Банктің байығаны емес, берекесі керек

19.03.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Тарихта тұңғыш рет «триллионер банктер» пай­да болды. Сырт көзге мәртебе, салалық есепке үлкен олжа көрінгенімен, осы салтанатты бетбұрыстардың көлеңкесінде көңілге кірбің ұялатар бір үрдіс қылаң бер­ді. Бизнес пен бұқара банктегі барын кері алып, қара­жа­тын басқа арналарға бұра бастады. Бұл өзге сек­тор­лар­дың серпіні ме, әлде сенімнің селкеу тартқаны ма? Банк саласының бүгінгі ахуалы қандай?

Сан жағынан сап түзеп арт­па­са да, Қазақстанның банк жүйесі кейін­гі жылдары кө­лем жағынан ай­тарлықтай то­лыс­ты. 2025 жыл­дың қорытындысы бойын­ша екінші деңгейлі банк­тер­дің жиынтық активтері 70,8 трлн тең­геге жетіп, бір жыл ішінде 9,2 трлн теңгеге немесе 15%-ға байы­ды. Ұзақмерзімді динамикада, соң­ғы 5 жылда банк активтерінің кө­лемі 2 есеге, 10 жыл ішінде 3 есе­ге артқан. Сандардың салтанаты көз қуантады, алайда бұл өсімнің әсері экономикалық қуатқа ма, әл­де инфляциялық екпінге ме, ол ен­ді басқа әңгіме. 

Мұның сыртында бұл өсім бар­лық банкке бірдей тән емес. Сек­тор ішіндегі жағдай біркелкі емесін ста­тистиканың жай-жапсары паш етті. Қазақстандағы 23 банктің 15-і 2025 жылды елеулі өсіммен аяқтап, мерейі үстем болса, тағы төртеуі мар­дымсыз ғана нәтижені місе тұт­ты. Екі банк кері кетті: қатарын­да нарықтағы ірі ойыншы бар. Ұлт­тық банктің дерегінше, «Еура­зия­лық банк» жылдық өсім бойын­ша теріс мән көрсетті: -3,7%. Бұдан бө­лек, тағы екі қаржы институты – нарыққа жаңадан қосылған жаңа банктер әзірге толыққанды қарқын ала қойған жоқ.

Активтерді өсіруден алдына қара салмаған сөзсіз көшбасшы-чем­пион – елдегі ең ірі қаржы инс­­­­титуты Halyk Bank. Бір жылда 2,3 трлн теңгені қоржынына ба­сып, активін 20,3 триллионға жет­кізген алпауыт бүкіл банк жүйе­сі­нің 29%-ын немесе ондағы әрбір үшін­ші теңгені өз балансында ұс­тап отыр. Тек 2026 жылдың қаң­та­рын­да активін тағы 22 млрд теңгеге арт­тырды. Оның несие портфелі 13,2 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 1,5 трил­лионға көбейді. Дәулеттің үш­тен бірінің бір қолға шоғыр­лануы тұрақтылықтың кепілі ме, әл­де бәсекелестіктің тұсалуы ма? 

Активтерінің өсімі бойынша «кү­міс жүлдеге», екінші орынға – Центр­Кредит банкі ілікті: актив­тері 1,5 трлн теңгеге өсіп, 8,6 трлн тең­гені құрады. Нарықтағы үлесі 12,1%-ға жеткен бұл банк актив көлемі бойынша әзірге үшінші орында. Бірақ қазіргі қарқынын жо­ғалтып алмай, ұзақ сақтаса, бұл көр­сеткіш бойынша да «күміске» шы­ғуы әбден мүмкін. Оның бизнес пен бұқараға таратқан несие порт­фелі 4,7 трлн теңгеге дейін ұл­ғайып, бір жыл ішінде 720 млрд тең­геден астам өсім көрсетті.

Банктер бәйгесінде «қола» жүл­деге Kaspi Bank ие бо­лып, үштікті тұйықтады. Бұл қар­жы институтының активтері бір жыл­да 1,3 трлн теңгеге өсіп, 9,5 трлн теңгеге жетті. Соның нәти­же­сінде, банк актив көлемі бойынша екін­ші орынға нық орналасты жә­не нарықтың 13,4%-ын иеленіп отыр. Оның үлестірген несие порт­фелі де айтарлықтай ұлғайып, бір жыл­да 2 трлн теңгеге өсіп, 8,1 трлн тең­геге жетті.

Төртінші орынға ForteBank та­бан тірей алды: жылдық табысы бойынша триллион деп ауыз тол­тыра сөйлей алатын банктердің «төрт­тігіне» кірді. Оның активтері бір жыл ішінде 1,1 трлн теңгеге өсіп, 5,2 трлн теңгеге жетті. Қарыз порт­фелі де қарқынды өсіп, 3 трил­лионға дейін ұлғайды. Жалпы, дәл осы төрт банк қана жыл ішінде ак­тивтерін 1 трлн теңгеден асыра ал­ды. Өзгелерінің жылдық табысы трил­лиондық межеден бірнеше есе тө­мен. Бірақ активтерінің жалпы кө­лемі бойынша Қазақстанда енді 12 банк «триллионер» болып есеп­теледі. 

Алайда жаңа 2026 жыл банк сек­торында күтпеген үрдістен басталды: соңғы бес жылда алғаш рет банктердің пайдасы төмендеді. Қаңтар айының қорытындысы бойынша банктердің жиынтық та­за пайдасы 13%-ға құлдырап, 198,5 млрд теңгені құрады. 2020 жыл­дан бері алғаш рет төмендеу тір­келіп отыр: сонда пайдасы 32%-ға кеміген еді. 

Мемлекет көмегінің жаңа шарты

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген AQR (Asset Quality Review) бағалауы ая­сында бүкіл сектор активтерінің 86%-ын қамтитын ең ірі 11 банктің ахуалы талданды. Қоры­тын­ды­сын­да банк жүйесінің біршама тұрақты екені расталыпты. Капитал жет­кі­лік­тілігі 17,7%-ды құрап, белгі­лен­ген ең төменгі талаптардан едәуір жо­ғары болды. Бұл банктердің тәуе­­­кел мен шығындарын өтеуге қау­қарлы екенін көрсетеді.

Әйткенмен, жаһандық дағ­да­рыс­тың лебінен сескенген, эко­но­микадағы тұрақсыздықты ескерген реттеуші сақтық шараларын кү­шей­ту үстінде. Биыл түпкілікті кү­шіне енетін «Банктер және банк қыз­меті туралы» жаңа заң – ау­қым­ды реформаның басы. Қар­жы­гер Ерлан Әлиевтің айтуынша, енді мем­лекеттің банктерге «тегін бере­тін» ақшасы жоқ. Банк иелері үшін мемлекеттік көмек жай таратылар тарту емес, ауыр жауапкершілік пен акционерлік құрамның өз­ге­руі­не әкелетін қауіпті қадам бол­мақ.

                                                                      коллаж: Елдар ҚАБА

Жаңа модель бойынша мем­ле­кет банктерге ерекше қажеттілік бол­ғанда ғана және тек жүйе құрау­шы банктерге көмектесетін бола­ды: салада жаппай дағдарыс туын­да­ғанда Ұлттық банк оның ка­пи­та­лына тікелей кіріп, қаржы құяды. Мұн­дай қолдау біріншіден, уақыт­ша әрі қайтарымды сипатта бола­ды, ақша ең төменгі қажетті көлем­де беріледі.

«Екіншіден, мемлекеттің ара­ласуы ол банктің акционерлік құ­ра­мын толық өзгертуге және бас­қару құрамын ауыстыруға ұласады. Үшіншіден, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салынады. Төртіншіден, шетелге мол қаржы ау­дару, сыбайлас компанияларға ұлан-ғайыр қарыз беру және басқа тәуекелді операциялар шектеліп, бұрынғы басшыларының шешім­де­рінің күші жойылады. Бесінші­ден, қаржылық сауықтыру жо­с­пары міндетті түрде іске асыры­ла­ды. Ендеше банктердің қожайын­дары үшін мемлекеттік көмекке жүгіну экономикалық тұрғыдан тиім­сіз болмақ», – деді сарапшы. 

Биометрия – заман айнасы

Реформа мұнымен шектел­мей­ді. Ұлттық банк те тө­лем­дер мен ақша аударымдары са­­­ласына қатысты жаңа ережелерді әзірлеп жатыр. Өзгерістер банк­тер­дің барлық клиентіне тікелей әсер етпек. Әңгіме «Ұлттық банк бас­қар­масының кейбір қаулыларына тө­лемдер мен ақша аударымдары мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Ұлт­тық банк басқармасының қау­лы­сы жайында. Ресми түрде бұл – нор­мативтік актілерді жаңарту бол­са, іс жүзінде қаржы жүйесін не­ғұр­лым ашық, технологиялы әрі қауіпсіз етуге бағытталған қадам.

Өзгерістердің қажеттілігін ҰБ қар­жы нарығының заңнамадан әл­деқайда жылдам дамып келе жат­қанымен түсіндірді. Соңғы жыл­дары банк қызметі, қаржы на­ры­ғын реттеу, байланыс және банкрот­тық рәсімдеріне қатысты заң­дар жаңартылды. Бұл өз кезегін­де заңға тәуелді актілердің базасын қайта қарауды, төлем жүйелерін тү­зетуді талап етті.

Цифрландырудың игілігі мен қаупі егіз. Макрореттеуші жаңа жо­бада ерекше назар биометрия­лық сәйкестендіруге аударылғанын жет­кізді. Қазір шоттардың басым бө­лігі қашықтан ашылады, құжат­тар­дың тіпті көшірмесі де талап етіл­мейді. «Смартфоннан төл иесі жү­гініп отырған шығар» деген со­қыр сенімге сүйенеді. Елде циф­р­лан­дыру мен ЖИ енгізу үлкен қар­қынмен жүріп жатыр. Сон­дық­тан клиенттің жеке басын растап, сәй­кестендірудің түрлі проблемасы өзек­ті бола түсті. 

Өзгерістер банктің биомет­рия­лық деректер арқылы ау­тентификациялау тәртібін нақ­ты­лайды. Бұл, Ұлттық банк маман­дары­ның түсіндіруінше, алаяқтар­дан төнетін қауіп-қатерді азайтуға, дербес деректерді қорғауға, барлық банк үшін бірыңғай стандарт қа­лыптастыруға мүмкіндік береді. Со­нымен бірге биометриядан бас тарт­қан азаматтар үшін дәстүрлі, оф­лайн қызмет көрсету мүмкіндігі сақ­талады.

Иманды қаржының өрісі кеңейеді

Тағы бір маңызды бағыт – ис­ламдық банкинг. Жаңа өз­­­­­герістер исламдық банк опера­ция­ларын бөлек есепке алуға мін­деттейді. Бұл – техникалық тұр­ғы­дан күрделі болғанымен, стра­те­гия­лық маңызды қадам. Исламдық қаржы өнімдері классикалық бан­­­­­­кингтен өзгеше қағидаттарға не­гізделеді, тиісінше, бөлек есеп жүр­­гізуді талап етеді. Осы талап­тар­ды нормативтік актілер дең­гейін­­де бекіту исламдық қаржының ашықтығын арттырып, банктер үшін реттеушілік тәуекелдерді тө­мендетеді, сондай-ақ клиенттер мен инвесторлар үшін түсінікті әрі айқын ережелер қалыптастырады. 

– Исламдық қаржыландыруды да­мытуға жағдай жасау мақсатында жаңа заңмен дәстүрлі банктерге де «исламдық терезелер» форматында исламдық банктік операцияларды ұсыну құқығы беріледі. Банкирлер, инвесторлар жеке ислам банкін құр­май-ақ, соның қызметін көр­се­тетін арнайы бөлімшелер ашуға мүм­­кіндік алады. Алайда басты та­лап – исламдық қызметті банктің өзге операцияларынан ұйым­дас­тырушылық және есептік тұрғыда толық оқшаулау, – деді сенатор Сер­гей Карплюк. Бұған дейін мұн­дай қызметті жүзеге асыру үшін мін­детті түрде бөлек ислам банкін құру қажет болатын.

Жалпы алғанда, бұл өзгерістер Қазақстандағы исламдық қаржы жүйесін институционалдық тұрғы­дан нығайта түседі. Банктер үшін ережелер енді айқынырақ болады, ал клиенттер үшін қызметтер қауіп­­­­сіз, ыңғайлы әрі шариғат қа­ғи­­даттарына сай болуға тиіс. Қар­жы саласындағы «халал» стандарт­тар­дың енуі – иманды, этикалық инв­естицияға сусап отырған жұрт­шы­лық үшін жағымды жаңалық.

Елдос СЕНБАЙ

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью