Банктердің бос қаражаты бизнеске керек

05.11.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Бұл мәселелер «Әділет» партиясы жанындағы Іскерлік кеңестің Қаржы және сақтандыру жөніндегі алғашқы салалық кеңес отырысында талқыланды. Жиынға Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың, банктердің, даму институттарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Талқылауға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген міндеттері негіз болды. Мемлекет басшысы бизнеске несие беру көлемін ұлғайтып, банктердің экономикадағы рөлін күшейтуді тапсырған болатын. 

– Банктер бизнестің инвестициялық жобаларын қаржыландыруға барынша белсенді қатысуы керек. Бұл – олардың негізгі миссиясы, – деген еді Президент.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев кеңес нақты шешімдер әзірлейтін алаңға айналуға тиіс екенін айтты.

– Біздің ортақ міндетіміз – банктердің қаржы ресурстарын зауыттар салуға, инфра­құрылымды жаңғыртуға, отандық кәсіпкер­лікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған ұзақмерзімді инвестиция­ларға айналдыру. Кеңес ұсынған барлық сын­дарлы әрі жан-жақты есептелген баста­ма­лар партия тарапынан қолдау тауып, заң­н­а­­ма­лық деңгейде мақұлданады, – деді ол.

Қаржы секторы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова қазақстандық банктерде бос қаражат жеткілікті екенін атап өтті. Ен­ді­гі міндет – корпоративтік несие беруді банктер үшін тиімді, ал кәсіпорындар үшін қолжетімді ететін тетіктерді әзірлеу.

– Қазақстанның банк жүйесі тұрақты әрі банктерде пайдалануға болатын қаражат жеткілікті. Енді ұзақ мерзімге несие беруді тәуекел тұрғысынан банктер үшін тартымды, ал нақты сектор кәсіпорындары үшін қол­жетімді ететін тетіктерді әзірлеуіміз қажет, – деп түсіндірді ол.

Мұндай жұмыстың нақты мысалдары да бар. «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Анна Лукина қазір жалпы құны 18,5 трлн теңгеге жуық 25 жоба пысықталып жатқанын хабарлады. Олардың қатарында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасының құрылысы және Көкшетаудағы көпбейінді аурухана жобасы бар. Бұл жобаларды қаржы­ландырудың 41 пайызы коммерция­лық банк­тер мен халықаралық институттар­дың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Экономист Асқар Қисықов мемлекеттік қолдау жеке капиталды алмастырмай, оны­мен қатар жұмыс істеу керегін айтты.

– Мемлекеттік қаражат жеке капиталды ығыстырмай, керісінше, онымен бірлесе жұмыс істеуі маңызды. Мұның бір тетігі – синдикатталған несие беру. Ол мемлекет, банктер мен инвесторлардың ресурстарын біріктіріп, ірі жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді, – деді сарапшы. 

Оның айтуынша, инфляцияның төмен­деуіне қарай нарықтық кредиттер де бизнес үшін қолжетімді бола түседі.

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Даму» қоры 85 қызмет түрін қамтитын «Өрлеу» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Қор төрағасы Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, кәсіпкерлер 10 жылға дейінгі мерзімге жылдық 12,6 пайызбен 7 млрд теңгеге дейін несие ала алады. Бұл ретте қар­­жының 60 пайызы серіктес банктер арқы­лы беріледі. Орта бизнеске несие беру­ді жандандыру үшін Сәрсекеев депутаттарды 2027 жылға қосымша 171 млрд теңге бөлу бастамасын қолдауға шақырды.

Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев кәсіпорын­дардың ұзақмерзімді кредит алуға не себепті құлықсыз екенін түсіндірді. Оның айтуынша, негізгі себептер – қаржы құны жоғары және рәсімдеу талаптары күрделі. Соның салдары­нан кәсіпкерлер көбіне бір жылға дейінгі қысқамерзімді қарыздарды таңдауға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін қарыз алушылардың төлем қабілетін жасанды интеллект көмегімен жедел бағалау жүйесін енгізу және лизингті дамыту ұсынылды. Мұндай тетіктер кәсіп­орындарға техникасы мен өндірістік қуаттарын жаңартуды жеңілдетеді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысу­шылар ұзақмерзімді және синдикатталған несиелендіруді кеңейту, лизингті дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін қаржының қолжетімділігін арттыру бағыт­тарын негізгі басымдық ретінде белгіледі. Бұл бастамалар Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Үкіметпен бірлесіп, жан-жақты пысық­­талады. Әсіресе заңнамалық өзгеріс­терді қажет ететін ұсыныстарға басымдық беріледі.

Айта кетейік, салалық кеңестің жұмысы «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған. Бағдарламаның төртінші мақсаты – «Орта бизнес – орта тап». Оның аясында ел экономикасындағы орта кәсіпорындардың үлесін 20 пайызға дейін арттыру міндеті қойылған.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью