Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйлеп, төраға лауазымына Ерлан Қошановты ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым екенін атап өтті. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санайтынын айтты. Мемлекет басшысы осының бәрін ескере отырып, Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынған.
"Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент консультативтік мекемеге кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын айтты.
"Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге ертең алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталады.
Еске салайық, Президент Халық кеңесінің төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Кейін Қошанов Халық кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Халық кеңесінің төрағасы немен айналысады?Төраға кеңес жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның сессияларын шақырады, күн тәртібін қалыптастырады, сессия мен төралқа отырыстарына төрағалық етеді, регламентті бекітеді және Халық кеңесінің атынан сөйлейді.
Сондай-ақ ол кеңес мүшелерінің арасынан өз орынбасарларын тағайындайды. Олар ротация принципі бойынша екі жыл қызмет етеді.
Халық кеңесі дегеніміз не?Қазақстан Халық кеңесі - Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік-кеңесші орган. Оның міндеті - мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысуын қамтамасыз ету.
Кеңес құрамына 126 адам кірді:
этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі; қоғамдық бірлестіктер мен басқа да коммерциялық емес ұйымдардың 42 өкілі; Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің 42 өкілі.Халық кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды. Олар қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Халық кеңесінің құзіреті:
ішкі саясат бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу; Құрылтайға заң жобаларын енгізу; жалпыхалықтық референдум өткізуге бастамашылық жасау; қоғамдық талқылаулар мен тыңдаулар өткізу; қоғамдық бақылауға қатысу; Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру.Халық кеңесінің жоғары басқарушы органы сессия болып саналады. Сессиялар аралығында басшылықты кеңестің төралқасы жүзеге асырады. Ұйымдастырушылық және талдау жұмыстарын мемлекеттік орган мәртебесіне ие хатшылық қамтамасыз етеді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің құрамын бекіткен болатын.
Бұрынғы министрлер мен Олимпиада чемпиондары: Қазақстан Халық кеңесінің құрамы туралы не белгілі?
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу