкроттық рәмімдеу кезінде қаржы басқарушысы борышкердің соңғы үш жылдағы мәмілелерін тексеретінін атап өткен. Сарапшының пікірінше, бұл ірі мүлікті сатып алу және сатуға күмән келтіруі мүмкін. Оның үстіне, бұл жерде тек борышкер ғана емес, банкроттық рәсіміне ешқандай қатысы жоқ оның контрагенті де тәуекелге ұшырайды. Чеботарёв банкроттық жариялаған сатушының кесірінен пәтерінен айырылып қалу қаупі бар пәтер сатып алушысына қатысты мысал келтірген.
Сондай-ақ қаржыгер қаржы басқарушылары институтына байланысты тәуекелдерге де назар аударған. Қолданыстағы ережелер борышкерді нақты орындаушының кәсібилігіне, этикасы мен адалдығына қатты тәуелді етеді.
"Қазақстанның қаржы жүйесі үшін қажетті қадам"Qazaq Expert Club сарапшысы Саида Тілеуленова Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында банкроттық институтын пайдалы әрі сұранысқа ие механизм деп атады.
"Жеке тұлғалардың банкроттығы институтының пайда болуы Қазақстанның қаржы жүйесі үшін қажетті қадам болды деп есептеймін. Ол объективті түрде төлем қабілетсіздігі жағдайына тап болған адамға қарыз жүктемесінен шығудың заңды тетігін береді", – дейді Тілеуленова.
Ол статистиканы келтіреді: 2026 жылғы 17 тамыздағы жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа 22 343 өтініш берілген, оның 16 702-сіне бас тартылған, ал 3 786 адам банкрот деп танылған. Оның пікірінше, бұл деректер механизмге сұраныс бар екенін көрсетеді, алайда сонымен қатар өтініштердің айтарлықтай бөлігі белгіленген талаптарға сай келмейді.
Егер кеңірек статистикаға жүгінсек, Ұлттық банк мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан банктерінің балансында халыққа берілген, 90 күннен аса мерзімі өткен берешегі бар кредиттер көлемі 1,1 триллион теңге болған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 966,9 миллиард теңге болған (16 пайызға өскен). Бұл ретте "жалақыға дейінгі қарыздарды" белсенді түрде беретін МҚҰ-ларды есепке алмағанда, олардың статистикасы ашық қолжетімді жерде жарияланбайды.
2023 жылғы наурызда, Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енген кезде, мерзімі өткен кредиттер көлемі үш есе аз – 370,7 миллиард теңге болған. Сол кездің өзінде экономистер жаңа рәсімнің қажет екенін айтқан. Алайда сол уақытта оның ықтимал қиындықтары мен жасырын тұстары туралы да ескерткен.
Саида Тілеуленова да банкроттықты кез келген қарызды есептен шығарудың әмбебап құралы ретінде қабылдамауға кеңес береді.
"Рәсімді таңдауды мен "Қайсысы оңай?" деген сұрақтан емес, "Адамның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі бар ма?" деген сұрақтан бастар едім. Егер табыс сақталса және қарызды төлем кестесін өзгерту арқылы өтеу мүмкін болса, банкроттық ең ұтымды шешім болмауы мүмкін", – дейді Тілеуленова.
Ол көптеген қазақстандық үшін банкроттық "қаржылық тұрғыдан соңғы инстанция құралына" айналуы мүмкін екенін айтты..
Банкроттыққа жүгінуге бәрібір шешім қабылдағандарға сарапшы жағдайды мұқият саралап, өз жағдайын бағалауға кеңес береді:
"Адам төлемдер бойынша қиындықтар туындаған кезде қайта құрылымдау мен кеңес алу үшін неғұрлым ертерек жүгінсе, мәселені оның созылмалы төлем қабілетсіздігіне ұласып кетуіне дейін шешу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады".
Қорытындылай келе, Тілеуленова одан әрі даму банкроттық санының өсуі бағытында емес, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында жүруі керек екенін айтты.
Авторы: Алексей Афонский
Аударған: Дина Шәріпхан
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Зейнетақыға қалай ақша жинап, қартайғанда лайықты өмір сүруге болады?
Валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелер өседі: Қазақстандағы салымшыларды не күтеді?
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу