Бәрі бірдей үдеден шыға алмады Президент үкіметте жұмыс істеген жас министрлер туралы пікір білдірді

23.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Бүгін, 23 тамызда Қазақстанда еліміздің жаңа бір палаталы Парламенті - Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беріп, кейін БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Jibek joly" телеарнасының тілшісі Дилназ Ерланова да сауал қойды.

"Сіз Мемлекет басшысы ретінде жастарға сенім артып, оларға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Құрылтай депутаттығына үміткерлер арасында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар бар. Сіздің ойыңызша, олар Құрылтай жұмысына серпін бере ала ма?", - деді ол.

Президент мұны уақыт көрсететінін айтты.

"Оны көре жатармыз. Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соған қарамастан Мемлекет басшысы жастарға мүмкіндік беріп қана қоймай, оларға нақты жауапкершілік жүктеу қажет деп санайды.

"Дегенмен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керек. Онсыз болмайды. Қазақстан - демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс", - деді Президент.

Тоқаев бұған дейін жоғары мемлекеттік қызметке келген кейбір жастардың сенімді ақтай алмағанын да жасырмады.

"Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан жаңа Парламентті сайлап жатыр

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Құрамы мынадай:

"Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат; "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат; "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат; "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат; Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат; Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат; Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью