Бақытгүл Хаменова жазасын түрмеде емес, үйде өтейтін болды

17.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, пробация қызметі сотқа жазаны бас бостандығын шектеу түріне ауыстыру туралы ұсыныспен жүгінді. Ұсыныста жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаны, осы кезеңде Хаменованың оң мінездеме алғаны, қоғамдық тәртіпті бұзбағаны, әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны, сондай-ақ бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындағаны көрсетілген.

Сот барлық мән-жайды ескере отырып, ҚР ҚК-нің 74-бабы 3-бөлігіне сәйкес пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырды. Нақтырақ айтқанда, тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін 7 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырып, пробациялық бақылау белгіленді.

2022 жылдың 15 қарашасында Атырау қалалық № 2 сотының үкімімен Бақытгүл Хаменова Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі негізінде, яғни балаларының болуына байланысты жазасын өтеу үш жылға кейінге қалдырылды.

Бақытгүл Хаменова 2023 жылғы 10 наурыздан бері Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде тұр.

Жаза өтеу мерзімі 2026 жылғы 10 наурызда аяқталды

Іс материалдарына сәйкес, пара көлемі 4,5 млн теңге. Қаражат Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнату жобасына қатысты алынған. Бұл іске қатысы бар сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев 7 жылға, ал ескерткішті жасап, оны орнатуға жауапты мердігер компанияның басшысы Өміртай Адамов 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

2023 жылдың ақпанында қылмыстық іс Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасында қайта қаралып, басқарма жетекшісі мен серіктестік директорының жазасы жеңілдетілді. Ал аймақ басшысының орынбасары болған Бақытгүл Хаменоваға тағайындалған жаза өзгеріссіз қалған еді

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның салтанатты шараға қатысқан видеосы тараған еді. Бас прокуратура бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, пробация қызметінің рұқсаты болғанын және заң бұзушылық тіркелмегенін хабарлаған.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью