Банктердің бизнесті кредиттеуін одан әрі кеңейту бағытындағы жұмыс жалғасады Ұлттық банк

27.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

— Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, экономиканың нақты секторын, соның ішінде шағын және орта бизнесті кредиттеуді кеңейту бағытында жұмыс істеуді жалғастырып келеді. Осы бағытта бұған дейін де бірқатар фискалдық шаралар қабылданған болатын. Атап айтқанда, банктердің табысына салынатын корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемелері енгізілді. 2026 жылдан бастап бизнесті кредиттеуден түсетін табысқа 20% мөлшерлеме, ал өзге қызмет түрлерінен түсетін табысқа 25% мөлшерлеме қолданылады. Сонымен қатар банктердің мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табысына салық салу тетігі енгізілді. Бұл — кредит және инвестиция қызметі арасындағы салық теңсіздігін жоюға бағытталған қадам, — деп атап өтеді қаржы реттеушісі.


Ұлттық банк мәліметінше, бұдан бөлек, банктердің шағын және орта бизнес жобаларына кредит бергенде, сондай-ақ ірі жобаларды синдикатталған қаржыландыруға қатысқанда капиталға түсетін жүктемені азайтуға жол ашатын жаңа реттеу шаралары қабылданды.

— 2025 жылы Үкімет екі кепілдік қорын құрды. Бұл банктерге кепілзат ұсына алмайтын қарыз алушыларға да кредит беруге мүмкіндік береді. Жалпы, қабылданған шаралар банктерді экономиканың нақты секторын қаржыландыруға белсенді тартуды және олардың капиталын тиімді пайдалануға жағдай жасауды көздейді. Сонымен бірге Ұлттық банк Үкіметпен және агенттікпен бірлесіп, банк кредиттеуін одан әрі кеңейту бағытындағы жұмысын жалғастыра береді, — деді еліміздің орталық банкі.

Осы жылдың ақпанында өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью