Бар игілік балаларға

02.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Үш ауысымды мектептер азайып, балабақша кезегі қысқарды

Осы бағыттағы негізгі құжаттың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы негізінде әзірленіп, Үкімет бекіткен 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы. Құжатта балалардың өмір сапасын жақ­сартуға бағытталған 158 іс-шара қам­­тыл­ған. Оларды жүзеге асыруға 1,3 тр­­лн теңге қарастырылған. Жос­пар­­ланған жұмыс білім, денсаулық, әлеу­­меттік қолдау мен балалардың қауіп­­сіз­дігін қамтамасыз ету бағыттарын қамтиды.

Білім саласындағы басты міндеттің бірі – қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен кейінгі бес жылда елімізде 1 200-ден аса мектеп салынды. Соның нәтижесінде 1 млн-нан аса жаңа оқушы орны ашылып, үш ауысымды мектептер саны төрт есеге қысқарды. Биыл тағы 53 мың орындық 96 мектеп пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар қолданыстағы білім нысан­дарын жаңғырту жалғасып жатыр. Алдағы үш жылда 1 300 мектеп жаңар­тылмақ. Оның 820-сы ауылдық жер­де орналасқан. Былтырдың өзінде 215 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Жаңғырту барысында пәндік кабинеттер, асханалар, спорт залдары мен қауіпсіздік жүйелері жаңартылып жатыр.

Балабақшадағы орын тапшылығын азайту мақсатында ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Жоба қазір 20 қала мен 23 ауданда жүзеге асырылып жатыр. Оған 6 мыңға жуық ұйым қатысып, 936 мыңнан аса ваучер берілген. Нәтижесінде, балабақша кезегінде тұрған балалар саны 160 мыңнан 18 мыңға дейін азайды. Кейінгі үш жылда мектепке дейінгі ұйымдарда 223 мың жаңа орын ашылды. Ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 76,5 мың орын құру жоспарланған. Қазір бұл салада 104 мыңнан аса маман еңбек етеді.

Медициналық қолдау – күн тәртібінде

Балалардың денсаулығын қорғау – мемлекеттік саясаттың баса назар аударатын тұсы. Кейінгі жылдары осы салада аурулардың алдын алуға, оларды ерте анықтауға, меди­циналық көмектің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлі­ніп келеді. Осы мақсаттағы жұмыстарды қаржыландыру көлемі де айтарлықтай өскен. Егер бес жыл бұрын ана мен бала денсаулығын қорғауға 264 млрд теңге бөлінсе, бүгінде бұл көрсеткіш 585 млрд теңгеге жетті. Бұл денсаулық сақтау саласына бөлінетін жалпы қаржының төрттен бір бөлігін құрайды. Балаларға медициналық көмек ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі. Кейінгі жылдары елімізде фетальды хирургия, яғни нәрестеге ана құрсағында операция жасау тәжірибесі енгізілді. Сонымен қатар 4 мыңға жуық медбике жұмыс істейтін патронаж қызметі дамытылды. Нәтижесінде, тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда нәресте өлімі 7,5 есе, ал ана өлімі 6 есе төмендеді.

2025 жылдан бастап мектептерде оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай әзірлен­ген жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Сонымен қатар балалар мен ата-аналар жастар денсаулығы орталықтары мен психикалық денсаулық орталықтарынан кеңес алып, қажетті көмекке жүгіне алады. Қауіпсіздік жүйесінің маңызды бөлігі ретінде төтенше жағдайларда тәулік бойы жұмыс істейтін 112 бірыңғай байланыс нөмірі қызмет көрсетеді.

Балалардың денсаулығына кері әсер ететін өнімдерге қатысты да бақылау күшейтіл­ді. Электронды темекі мен вейптердің айналымына заң жүзінде тыйым салынды. Сондай-ақ 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындар сатуға шектеу енгізілді.

Отбасыларға көмек арта түсті

Балалардың сапалы білім алып, дені сау болып өсуіне жағдай жасау ғана емес, оларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау да мемлекет саясаты да маңызды. Сондықтан елімізде бала дүниеге келген сәттен бастап кәмелет жасына толғанға дейін әлеуметтік қолдаудың тұтас жүйесі қалыптастырылған. 2026 жылы балалары бар отбасыларға төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге 974 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,1 пайызға көп. Қаражат бала туған кезде берілетін біржол­ғы жәрдемақыларға, бала күтімі­не арналған төлемдерге, көпба­лалы отбасыларды қолдауға, мүге­дектігі бар балаларды тәрбиелеп отырғандарға бағытталады.

Әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын индексте­леді. Мәселен, 2026 жылы төртін­ші және одан кейінгі бала дүниеге келген жағдайда төле­не­тін біржолғы жәрдемақы көлемі 272 мың теңгеден асты. Сонымен қатар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерін қоса алғанда, көпбалалы аналарды қолдауға арналған жеке шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жүйесінде де маңыз­ды өзгерістер бар. Бұл бағытта балаларды мүмкіндігінше отбасы­лық ортада тәрбиелеуге басым­дық беріліп келеді. Соның бірі – кәсіби қабылдаушы отбасы институтының енгізілуі. Бұл жүйе өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды уақытша отбасына орналастыруға мүмкіндік береді. Қабылдаушы ата-ана болуға ниет білдірген азаматтар қатаң іріктеуден өтіп, психология­лық дайындықтан және арнайы оқытудан өтеді.

Жетім балаларды баспанамен қамту үшін жеңілдетілген ипотека, жалдау ақысын субсидиялау және «Мейірім» республикалық акциясы аясындағы атаулы қол­дау шаралары да қарастырыл­ған. Жалпы, әлеуметтік қолдау көлемінің артуы отбасылардың әл-ауқатын нығайтуға, ата-ананың жүктемесін жеңілдетуге және балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне жағдай жасауға бағытталған.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью