Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Экс-депутат сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхатқа байланысты жол апатының мән-жайын егжей-тегжейлі түсіндіре алмайтынын мәлімдеді.
"Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына байланысты айтылып жатқан көптеген болжам мен бұрмаланған пікірге жауап бере алмаймын әрі көп нәрсені жаза алмаймын. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жұбайым екеуміз тергеу деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік. Тергеу жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуін күтіп отырмыз", – деп жазды Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында.
Ол тергеу органдары болған оқиғаның барлық мән-жайына заңға сәйкес объективті әрі әділ баға беретініне сенім білдірді.
"Қазір мен үшін ең бастысы – зардап шеккен азаматтың туған-туыстары мен жақындарының жанынан табылып, оларға қажетті көмек көрсету. Бірнеше тәулік бойы көз ілмей, оның туыстарымен бірге сауығып кетуін тілеп отырмыз", – деді Бақытжан Базарбек.
Сонымен қатар ол аудандық аурухананың барлық дәрігеріне, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына шұғыл медициналық көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
"Әлеуметтік желілерде түрлі нұсқа мен пікір көптеп таралып жатыр. Асығыс қорытынды жасамай, тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижесіне сенуге шақырамын. Осындай қиын күндері біз үшін алаңдап, қолдау көрсетіп, көмектесіп жатқан баршаңызға рақмет", – деп қорытындылады ол.
Жол апаты өткен сенбіде, 15 тамызда Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota көлігі жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Әлеуметтік желілерде көлік тізгінінде Бақытжан Базарбек болуы мүмкін екені жазылды.
1989 жылы туған зардап шегуші анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апаты болғанын растады.
"Тұрар Рысқұлов ауданында болған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, Toyota маркалы автокөліктің жүргізушісі, Б. есімді азамат жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол апаты салдарынан зардап шегуші орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – делінген полиция хабарламасында.
Zakon.kz редакциясы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне де ресми түсініктеме алу үшін сауал жолдады.
Бұған дейін, 2026 жылғы 15 тамызда Астана – Щучинск тасжолында автокөлік аударылып, жол апаты болғаны хабарланған еді.