Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы 2025 жылғы банк секторының қорытындысын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Шолуға сәйкес, қатаң ақша-несие саясаты, реттеуші талаптардың күшеюі және салық жүктемесінің артуы банк секторындағы белсенділіктің баяулауына алып келді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жаңа несиелер беру өсімі 13,4%-ды құрады (2024 жылы — 20,1%). Әсіресе бөлшек сауда сегменті айтарлықтай баяулады: өсім 21,9%-дан 8,7%-ға дейін төмендеді. Бұған халық сұранысының азаюы, жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен қатаң скоринг әсер еткен.
Корпоративтік секторда өсім салыстырмалы түрде тұрақты сақталып, 17,8% болды. Бұл ірі инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік жеңілдікті бағдарламалардың қолдауының нәтижесі.
Банктер ресурстарының қымбаттауы пайыздық спрэдтің тарылуына әкелді: көрсеткіш 4,86%-дан 4,62%-ға дейін төмендеді. Соған қарамастан, қарыз алушыларды қатаң іріктеу нәтижесінде проблемалық несиелер деңгейі төмен күйде сақталды — 3,6%.
Сектордың таза пайдасының өсімі баяулағанымен, банктердің бюджетке төлеген салығы 51%-ға артып, 682 миллиард теңгеге жетті. Ал S&P агенттігі Қазақстан банк жүйесіндегі тәуекел бағасын «тұрақтыдан» «позитивтіге» өзгертті.
Сарапшылардың пікірінше, қатаң монетарлық саясат сақталса, алдағы кезеңде несиелеу белсенділігі төмен деңгейде қалып, банктер тәуекелдерді барынша сақтықпен басқаруға басымдық береді.